Accessibility links

Адам құқын қорғаушылар Еуроодақтың жазасын ұзартуға айғақ келтіреді


Адамның құқын қорғайтын ұйымдар Еуропа Одағы сыртқы істер министрлерінің Өзбекстанға қарсы жаза қолдану мәселесін талқылайтын 5-інші наурыз - дүйсенбі күнгі мәжілісі алдында мазасызданып отырған тәрізді. Еуропа Одағы 2005-інші жылы Әндіжандағы халық толқуын үкімет күштерінің аяусыз басып-жаншуынан кейін Өзбекстанға қарсы бірқатар шектеу шарасын енгізген болатын. Бірақ, “Азаттық” тілшісінің Брюссельден жолдаған хабарына қарағанда, Еуроодақ Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасын біршама қалпына келтірген көрінеді.

Адамның құқын қорғайтын Халықаралық “Хельсинки федерациясы” Еуропа Одағының Өзбекстанға қарсы қолданып отырған жазалау шарасының әрі қарай жалғасқанын және өзбек еліндегі адамның құқын қорғау ахуалының тіпті нашарлай түсуіне байланысты, ондай жазаның тіпті кеңейтілгенін қалайды. “Хельсинки федерациясы” Өзбекстандағы ахуалмен тікелей танысып қайтқан миссиясының мәліметтері негізінде дайындаған жаңа баяндамасында Еуроодақтың Өзбекстанға қарсы қолданған жазасын жеңілдетуге ешқандай себеп жоқ деген қорытындыға келеді. Баяндама 27-ақпан күні жарыққа шықты.

Бастапқыда Еуроодақтың Өзбекстанға қарсы қолданған жазасы ресми Ташкентпен арадағы саяси байланысты уақытша тоқтату, қару-жарақ импортына тыйым салу және Әндіжандағы халық толқуын аяусыз басып-жаншуға тікелей қатысы бар 12 шенеунікке Еуроодақтың визасын бермеу шараларын қамтитын. Әндіжан қырғынын “бірлесіп тергеу туралы” уағдаласқаннан кейін Ташкентпен арадағы саяси қарым-қатынас өткен жылдың қарашасында қайта жалғасты. Адамның құқын қорғау ісінде Өзбекстанның алға аяқ басқан-баспағанын Еуроодақтың сыртқы істер министрлері 5-інші наурызда талқылайды.

“Хельсинки федерациясының” жетекшісі Аарон Роудс (Aaron Rhodes) Өзбекстанға қарсы қабылданған жаза күшінде қалуға тиіс деп санайды.

А.РОУДС: “Бұл жазалау шараларын тоқтатуға ешқандай негіз жоқ. Адамның құқын қорғау саласында ешқандай оң өзгеріс болған жоқ – адамның құқын қорғауда айтарлықтай нашарлау болды. Соның салдарынан ол жақта адамның құқын қадағалайтын ешбір мекеме жоқ. Онсыз да мемлекет ешбір бақылаусыз, жабық жұмыс істейтін болса, олар бар білгенін жасай береді. Өзбекстанда ахуалдың қалай жалғасып жатқанын біз білмейміз”.

Аарон Роудстың айтуынша, Өзбекстандағы адамның құқын қорғайтын қауымдастық тамырымен жойылды. Өйткені, ресми билік “Әндіжан қантөгісінің” ізімен оларды да жойды. А.Роудстың атап көрсетуінше, БҰҰ өкілдерінің Өзбекстанға келуіне рұқсат берілмей жатқан тұста, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша ұйым өкілдігінің болуынан ешқандай пайда жоқ. А.Роудс Еуроодақтың сыртқы істер министрлерін Ташкентпен арадағы саяси қарым-қатынасын дамыту үшін адамның құқымен саудаласпауға шақырды. А.Роудс кейбір Еуроодақ шенеунектерінің көмірсутегі шикізатына бай Орта Азиямен жақындасуға ұмтылуын нұсқап отыр.

