Accessibility links

45-тегі адамға бақыт қайтып орала ма?


Егер Сіз 40-тан ассаңыз және өзіңізді “бақытсызбын” деп сезінсеңіз, онда, үмітсіз шайтан” дегендей, үмітіңізді үзбеңіз! Адамның не себептен уайымдамай, өзін бақытты сезінуін зерттейтін 2 социолог-ғалымның ашқан жаңалығына қарағанда, әйелдер үшін де, ерлер үшін де “бақыт” деген сезімнің 16 жасынан бастап бірте-бірте жоғала келіп, 44-ке келген шағында мүлде ғайып болуға жақындайтын көрінеді. Ал 45-ке толысымен, бір ғажабы, ол сезім жыл өткен сайын қайтадан күш ала бастайды екен.

53 жастағы Эндрю Освальд (Andrew Oswald) пен 54-тегі Дэвид Бланчфлауэр (David Blanchflower) – “бақыт” сезімін зерттейтін экономист-ғалымдар. Өз ізденістерінің барысында олар ғажайып сандар мен мәліметтердің жиынтығын ашты. Мысалға, олардың бастапқыда ашқан жаңалығы бойынша, Сіз ақшаға “бақыт” сатып ала аласыз, бірақ... егер өзіңіздің таныстарыңызға қарағанда бай болсаңыз. Басқаша айтқанда, егер Сіз жылына әлдеқайда мол табыс таба білсеңіз, бірақ, соған қарамастан, өзіңіз танитын өзге адамдарға қарағанда әлі кедей болып қала берсеңіз, онда Сіз өзіңізді әлі де “бақытсызбын” деп сезінесіз.

Өздерінің жаңа ізденісінде Эндрю Освальд пен Дэвид Бланчфлауэр ұлдардың ер жігіт болып, бойы жеткен қыздардың алғашқы кезеңінде өздерін айтарлықтай бақытты сезініп, бірақ көп ұзамай өмірден тез түңіле бастайтынына көз жеткізді. Освальд пен Бланфлауэрдің мұндай тұжырымы Америка Құрама Штаттары мен Батыс Еуропаның елді-мекендерінде жүргізген зерттеулеріне негізделеді. Олар 2 ұлттың арасында айырмашылықтың барлығын байқайды. Мысалға, Америка халқының 1900-інші жылдан кейінгі ұрпақтары барған сайын өздерін бақытсыз сезіне бастаса, ал осы кезде Еуропада оған тіпті қарама-қарсы құбылыс байқалған, әсіресе ерлер арасында. 2 экономист-ғалымның зерттеуі бойынша, Еуропа ерлерінің осы ұрпағы 20-сыншы ғасырдағы ең... бақыттысы болып шықты.

Освальд пен Бланчфлауэр 20 мен 30 жаста бақыт сезімінің неліктен азаятынын ойластырмайды. Сонымен қатар олар Америка Құрама Штаттары мен Еуропадағы бақыт сезімінің арасындағы айырмашылықты да түсіндіріп жатпайды. Оның есесіне 2 ғалым, шынында, 44 жастан кейін бақыттың неліктен қайта өсе түсуіне байланысты 3 теорияны ашты. Ол теорияның біріне сәйкес, адам өзінің бар күші мен әлсіз жерін байқап, “жас шағында мүмкін болып көрінген биік мақсат-мұраттарынан” арыла бастайды. Екінші теория бойынша, бақытты адамдар ұзақ өмір сүреді. 20-дан 40-қа дейін уайым-қайғымен өмір сүрген адам 40-қа келгенінде не ауруға шалдығады, не өзіне-өзі қол салып өледі.

Ал үшінші теорияға сәйкес, жасы 40-тан асқан адам, бәлкім, “тәубәсіне” келетін сияқты. 45-ке толғандар, бәлкім, мектепте өздерімен қатар оқыған достарының немесе құрдастарының мезгілсіз қайтыс болғанын көреді. Соған қарай отырып олар өздерінің тірі жүрген әр жылына “тәубә” дейді.

Эндрю Освальд – Англиядағы Уорвик университетінің экономика профессоры, ал Дэвид Бланчфлауэр – Америка Құрама Штаттарының Нью-Гемпширіндегі Дартмуз колледжінің (Dartmouth College) оқытушысы. 2 ғалымның осы зерттеуін ("Is Well-Being U-Shaped Over the Life Cycle?") АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Кембридж қаласында орналасқан Экономикалық зерттеулердің Ұлттық Бюросы басып шығарды.
XS
SM
MD
LG