Accessibility links

Қырғызстан: оппозицияның жаңа бірлестігі саяси теке-тіресті жалғастырды


Қырғызстанда саяси оппозицияның “Қырғызстанның жарқын болашағы үшін” деп аталған жаңа Бірлескен майданы құрылды. Егер жаңа бірлестік экс-премьер-министр Ф.Құловты өзінің лидері етіп алатын болса, онда оның президент тағына таласа алатын мүмкіндігі арта түседі. Бірлескен майдан кезектен тыс президент сайлауын өткізуді талап етуде. Бірақ ресми билік “ондай іс-әрекетке жол бермейтінін” ескертті. Жаңа оппозициялық майдан президент Қ.Бәкиев пен оның үкіметі үшін қандай проблема туғызуы мүмкін? “Азаттық” Радиосының тілшісі осы мәселені бақылап көрген болатын.

“Қырғызстанның жарқын болашағы” үшін “Бірлескен майданы” таратқан мәлімдемеге сәйкес, мемлекет басшысы ретінде президент “Қ.Бәкиевтің өз міндеттерін атқара беретін ешқандай мүмкіндігі жоқ” және егер ол президент лауазымында қала беретін болса, онда оның “саяси болашағы жоқ”.

Бірлескен майдан өткен дүйсенбі күні таратқан осы мәлімдемесінде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді талап етті. Келесі күні оған қайтарған жауабында президент Қ.Бәкиевтің әкімшілігі ондай талап-шарт қоюға жаңа саяси қозғалыстың не “моральдық құқы”, оған қоса “ешқандай саяси негіздің жоқтығын” мәлімдеп, “Бірлескен майданды” қандайда бір өрескел әрекетке барудан аулақ болуға шақырды. “Азаттық” Радиосының Қырғыз редакциясына берген сұхбатында президенттің баспасөз-хатшысы Нұрлан Шәкиев осылай деп атап көрсетті.

Н.ШӘКИЕВ: “Президент сайлауын ерте өткізуге ешқандай негіз жоқ. Ол үшін бір теріс жағдайлар болуы керек. Ал бүгін керісінше президент жүргізіп отырған саясатты елдің көпшілігі қолдайды”.

“Бірлескен майданға” қосылған оппозициялық партиялардың бірі - “Ар-намыс”. Осы партия жетекшілерінің бірі Эмиль Әлиевтің мәлімдегеніндей, жаңа оппозициялық майдан - президент А.Ақаевтың авторитарлық билігін құлатқан 2005-інші жылдың көктеміндегі және одан кейінгі кезеңде президент Қ.Бәкиев пен республика үкіметінің берген уәделері мен алған міндеттерін орандамауына байланысты құрылып отыр.

Э.ӘЛИЕВ: “2005-інші жылы болған оқиғалардың барлығы – елдің, Қырғызстандағы саясаткерлердің, саяси партиялардың ортаық көзқарасы бойынша, елге жемқорлыққа жеткізген жүйені, елді жарылқамаған жүйені жою, өзгерту керек деген мақсаттан шықты. Әзір, биыл сыбайластық жемқорлықтың бұрынғыдан да кең тамыр жібергеніне көзіміз жетіп отыр, көріп отырмыз. Енді соған қарсы тұрып, бұл жүйені өзгертейік деген мақсатпен күш біріктіріп жатырмыз”.

Жаңа “Бірлескен майданның құрылуы” – өткен жылдың қараша айында Бішкекте басталған жаппай наразылықтан туған саяси дағдарыстың іс жүзіндегі ақырғы нәтижесі болып отыр. Міне сол кездегі жаппай наразылық Қ.Бәкиевті жаңа конституцияны қабылдауға мәжбүр еткені мәлім. Жаңа Ата заңда президенттің құзыры едәуір шектелген болатын. Бірақ жаңа жылдың қарсаңында президентті қолдайтын депутаттар оның жаңа конституция бойынша жоғалтқан құзырларының көбісін қалпына келтірді. “Ар-намыс” партиясының лидері Эмиль Әлиевтің атап көрсетуінше, “Бірлескен майданның” қойып отырған талап-шарттарының бірі – конституцияны реформалау...

Э.ӘЛИЕВ: “Ең біріншісі – конституциялық реформа болуы керек... саяси жүйені өзгерту керек, биліктің барлығы бір кісіге берілмеуге тиіс. Екіншіден, бұл жүйені билік басында отырғандар басқара алмайды; біздің пікіріміз бойыша, қазіргі президент бұл жүйені тіпті өзгерткісі келмейді”.

Ф.Құлов президенттің билік құзырының көпшілігін қайтарып берген конституция бойынша, өткен желтоқсан айының соңында премьер-министрліктен түсті. Бастапқыда, 2005-інші жылдың жазында оны - Бәкиев пен Құловтың арасындағы саяси “жұптың” сыңары ретінде премьер-министрлікке ұсынған болатын. Ф.Құлов өзін үкімет басына сайлайтын болса, Қ.Бәкиевке балама үміткер ретінде президент сайлауына түспеуге келісті.

Ал өткен аптада экс-премьер-министр Қ.Бәкиевпен арадағы әлгі саяси “жұптың” бұзылғанын растаса, өткен дүйсенбі күні президент сайлауын кезектен тыс өткізуге шақырған “Бірлескен майданға” кіргенін мәлімдеді. Оппозициядан сайлан депутат әрі осы жаңа қозғалыстың тағы бір мүшесі Құбатбек Байболовтың айтуынша, “Бірлескен майдан” ешқандай өрескел іс-әрекетке бармайды, президент Қ.Бәкиев пен үкіметті елдің өзегі жеткен проблемаларын шешуге ынталандыруды көздейді.

Қ.БАЙБОЛОВ: “Мысалға, мен және менің одақтастарым өрескел іс-қимылдарға бармаймыз. Сайлау дер кезінде өтуге тиіс. Сайланғандар - өз міндеттерін ақырына дейін атқарсын! Бұл мәлімдеме – саяси да сезімге толы құжат та... бұл: “Әй, сендер ойланбайсыңдар ма?! Қандай ойларың бар? Мынадай бір қимылдар бар екен, басқаша бір саясат жүргізбейсіңдер ме?!” -деп ресми биліктің қимылына серпін беру ғой...”
XS
SM
MD
LG