Өткен қараша айында Еуроодақ елдері Өзбекстан мәселесіне келгенде өзара жік-жікке бөлінгендей болды. Өзбекстанның сыртқы істер министрі Владимир Норовпен Брюссельдегі кездесуінде Еуроодақ кейінірек “Әндіжан қырғыны” мен адам құқының ахуалы бойынша “пікіралмасу” өткізуге сөз берген болатын.

Өткен сейсенбі күні өзінің соңғы баяндамасындағы мәліметтерді “Хельсинки федерациясының” қалай жинағанын айтудан Аарон Роудс бас тартты. Бірақ ол бір-бірінен хабары жоқ жекелеген миссиялардың анекдотқа ұқсас мәліметтері жүйелі түрдегі бақылауға сай келмейтінін ерекше атап көрсетті. Ал “Хельсинки федерациясының” есебі – адамның құқын қорғайтын белсенділерді жаппай қудалап, оларды түрмеде азаптап-жәбірлеуіне дейін, тіпті жалған, нақақ айып тағып белсенділердің ар-ұжданына кір келтіруден, олардың туған-туыстарына маза бермей, саяси тұрғыдан қудалауға дейінгі қуғын-сүргін саясатын тізбектеп келтіреді.

Оған қоса А.Роудс өзбек билігінің ресми түрде “тіркелмеген” мешіттерге барып намазын оқитын мұсылмандарды жаппай басып-жаншып жатқанын бірінші кезекке қояды. Оның пікірінше, мыңдаған мұсылман түрмеге жабылып, көпшілігі құрбан болғанға ұқсайды. Сонымен қатар “Хельсинки федерациясы” адамның құқын қорғайтын белсенділерді саяси қуғын-сүргінге салу туралы жоғары лауазымды өзбек шенеунектерінің өзара ауыз жаласқаны жайында бұлтартпайтын айғақ-деректерінің барлығын мәлімдеп отыр.

Халықаралық “Хельсинки федерациясы” басшысының орынбасары Бриджитт Дюфур ханым, “Азаттық” радиосына берген сұхбатында атап көрсеткеніндей, 2001-інші жылы Өзбекстанның жоғары лауазымды шенеунігі өзіне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Варшавада болып өткен мәжілісінде Өзбекстандағы ахуалға арызданған бір белсенді әйелді психиатриялық емханаға жатқызғанын мойындаған.

Б.ДЮФУР: “Ол әйел мінберге шығып көрсетті. Ол әлгі психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызылғанын және оның іздерін көрсетті. Ол маған: “Жақсы, бәлкім, ол жерде біздің қателік жібергенімізді мен мойындауға тиіспін”, –деді. Ол маған: “Ол әйелдің есі ауысқан болса керек!? Оның Варшавада не айтқанын Сіз есіңізге алыңызшы!”, -деді. Міне осылайша ол әлгі әйелді ұстаудың астарында, белгілі бір сарында, саясаттың барлығын мойындағандай болды”.

Бриджитт Дюфур да, Аарон Роудс та осылайша “ағынан жарылған” осы өзбек шенеунігінің енді Еуропа Одағымен арадағы келіссөзге өзбек делегациясын бастап барғанын бірауыздан айтып отыр.

Аарон Роудс адамның құқын қорғайтын халықаралық ұйымдардың Өзбекстанға қатысты баяндамасына Германияның назар аударуға ешқандай қызығушылық танытпай отырғанын айтады. Осы күні Еуропа Одағына төрағалық ететін Германия, керісінше, Брюссельдің Орта Азиядағы бастапқы стратегиясын жобалау үстінде. Еуроодақ басшыларының алдағы маусым айында өтетін бас қосуында осы жобаның “тұсауы кесіледі”. Наурыз айының соңында Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайэр Қазақстан астанасында Ортаазиялық 5 мемлекетінің сыртқы істер министрлерімен кездесуді жоспарлап қойды.
XS
SM
MD
LG