Accessibility links

Таяу Шығыс: британ премьері Т.Блэр экстремизмге қарсы күш біріктіруге шақырады


Өзінің Таяу Шығыс аймағына сапарының соңында Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр сабырлы саясат ұстанатын араб елдерін Ирандағы “экстремизм күштеріне” қарсы күш біріктіруге шақырды. Сонымен қатар Блэр Иранды Таяу Шығыстағы ахуалды “шайқап отыр” деп айыптады. Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы - Дубай қаласында - кәсіпкерлер мен журналистердің алдында сөйлеген сөзінде британ лидері Иранды “Ирақтағы терроризмде қолдап отыр”, “Ливан үкіметін аяқтан шалып”, “Израиль мен Палестина арасындағы бейбіт келісімге бөгет жасаумен келеді” деп айыптады.

Кәсіпкерлерлер мен журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Т.Блэр Иранның аймақтағы жетекші рөлін Таяу Шығыста бейбітшілік орнатудың алдында тұрған ең басты тосқауыл ретінде атап көрсетті. Президент Махмуд Ахмадинеджад бастаған Иран билігінің аймақтағы тыныштыққа қатер төндіріп отырғанына британ лидері талай мысал келтірді. Т.Блэрдің атап көрсетуінше, Таяу Шығыс аймағының қауіпсіздігі мен саяси тұрақтылығына Иранның ядролық бағдарламасынан, оның Ирақтағы терроризм мен Ливандағы “Хизболла” партизандарын “қолдап отыруы”, президент М.Ахмадинеджадтың Израиль мемлекетін “жер бетінен біржола жоюға” шақырып, еврей халқының Холокост қасыретін” жоққа шығаруы қатер төндіреді. Бірақ, британ премьерінің пікірінше, халықаралық қоғам Ираннан төнген қатерге онша ден қоймай отыр.

Т.БЛЭР: “Иран үкіметінің ішінде Ирақтағы қанаты қатаймаған демократиялық үдерісті тоқтату үшін терроризмді ашықтан-ашық қолдайтын элементтер бар. Ливанның демократиялық жолмен сайланған үкіметіне ықпал етуге тырысуы, халықаралық қоғамның Палестинада бейбітшілік орнатпақ мақсатын күлкі етуі, онымен қарама-қатар “Холокост қасыретін” жоққа шығаруға және ядролық қару шығаруға тырысуы – міне осының барлығына, шынында да, әлемнің басым бөлігі немқұрайды қарайды...”

Сонымен бірге Т.Блэр Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбританияның Таяу Шығыста жүргізген соғыс қимылдары терроризмге “дем беріп отыр” деген пікірмен келіспеді. Өз кезегінде ол сабырлы саясат ұстанған араб елдерінің басшыларын Ирандағы экстремизм мен демократия арасындағы бітіспес стратегиялық күресіне араласуға шақырды.

Т.БЛЭР: “Біз Иран үкіметінен төнген стратегиялық қауіп-қатерді - оның халқынан емес, бәлкім, оның барлық билік өкілдерінен де емес, оның қазіргі саясатына жауап беретін тұлғаларынан төнген қатерді мойындауға тиіспіз... Олар бізді қайтадан Ливанға, Ираққа, Палестинаға байлап қойып ұстағысы келеді. Біздің жауабымыз соған жол бермеу үшін олардың одақтар құрған әрекетіне лайық болуы керек...”

Т.Блэр Таяу Шығыс аймағының Мысыр, Ирақ, Израиль, Палестина автономиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері сынды елдері мен Түркияға барған 5 күндік сапарының барысында айтқан сөздерін Дубаи қаласында да қайталады. Ол Мысырдың Израиль мен Палестина арасына делдал болып отырған рөлін жақсы бағалады және аймақтың өзге елдерін премьер-министр Нұри Әл-Мәлики бастаған Ирақ үкіметін қолдауға шақырды. Сонымен қатар британ лидері Дубаи қаласын Газа аймағы мен Ирақтың Әл-Басра сынды қалаларына да үлгі-өнеге етіп алуына болатын экономикалық дамудың үздік нұсқасы ретінде атап көрсетті.

Сондай-ақ, өз сөзінде Т.Блэр Палестина автономиясының төрағасы Махмуд Аббас пен Израиль премьер-министрі Эхуд Ольмертті өзара ертерек кездесіп, екі жақты бейбіт келіссөзді мейлінше тезірек қайта жалғастыруға шақырды; М.Аббастың исламшыл жаугер “Хамас” ұйымына қарсы күресін қолдады.

Т.Блэрдің Таяу Шығыс аймағына барған бұл сапары – оның шетелге шыққан ең ақырғы сапарының бірі болса керек. Ұлыбритания премьер-министрі лауазымында 10 жыл отырған Т.Блэр келесі жылдың ортасына қарай биліктен кетуге тиіс.
XS
SM
MD
LG