Accessibility links

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесі бойынша Мәскеу мен АҚШ келісуге тақады


Мәскеу мен Вашингтондағы шенеунектер Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне жол ашатын маңызды келісімге келетіндерін мәлімдеді. Бұл келісімге осы аптада Вьетнамда өтетін жоғарғы деңгейдегі экономикалық саммиттің барысында қол қою жоспарланып отыр. Алайда Ресейдің Дүниежүзілік сауда клубына кіруі үшін таяуда сайланған АҚШ Конгресі мен Грузия және Молдова жағынан шамалы қарсылық болуы да мүмкін. Халықаралық сауда клубына кіруі үшін Ресей соңғы 2 елдің “батасын” алуға тиіс.

Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға деген ұмтылысы, ақыр аяғында, өз нәтижесін беретін тәрізді – 13 жылға созылған қызу келіссөздер соңына тақап қалды. 10-ыншы қараша күні ресми Мәскеу мен Вашингтон құрамында 150 мүшесі бар Дүниежүзілік сауда ұйымына Ресейдің мүше болып кіруіне, негізінен, келіскендерін мәлімдеді. Қарашаның 18-19-ы күндері Вьетнамның астанасы – Ханойда өтуге тиіс Азия-Тынық мұхиты аймағының экономикалық ынтымақтастығы (APEC) саммитінің сыртындағы өзара кездесуі барысында президенттер Дж.Буш пен В.Путин мен осындай құжатқа ресми түрде қол қоюға тиіс.

Бұл құжат Ресейдің Халықаралық сауда клубына мүше болуының жолында тұрған ең үлкен бөгетті жояды. В.Путин Ресейдің сауда ұйымына мүше болуын президент лауазымында отырған мезгілінің басты мақсаты етіп қойған еді. Вашингтондағы Като Институтының сауда саясатын зерттеу орталығының директоры Дэниел Грисуолдтың (Daniel Griswold) айтуынша, ендігі жерде Ресейдің мүше болуына жол ашылады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болмай келген әлемдегі ең ірі экономикалық мемлекет – Ресеймен келісімге келуін Американың іскер қауымы ықыласпен қабылдады. Дэниел Грисуолдтың атап көрсетуінше, сауда клубына Ресейдің мүше болып кіруі Мәскеумен арадағы сауда қатынасын әлдеқайда қауіпсіздендіріп, сауда маңайындағы саясатты азайтады.

Д.ГРИСУОЛД: “Менің ойымша, Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы біздің сауда байланысымызды едәуір тұрақтандырады. Құқық ережелері күшінде болады. Ол, мысалға, АҚШ-ты орыс болатының тым зор үлесінен немесе тағы басқадан құтқарады. Ол, сондай-ақ, Ресей үкіметінің Америкадан келетін құс етінің импортына ашу-ызамен тыйым салуына немесе дипломатиялық теке-тіреске бөгет болады және Ресейдің нарық кеңістігін аша түседі. Олар, әрине, совет дәуірінен бері қарай жетуге тиісті көп нәрсеге жете алмаса да, біраз жетістікке қол жеткізді және олардың Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы Ресей үкіметінің, қытайлықтар сияқты, экономиканы әлдеқайда ашық ету міндеттемесін орындауы болып табылады”.

Сауда клубына қабылданған 2001-іні жылдан кейінгі Қытай сияқты, сауда ұйымына мүше болып кіруі Ресей экономикасын да 1 трлн. долларға дейін ынталандыруы ықтимал. Бұл Батыстың нарық кеңістігіне қарай Ресейдің жолын кең ашар еді және банк және телекоммуникация жүйелері сынды қызмет көрсету саласына да серпін береді. Мәскеудегі Альфа-банктің бас экономисі Наталья Орлованың атап көрсетуінше, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу Ресейдің халықаралық сауда қауымдастығындағы мәртебесін әлдеқайда жоғары көретеді.

Н.ОРЛОВА: “Тұтастай алғанда бұл Ресей үшін, сөзсіз, дүниежүзілік қоғам алдындағы геосаяси, саяси және экономикалық жағдайының аса маңызды өзгерісі болып табылады. Өйткені, халықаралық сауда ұйымының мүшесі болуы арқылы Ресей халықаралық сауданың ережелерін қабылдауға және оны болашақта өзгертуге ықпал ететін мүмкіндік алады. Бұл, әрине, өте маңызды”.

Алайда, Ресейдің сауда ұйымына кіруі жолында әлі талай жабысқақ проблема тұр. Оның бірі – Ресейдің АҚШ-пен арадағы сауда келісімі өткен аптадағы “аралық” сайлаудан кейін Демократиялық партияның ықпалына көшкен АҚШ Конгресінің қатаң тезісінен өтуі мүмкін. Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне Конгресс тосқауыл қоя алмайды, бірақ Ресейге “Тұрақты да нормаға сәйкес сауда қатынасы” мәртебесін беріп, “Джексон-Веник түзетуі” деген атауымен белгілі “Қырғиқабақ соғысы” дәуірінен қалған бірқатар шектеуді жоюға тиіс.

Монтана штатынан сайланған сенатор-демократ Макс Бокус - ол Сенаттың қаржы комитетін басқаруға тиіс - АҚШ Конгресі өзінің “батасын” бермей тұрып, Ресей америкалық тауарларды қарақшылық жолмен сатуды ауыздықтап, америкалық құс етінің импортына тыйым салуын жоюға тиіс деп ескертті. Сонымен қатар Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үшін Ресей “жұмыс тобының” басқа 3 мүшесі – Коста-Рикамен, Грузиямен және Молдовамен сауда қатынасы туралы 2 жақты келісімдерге отыруға міндетті.

Ресей үшін ең басты проблема - Мәскеумен арада дипломатиялық теке-тіреске барған Грузия - оның сауда клубына кіруіне бөгет болуы мүмкін. Ресейді Грузия да, Молдова да Мәскеудің саяси ықпалынан құтылғысы келгені үшін өздерінің шарап экспортына тыйым салды деп айыптап отыр. Бірақ, Мемлекеттік думаның өкілі әрі Мәскеудегі ТМД елдерін зерттеу Институтының директоры Константин Затулин Ресейдің сауда ұйымына кіруіне Грузия бөгет жасамайды деп сенеді.

Дегенмен де, Мәскеудің дүниежүзілік сауда ұйымы бойынша Тбилисимен және Кишиневпен арадағы келіссөздері өте ауыр болатын тәрізді. Мысалға, 13-інші қараша күні грузин премьер-министрі Зураб Ногайдели мәлімдегендей, Ресей халықаралық қоғам мойындамаған Оңтүстік Осетия және Абхазия республикаларындағы шекарадан контрабандалық жолмен өтетіндерді ауыздықтағанда ғана Тбилиси Мәскеудің халықаралық сауда ұйымына кіруін құптайды. Оған қоса, Ресей барлық келісіөзден кейін де басқа тосқауылдарға тап болуы ықтимал. Мысалға, Қытай келіссөздерінен 2 жыл өткенде ғана Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданды
XS
SM
MD
LG