Accessibility links

АҚШ Ирақтағы ахуалды түзеуге Иран мен Сирияның көмектескенін тілейді


Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хатшысы К.Райс мәлімдегендей, Ирақтағы саяси ахуалды тұрақтандыруға бағытталған халықаралық конференцияға Иран мен Сирияны да шақыруды көздеген Ирақ үкіметінің дипломатиялық “шабуылына” ресми Вашингтон да қосылады. Өткен сейсенбі күні АҚШ Сенатының комиссиясы алдында сөйлеген сөзінде Райс ханым осы аймақта бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға Иран мен Сирияның мүмкіндік беретініне президент Дж.Буш әкімшілігінің үміт артып отырғанын атап көрсетті.

Кондолиза Райстың бұл мәлімдемесі Дж.Буш әкімшілігінің саясатындағы бетбұрыстарды аңғартады. Президент Дж.Буш Ирақтың болашағына байланысты келіссөзге Иран мен Сирияны да шақыру туралы АҚШ Конгресінің кейбір мүшесі мен Ирақтағы ахуалды зерттеген тәуелсіз комитеттің (“Ирақты зерттеу тобы”) талап-шартына ұзақ уақыт көнбей келді. АҚШ Сенатының қаржы-қаражат комиссиясында сөйлеген сөзінде мемлекеттік хатшы К.Райс Ирақтағы ахуалды тұрақтандыру мәселесіне Иран мен Сирияны тартуға Дж.Буштың келіскенін хабарлады. Сенаттың осы комитеті Дж.Буштың Ирақтағы соғыс қимылдарын жалғастыруға сұраған қаржысын талқылау үстінде. К.Райстың атап көрсетуінше, Теһран мен Дамаскіні келіссөзге тарту идеясын премьер-министр Нұри Әл-Мәлики бастаған Ирақ үкіметі алға тартып, Америка Құрама Штаттары ол бастаманы қолдаған.

К.РАЙС: “Премьер-министр Нұри Әл-Мәлики Ирақта жетістікке жету - көрші елдердің оң қолдауын алуды талап етеді деп сенеді – президент Дж.Буш та, мен де - онымен келісемін. Бұл, әлбетте, “Ирақты зерттеу тобы” жасаған маңызды тұжырымдаманың бірі және бұл – Сенат пен Конгрестегі көпшіліктің біздің назарымызға ұсынған маңызды өлшемі. Мен оны қалай іске асыру жөнінде жан-жақты пікір алмастым. Қорыта келгенде, мен Ирақ халқының жаңа дипломатиялық бастаманы көтеріп, оны біздің толық қолдайын деп отырғанымызды сіздерге айта алғаныма қуаныштымын”.

Ресми Вашингтон Теһранмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасын 1980-інші жылы үзді. Соңғы бірнеше аптаның ішінде Америка Құрама Штаттары Иранды Ирақтағы көтерілісшілерді қару-жарақпен қамтамасыз етіп жатыр деп айыптады, бірақ ол үшін тікелей Иран үкіметін айыптауға бара қоймады. АҚШ пен Иран – соңғысының ядролық бағдарламасына байланысты өзара араздасып келеді. Ресми Теһран өзінің ядролық бағдарламасы электр қуатын өндіру сияқты бейбіт мақсатты көздейді деп дәлелдеп бақса, Ақ үй одан ядролық қару шығаруды аңсайды деп күдіктенеді.

Ал Бағдадта Ирақ үкіметінің өкілдері, К.Райстың сөзімен айтқанда, наурыз айының ортасына қарай “көрші елдердің бас қосуына” әзірленіп жатқандарын хабарлады. Бұл конференцияға “Араб елдерінің Лигасына” мүше мемлекеттер, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты 5 мүшесі – АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Франция шақырылмақшы. Ирақтың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі хабарлағандай, Сирия жағынан сыртқы істер министрінің көмекшісі Ахмед Арнус келуге тиіс, ал Иран, әзірше, бұл бас қосуға қатысатын-қатыспайтынын немесе кімді жіберетінін әлі хабарлаған жоқ.

АҚШ Сенатының комиссиясында сөйлеген сөзінде К.Райс наурыз айындағы кездесудің ізінше екінші кездесу - сыртқы істер министрлерінің бас қосуы өтетінін мәлімдеді.

К.РАЙС: “Ирақ үкіметі көршілерімен, алдымен, наурыз айының бірінші жартысында Бағдадтағы министрден төменгі деңгейдегі кең кездесуге әзірлену үстінде. Оған Ирақтың жақын көршілерімен қатар, аймақтың басқа елдері, көп мүшесі бар халықаралық ұйымдар және Америка Құрама Штаттарын қосқанда - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері”.

Екінші кездесу, деп мәлімдеді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райс, G8 немесе “Үлкен сегіздікке” кіретін елдерді де қамтуы мүмкін.

К.РАЙС: “Бұл бастапқы кездесу, бәлкім, министрлер деңгейінде, тағы да сол шақырылғандармен, атап айтқанда – аймақтағы елдердің, көрші мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты 5 мүшесінің, сондай-ақ, бәлкім, “Үлкен сегіздікке” мүше елдердің қатысуымен сәуірдің бірінші жартысында-ақ өтуі мүмкін. Ирақ үкіметі өзінің барлық көршісін, оның ішінде Сирия мен Иранды осы 2 аймақтық кездесуге шақырып отыр. Осыны айта кетуім керек”.

Лондонда Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі осындай кездесудің өтетінін ықыласпен қабылдап, өз тарапынан, бұл бас қосудың жемісті өтуіне британ үкіметінің қолдан келгенін істейтінін мәлімдеді. АҚШ Сенатының комиссиясындағы тыңдаулардың барысында Демократиялық партиядан сайланған сенатор Роберт Берд (Батыс Вирджиния штаты) Дж.Буштың Ирақтағы саясатын өткір сынға алды. Сенаттың 49 жастағы “ардагері”: “АҚШ Конгресі сәтсіз саясат пен сәтсіз стратегияны қаржыландыруын жалғастыра бермейді”, - деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG