Accessibility links

Айыпталушы сот залында өз қарнын тіліп тастады


Шаңырақтағы қақтығысқа қатысқандардың ісін қарап жатқан Алматы қалалық сотының сейсенбі күнгі сот мәжілісі кезінде айыпталушылардың бірі Арон Едігеев өз денесін алмаспен тілу арқылы сот қаулысына наразылық білдірді. Қансыраған Едігеевті сот залынан алып кеткеннен кейін тағы бір айыпталушы Аят Темірбаев сот залында есінен танып қалды. Темірбаевтың ата-аналары оның бала жасынан мүгедек екендігін, абақтыға түскелі бері талмасы жиілеп кеткендігін айтады.

Соттың сейсенбі күнгі отырысы айыпталушылардың бірі Арон Едігеевтің қатысуынсыз басталды. «Алаш» қозғалысының төрағасы Арон Едігеұлы (Атабек) бұған дейінгі сот отырысында қараудағы іске алқа билер соты шақырылмаса сот мәжілісіне қатыспайтындығын айтқан болатын. Сот төрағасы Адайбек Бейімбетов айыпталушы Едігеевті сот залына алдырып, оның алқа билер сотын шақырту жөніндегі талабы орындалмайтындығы туралы қаулыны оқып шықты. Артынша-ақ айыпталушы Едігеев сот қаулысымен келіспейтіндігін тағы да қайталап айтып, өткір алмаспен өз қарнын тіліп жіберді. Сот барысын бақылап отырған жүздеген адам өре түрегелді.

300 адамға шақталған сот залына толық жиналған халық айыпталушы Арон Атабекті алып кеткеннен кейін де біраз уақыт тынышталған жоқ. Үнсіздік қайта сақталған уақытта сот төрағасы Адайбек Бейімбетов құқық қорғаушылардың біріне сот барысын түсіріп жүрген бейнекамераны өзіне алып келуге тапсырма берді. Сот төрағасының бұл нұсқауына залдағылармен қоса айыпталушы торындағылар да наразылық көрсетті.

- Менің сөзімді естіген адамның көзінен жас ағып отырған шығар деп ойлаймын. Құрметті сот мырза, үшеуіңіз 17 адамның тағдырын шешіп жатырсыздар. Сіздер қағазға сенесіздер, біздің сөзіміз тыңдалмайды. Тепкімен өткізілген тергеудің материалдарымен мені ату жазасына кесуіңізге болады, - деді ашына сөйлеген айыпталушы Жаппасов.

Сот процесін әрі қарай жалғастыруға тырысқан сот төрағасы Адайбек Бейімбетов, адвокаттардың сұрауы бойынша, тергеу абақтысының дәрігері Мұрат Жұмағалиұлы жауапқа шақыртылғандығын айтты. Осы уақытта тор ішінде отырған айыпталушы Аят Темірбаевтың есінен танып қалуына байланысты сот процесі тағы да үзіліп кетті.

Айыпталушы Темірбаевтың анасы Гүлнүр Әбітайқызы баласының мүгедек екендігін айтады.

- Балам он жасынан бері дәрігердің арнайы тізімінде тұр. Оның 15 жасында мүгедек екендігі туралы қағаз алғалы бері дәрігерде емдете алмап едім. Бұрын мұндайы жоқ еді, соңғы кездері талмасы ұстап жүр. Әділдік жоқ. Түрмеде жатқанда екі рет есінен танып құлапты, - деп егіледі Гүлнәр Әбітайқызы.

Басқа да айыпталушылардың туған-туыстары бүгінгі жағдайға қатты алаңдаушылық танып отыр.

- Торда отырғандардың халдері нашар екендігі айтпаса да көрініп тұр. Біз қатты алаңдап отырмыз. Олар қысым көрген, ашынған, денсаулықтарынан айрылған. Айыпталушылардың дені жастар. Келешекте олардан ұрпақ өсе ма!? – дейді Бақытты Сембайқызы.

Ал «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің төрағасы Дос Көшім болса бүгінгі оқиғалардан соң сот жабық жағдайға өтуі мүмкін деп алаңдайды.

- Өзінің қарсылығын қан шығару арқылы көрсету – көптеген айыпталушылардың заңды тілегін қанағаттандырмай жатқандығының белгісі. Осындай айқай-шулардан кейін соттың жабық өтуі мүмкін деп қорқамын, - дейді Дос Көшім.

Алайда, сот отырысы түскен кейін қайта жалғасты.

Өткен жылғы шілденің Алматыдағы 14-күні Шаңырақ ықшам ауданының тұрғындары заңсыз соғылған үйлерді бұзуға барған полицияға қарсылық көрсетіп, қақтығыстың нәтижесінде өртке оранған бір полицей ауруханада жатып қайтыс болған еді. Осы оқиғадан соң жүзден астам шаңырақтықтар тергеу амалдарына тартылып, қозғалған қылмыстық іс 2006 жылдың соңында сотқа тапсырылды. Қаңтардың 12-күні басталған сот процесі 25 адамға қозғалған қылмыстық істі қарап жатыр. Олардың бесеуі ҚР Қылмыс Кодексінің 96-бабы бойынша «адам өлтірген» деп айыпталып отыр.
XS
SM
MD
LG