Accessibility links

С.Хусеиннің дарға асылған сәтінің бейнесюжеті үкіметтің беделін түсірді


С.Хусеиннің дарға асылған сәтін бейнекамераға түсіріп, Ирақтың экс-президентін дарға асуы алдында оны мазақ етіп балағаттаған осы бейсюжеттің жұртқа заңсыз көрсетілуінен кейін Ирақ премьер-министрі Нұри Әл-Мәлики Саддамды өлім жазасына тарту сәтін сымсыз телефонның бейнекамерасына түсіріп алған адамды тауып, тергеу жүргізуге нұсқау берді. Алайда әлгі бейнесюжет шийттер мен сүнниттердің арасындағы қақтығыстарды одан бетер ушықтыра түсіп, Нұри Әл-Мәликидің өзі бастаған үкіметі алдындағы абырой-беделіне нұқсан келтірді. С.Хусеиннің өлім жазасына кесілген тағы 2 үзеңгілесінің дарға асылатын-асылмайтыны да әзірше беймәлім болып отыр.

30-ыншы желтоқсан күні С.Хусеиннің дарға асылуынан кейін бұл оқиғаны премьер-министр Нұри Әл-Мәлики: “Ирақты 35 жыл бойы жапа-шектірген қуғын-сүргін, шеттету және оқшаулану саясатының аяқталуы” деп сипаттады. Алайда, С.Хусеиннің дарға асылуы мен соның салдарынан шыққан жанжал Ирақ сүнниттерінің шетке қағылғандай сезімін күшейте түсті. С.Хусеинді дарға асудың уақытын таңдауы, яғни оның 3 күндік Құрбан-айттың дәл алдында дарға асылуын бейкамераға түсірілуі сүнниттердің ашу-ызасын туғызды, олардың ар-намысын қоздырды. Сымсыз телефонның бейнекамерасымен түсірілген осы бейнесюжет сүнниттер мен шийттердің арасындағы қантөгісті өшіктіре түсті. Сүнниттер басым тұратын бірнеше қалада, оның ішінде 2003-інші жылдың желтоқсанында С.Хусеин АҚШ әскерінің қолына тұтқынға түскен Ад-Даур елді-мекенінде, Әт-Тикрит және тағы басқа қалада сүнниттер наразылық шерулерін өткізді.

3-інші қаңтар күні “Рейтер” агеттігіне берген сұхбатында Ирақ сүнниттерінің саяси қозғалысының мүшесі Салим Әл-Жабури атап көрсеткендей, бұл бейнесюжет сүнниттердің бір бөлігін елдегі саяси үдерістен одан да бетер алшақтатып, ұлттың бірігуін қиындата түседі.

Премьер-министр Нұри Әл-Мәликидің берген нұсқауы бойынша, Ирақ үкіметі С.Хусеиннің дарға асылған сәтін сымсыз телефонының бейнекамерасына түсіріп алған адамды және өлім жазасына тартылуы алдында оны мазақ етіп, балағаттауға қалай жол берілгенін тергеу үстінде. Сәрсенбі күні “Азат Ирақ” Радиосына берген сұхбатында Ирақтың қазіргі Әділет министрі Худайыр Әл-Хузаи (Khudayyir al-Khuza’) С.Хусеинді дарға асу кезінде заңның өрескел бұзылғанын атап көрсетті.

Х.ӘЛ-ХУЗАИ: “Болған жайт – заң ережелерін өрескел бұзу болып табылады және С.Хусеинді дарға асуға қатысқан әрбір адам сол ережелерді құрметтеуге тиіс болатын. Соттың кейбір өкілі мен түрме күзетішлері бірқатар кешірілмейтін заң бұзушылыққа жол берді, олардың ішінде, Сіз естігендей, “Мұқтада, Мұқтада” деп ешқандай мағынасы жоқ үндеуді айтып айқайлады. Іс жүзінде олар осы әрекетімен Мұқтада Ас-Садрды жақтайтын топтың абыройына және Ирақ үкіметіне ешбір негізсіз кір тигізді”.

С.Хусеиннің осылайша дарға асылуы Ирақтағы сүнниттер қауымының ащы наразылығын туғызды. Сүнниттер басым тұратын бірнеше қалада, оның ішінде 2003-інші жылдың желтоқсанында С.Хусеин АҚШ әскерінің қолына тұтқынға түскен Ад-Даур елді-мекенінде, Әт-Тикрит және тағы басқа қалада сүнниттер наразылық шерулерін өткізді.

Өткен сәрсенбі күні Ирақтағы АҚШ армиясының басшылығы С.Хусеиннің дарға асылуына өзінің ешқандай қатысы болмағанын мәлімдеді. Армия басшылығының өкілі Уильям Колдуэлдің атап көрсеткеніндей, АҚШ әскері С.Хусеинді Ирақ үкіметіні тапсыру кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ғана жауапты болды. Колдуэлдің сөзіне қарағанда, АҚШ әскері өлім жазасын одан “өзгешелеу” жолмен орындайтын еді. Бірақ, деп ескертті АҚШ армиясының өкілі, Ирақ – егеменді ел болып табылады және С.Хусеинді қалай дарға асу керектігін Ирақ үкіметінің өзі шешті. Сонымен қатар Уильям Колдуэлдің хабарлауынша, С.Хусеинді күзеткен АҚШ армиясының өкілдері өлім жазасына кетіп бара жатқан С.Хусеиннің сыр бермей өзін “сабырлы” ұстағанын айтқан.

Сонымен қатар сәрсенбі күні араб телеарналары хабарлағандай, С.Хусеинмен бірге өлім жазасына кесілген оның жақын 2 үзеңгілесін де дарға асуға дайындық басталды. Атап айтқанда – Саддамның өкіл інісі әрі бұрынғы барлау қызметінің басшысы Барзан Әл-Ибраһим мен бұрынғы Төңкерісшіл соттың бұрынғы төрағасы Ауад Хамид Әл-Бандар – соттың өкімі бойынша “адамзатқа қарсы қылмыстар істеді” деп танылып, өлім жазасына кесілді.

Сәрсенбі күні Ассошиэйтед Пресс және Франс-Пресс агенттіктері Ирақ үкіметінің аты-жөнін атамаған шенеунегінің Барзан Әл-Ибраһим мен Ауад Хамид Әл-Бандардың бейсенбі күні дарға асылатынын растайтын сөзін келтірді. Алайда, Ирақ премьер-министрі Нұри Әл-Мәликидің көмекшісі Сами Әл-Асқари оларды дарға асудың нақты күні әлі тағайындалмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол екеуі келесі аптада ғана дарға асылуы мүмкін.

Ал осы кезде БҰҰ-ының адамның құқын қорғайтын Жоғарғы Комиссары Луиза Арбур Ирақ президенті Жалал Талабаниді С.Хусеиннің 2 үзеңгілесін дарға асудан бас тартуға шақырды. Өзінің осы үндеуінде Арбур ханым биліктен құлатылған диктатор мен оның үзеңгілестерінің қылмыстық істерін қараған соттың заң ережелеріне сай өткеніне күмән келтірді.
XS
SM
MD
LG