Accessibility links

Қытай үкіметі партия сессиясында өзінің басым мақсаттарын жарияламақшы


Бежин қаласында Қытайдың парламенті болып есептелетін Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысының жыл сайынға 2 апталық сессиясы қызу өтіп жатыр. Оған 3 мыңға жуық делегат қатысып отыр. Халық өкілдері жиналысының кезекті сессиясы Қытай үкіметіне өзінің саясатындағы соңғы басым бағыттарын мақұлдату үшін қажет. Бірақ бұл демократияға тән құбылыс емес, Қытайдың коммунистік партиясы халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысын өзінің саясатына “бата” алу үшін пайдаланады.

Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жинасының осы жылғы сессиясында сөйлеген бағдарламалық сөзінде Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао өзі бастаған үкіметтің саясатындағы басым бағыттарын жұрт назарына ұсынды. Оның ішінде өнеркәсіп саласының қарқынды дамуы салдарынан қоршаған ортаға келіп жатқан зиянды азайту, сонымен қатар экономикалық дамудың жемісін Қытай қоғамының кең көре алуына мүмкіндік туғызу мәселелері қамтылды. Сондай-ақ өз сөзінде Вэнь Цзябао бұдан былай экономикалық өсуді көзсіз қудалай беруге болмайтынын мәлімдеді.

Қытай премьері үстіміздегі жылы экономикалық өсудің 8 пайыз көлемінде жоспарланып отырғанын депутатардың есіне салды. Оның атап көрсетуінше, осы жоспарға сәйкес, шетелдік инвестициялардың орасан зор ағынын бақылауға алу және сыртқы саудасының тұрақсыздығын бірқалыпқа келтіру шаралары қарастырылып отыр. Сыртқы сауданың қазіргі тұрақсыздығынан Қытайдың өзі пайда көріп отыр.

Байлар мен кедейлердің тұрмыс деңгейіндегі айырмашылықтың ұлғая түсуіне тоқталғанында Вэнь Цзябао өзінің наразылықтарын шерулер мен басқа да іс-әрекетімен кең көрсете бастаған ауыл тұрғындарына көмек беру жоспарын ұсынды.

В.ЦЗЯБАО: “Жаңа социалистік ауылдың құрылысын жеделтеу үшін біз ауылдың экономикасын дамытуға және дихандардың табыстарын ұлғайтуға ден қоюға тиіспіз. Біз ауылдың экономикалық базасын тұрақтандырып, жетілдіруге, жергілікті жерлердің мұң-мұқтажын қанағаттандырып, дихандардың тілектерін ескеріп, олардың мүддесін қорғауға тиіспіз”.

Соңғы 20 жылдағы қарқынды экономикалық дамудың барысында қоршаған ортаға тиген экологиялық зиян бұдан былай ескерусіз қалмайды. Экологияны ластайтын улы газдардың жайылуын азайтуды көздейтін халықаралық іс-шараға Қытайдың да қосылуын талап еткен қысымның күшейе түскен кезінде Бежиннің экологияға назар аударуы өте дұрыс. Вэнь Цзябао ауаны улы қалдықтарымен ластайтын ескі өнеркәсіп орындары мен электр стансаларының жабылатынын және электр қуатын үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғау үшін үкіметтің салық мөлшерін ұлғайту мен экологияға тиген зиянның көлемін бағалау сынды нарық шараларын қолданатынын мәлімдеді.

Өз сөзінде Қытай премьері, сонымен қатар, осы жылғы бюджетте қорғаныс саласы шығындарының 17.8 пайызға дерлік ұлғайтылғанын растап, ресми билік ішіндегі сыбайластық жемқорлықтың терең тамыр жаюына айрықша назар аударды.

