Accessibility links

Шимпанзе маймылы бізге әйел мен ерлер туралы не айта алады?


Ғалымдар Сенегалда тың жаңалық ашты. Оған сәйкес, өзге жәндіктерді немесе жан-жануарды өлтіріп, өзіне қорек табу үшін шимпанзе маймылы өз қолымен құрал-сайман жасай алады. Бұл тың жаңалық шимпанзе жөніндегі ежелден қалыптасқан түсінікті түбегейлі жоққа шығарып қана қоймай, сондай-ақ көне адам туралы, оның ішінде әсіресе көне дәуірдегі әйелдер туралы көзқарасты түбегейлі өзгертуі ықтимал.

Шимпанзенің термиттерді ұясынан шығарып алу үшін ағаштың бұтағын пайдаланатыны жақсы мәлім. Бірақ маймылдың өзге жәндіктерді ұстау үшін одан да күрделі құрал-сайманды қолдана білгендігі белгісіз болып келді. Іс жүзінде ғалымдар жан-жануарды аулау үшін құрал-сайманды пайдалану тек адамның ғана қолынан келеді деп есептеп келді.

Джилл ПРУЦ: “Егер Сіз омыртқалы жан-жануарды немесе сүт қоректілерді аулау туралы ойласаңыз, әдетте біз оны тек адамның қолынан ғана келетін іс деп ойлаймыз.”

Бұл – Америка Құрама Штаттарындағы Айова университетінің антропология бойынша доценті Джилл Пруцтың (Jill Pruetz) пікірі. Джилл ханым мен ол бастаған ғалымдар ұжымы Сенегалдың Фонголи (Fongoli) өңірінде 4 жыл бойы шимпанзе маймылдарының тіршілігін зерттеді. Адамдарға бойы үйреніп, қоршаған ортасында өздерінің үйреншікті де табиғи тіршілігін жалғастыра беру үшін маймылдарға қаншама уақыт керек болды. Осы уақыт ақыр-соңында өзінің жемісін берді. Дж.Пруцтың ұжымы қорек табу үшін шимпанзенің ұшталған ағаш бұтағын қалай пайдаланғанына, тіпті бір сәтте бушбабидің (bushbaby) етін қалай жегеніне куә болды.

“Бушбаби” дегеніміз – ағаштың діңгегінде немесе бұталарында тіршілік ететін кішкентай ғана примат. Бір ғажабы: шимпанзенің ол маймылды аулауы үшін күрделі құрал-сайманды пайдалануы ғана емес, аң аулауға тек ұрғашы шимпанзелердің шығатыны болды. Бұған дейін ғалымдар аң аулау тек еркек маймылдың ғана қолынан келетін іс деп санап келді. Ал енді Дж.Пруцтың пікірі бойынша, ұрғашы шимпанзелер құрал-сайманды әлдеқайда шебер қолдана біледі.

Дж.ПРУЦ: “Құрал-сайманды қолданудан шимпанзелердің арасынан ұрғашыларының тәжірибесі басымырақ және олар өздерінен ерлері әлдеқайда күшті деген түсінікті жоққа шығарды. Ұрғашы шимпанзелер қорек табудың сан-алуан жолын табуға тиіс. Құрал-сайманды пайдалану – қолдан келетін сондай жолдың бірі тәрізді”.

Аң аулау үшін ұрғашы шимпанзелер құрал-сайманды пайдалануға сонау баста қалай үйренді?

Олардың қалай және қашан үйренгенін Пруц ханым кесіп айта алмайды, бірақ та олар адамға еліктеймін деп үйренді деп ойламайды. Сенегалдың Фонголи өңірінде адамдар шимпанзеге тимейді, бірақ соған қарамастан маймылдар адамнан сескенеді.

Дж.Пруц маймылдар құрал-сайманды мұқтаж болғандықтан жасады деп күдіктенеді. Өйткені, ұрғашы шимпанзелердің қарны ашып, қорек іздейді. Пруц ханым мен өзге ғалымдар шимпанзенің тіршілігіне байланысты тың жаңалық ежелгі адамдардың, әсіресе ежелгі әйелдердің тұрмыс-тіршілігі туралы жаңа түсінік туғызады деп ойлайды.

Дж.ПРУЦ: “Сіз білесіз бе, мен ұрғашыларын зерттейтін приматолог-ғалыммын. Сол себепті де, өзге адамдарға қарағанда, әлгіндей шаруаны есейген еркек маймылдардың істемегеніне мен әлдеқайда терең толғанамын. Бірақ, менің ойымша, осындай заттар мен құрал-саймандарды әйелдер бірінші болып жасады деген 1970-інші жылдары ұсынылған ғылыми болжамды бұл растайды”.

Джилл Пруц бастаған ғалымдардың ашқан жаңалығы АҚШ-та басылып шығатын “Қазіргі заманның биологиясы” журналында жарық көреді.
XS
SM
MD
LG