Ресми Теһран алдын-ала өзінің мұнай шикізатын енді еуроға ғана сататынын хабарлағанымен де, көп нәрсе өзгере қойған жоқ – Иран мұнайы көбіне әлі де доллармен бағаланады.
Егер тіпті Иран доллардан “теріс айналып”, еуромен есеп айырысуға көшкен күннің өзінде де, оның дүние жүзіндегі мұнай саудасына деген ықпал-әсері шамалы болады. Кеңсесі Дубаи қаласында орналасқан Шығанақтағы зерттеу Орталығының экономикалық аға сарапшысы Экарт Уэртц осылай деп есептейді.
Э.УЭРТЦ: “Мұны, ең алдымен, Иранның қаншалықты алысқа бара алатынын тым жоғары бағалауға болмайды,... және екіншіден – бүкіл мұнай экспортында, әсіресе валюта қорында Иран соншалықты маңызды рөл атқармайды”.
Алайда АҚШ-тың сауда тапшылығының бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетуі, өткен жылы ол 226 млрд. долларға жетті, және Ирақтағы соғысқа деген күдіктің өсе түсуі салдарынан доллардың құны соңғы бірнеше жылдың ішінде қатты құлдырады. Алтын-валюта қорын негізінен доллармен ұстайтын елдерге, оның ішінде мұнай экспорттайтын мемлекеттерге доллардың күрт құнсыздануы ең ауыр соққы болып тиді және оған қоса, доллар одан да төмен құлдырай ма деген күдік тағы бар. АҚШ-тың одақтасы болып табылатын Сауд Арабиясы сынды мұнай экспорттайтын жетекші елдер доллардың құнсыздануына байланысты оған байланып отырмайтын сияқты. Бірақ та долларға төнген екінші қауіп тағы бар. Ресей тәрізді кейбір мемлекет, мысалға, мұнай саудасынан түскен валюта қорын доллардан еуроға аударды. Қытай да өзінің орасан зор алтын-валюта қорының едуәір бөлігін доллардан еуроға аударды. Долларға төнген осындай қатердің барлығын Экарт Уэртц те атап көрсетеді
Э.УЭРТЦ: “Әрине, мұнайды еуромен бағалау доллар үшін онша жақсы жаңалық емес; бірақ, егер де, мұнайдың долларлық бағасы қала берген күнде де, валюта қорлары доллардан еуроға немесе тағы басқа валютаға аударылатын болса – ол да доллар үшін жақсылық емес”.
Экарт Уэртцтің статистикалық мәліметтері бойынша, 1990-ыншы жылдардың барысында мұнай өндіруші елдердің шетелдік валюта қорларының шамамен 80 пайызы доллардан тұрса, Еуропаның ортақ валютасы ретінде еуро айналымға түскен бірнеше жылдың ішінде - 2004-інші жылдың соңына қарай доллардың үлес-салмағы 60 пайызға дейін күрт құлдырады. Бірақ содан бері доллар шамалы болса да бұрынғы үлес-салмағын қайтарып, қазір валюта қорларының шамамен 65 пайызын құрап отыр. Экарт Уэртц оның себебін былай деп түсіндіреді.
Э.УЭРТЦ: “...еуроны сатып алатынын әркім айтады. Бірақ олар - мұнай өндіретін елдер - көбіне олай істемейді: олар “біз еуроға сақтықпен қараған көзқарасымызды өзгертуге тиіс шығармыз” деген жалаң сөзді көп айтады. Ал бірақ Сіз үңіліп қарасаңыз: 2005-інші және 2006-ншы жылдары доллардың қорлары тағы да ұлғайды. Демек, олар неге солай істеді? Оның бір қыры – саяси себеп. Олардың қауіпсіздігі АҚШ-қа байланысты. Егер Иранмен арада қандайда бір қолайсыз жағдай туа қалса, кім көмекке келеді? - Не Еуропа Одағы немесе Қытай емес, Америка Құрама Штаттары келеді”.
Э.Уэртцтің пікірінше, доллар әлі ұзақ қолданыста болады, өйткені доллардың ірі мұнай өндіруші елдердің ең басты валюта қоры болып қалғаны АҚШ экономикасы үшін маңызды. Сондықтан да доллар бағасының сақталуы үшін АҚШ валютасының шет елдерде қордаланғаны америкалықтар үшін өте маңызды.
Доллардан, ең алдымен, Иран және солшыл президент Уго Чавес бастаған Венесуэла сынды АҚШ-қа түбегейлі қарсы елдер құтылғысы келеді. Ирақ - биліктен құлатылған президент С.Хусеиннің тұсында мұнай шикізаты үшін еуромен есеп айырысты. Бірақ 2003-інші жылдың наурызынан кейін долларлық есеп айырысуға қайта оралды (!). Өзге елдер, мысалға Ресей, еуроны Америка сынды экономикалық супермемлекетке қарсы қою үшін қолдайды.