В.ЦЗЯБАО: “Үкіметтің кейбір мекемелерінде және олардың санаулы қызметкерінің арасында бюрократизм, формализм және бұқара халықтан алыстаған, өзінің міндеттеріне немқұрайды қараған немесе орындамаған, тіпті қызмет бабын асыра пайдаланған және жемқорлыққа жол берген проблемалар бар. Ондай проблемалардың бірден-бір себебі: бақылау мен қадағалаудың жетіспеуінде жатыр”.

Қытай үкіметінің бұл бағдарламасы үміт оятады, бірақ саяси бағдарлама қабылдау мен оны жүзеге асырудың арасында зор айырмашылықтың болатынын кез-келген саясаткер жақсы біледі. Қоршаған ортаның жайына келсек, өткен жылы өзенге бір өнеркәсіптен улы химикаттың төгіліп, өзен суын ластауға Қытай үкіметі бөгет қоя алмады. Ауыл мен қала тұрғындарының табыстары арасындағы айырмашылық одан бетер ұлғая түсті, ал жемқорлықтың деңгейін - өткен жылы компартияның Шанхай қалалық комитетінің бірінші хатшысы әрі Қытай компартиясы Саяси Бюросының мүшесі болған Чэн Лиянгюдің қызметтен босатылуы анық байқатты.

Кеңсесі Лондонда орналасқан Патшалық саяси зерттеулер Институтының Қытай бойынша аға сарапшысы Александр Нэйлдің атап көрсетуінше, Орталықтың саясаты аймақтық немесе жергілікті шенеунектерге жеткенде, көбіне, бұрмалануы немесе тіпті орындалмауы мүмкін.

А.НЭЙЛЛ: “Аймақтарда қайсыбір саясат, көбінесе, сыбайластық жемқорлық жанжалдарының батпағына батып жатады, немесе орталықтағы жоспарлаушылардың сөзі мен жергілікті жерлерде ол сөздің қалай жүзеге асырылуы арасында ешқандай байланыс болмайды”.

Аймақтық және жергілікті басшылардың, көбіне, өздері билейтін өлке-аймақтарда іскерлік мүдделері болады, олар жерінен айрылған немесе жергілікті фабрик-зауыттардың ластауына арызданған фермерлердің арасынан әлдеқайда бай фирмалардың ғана өтініш-тілектерін “қанағаттандырады”.

А.Нэйлдің айтуынша, халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналасының биылғы сессиясының өзіндік маңызы бар. Өйткені, Қытай лидерлері бұл сессияны Компартияның осы жылы күзде өтуіге тиіс 17-нші сиезінде жарияланатын саясатын көрсету үшін пайдаланбақшы.

А.НЭЙЛ: “17-нші сиез партия лидерлерінің “5-інші ұрпағы” деп аталатын келесі ұрпағын айқындаудың сәті ретінде қарастырылып отыр. Келесі ұрпақ билікке 2012-нші жылы келуге тиіс”.

Александр Нэйлдің сөзіне қарағанда, компартияның ішіндегі түрлі топ немесе фракция өз лидерінің келешегін қамтамасыз ету үшін қазірдің өзін де түрлі айла-амалға барып жатыр. Партия ішіндегі жалғасып жатқан осындай күрес-тартыс үкімет пен партияның бұқара халықтың мұң-мүддесінен қаншалықты алыстап кеткенін аңғартады. Сессияға келген депутаттарды бұқара халықтың тілегін ескерусіз Компартияның өзі тағайындады. Күнделікті жаңалықтарға қарағанда, мыңдаған полиция қызметкері сессия өтіп жатқан ғимараттың алдындағы “Тиянанмэнь” алаңына халықты өткізбей тұр. Сонымен қатар полицейлер арыз-шағымдарын халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналасына тікелей тапсырғысы келген халықты да алаңға жібермеді. Ондай арыз-шағымдардың басым көпшілігі, әдетте, жергілікті басшылардың тепкісін көрген халықтың әділдік іздеп жазған өтініштерінен тұрады.
XS
SM
MD
LG