Accessibility links

Орта Азия елдерінде күнкөріс қамымен ауыр еңбекке балалар да шегіліп жүр


Өтпелі кезеңнің ауыртпалығын бастан кешіп жатқан Орта Азия мемлекеттерінде кәмелетке толмаған мыңдаған бала отбасын асыру үшін еңбек етеді. “Азаттық” Радиосының ортаазиялық редакциялары өзінің ең тәтті балалық шағын ауыл-шаруашылық фермалары мен базарларда күні-түні еңбек етумен өткізген осындай кейбір жеткіншекпен кездескен болатын.

Душанбенің базарында жастық шағының 5 жылын өткізген 17 жастағы тәжік баласы – Дона үшін жұмыс күні таңсәріден басталады. Ол таңғы сағат 6-да көзін тырнап ашып, аптасына 7 күн бойы сатып алушылардың ауыр жүктерін жеткізіп берумен шұғылданады. Дона 14 сағатқа созылатын жұмыс күнінде шамамен 6 доллардай табыс тауып, кешкі сағат 8-ге қарай үйіне қайтар кезінде аяғын алып жүруге де шамасы келмей әбден шаршайтынын жасырмайды.

ДОНА: “Үйге қайтқан кезде мен әбден шаршаймын. Анам маған “тамағыңды іш!” дейді. Бірақ, кейде, менің тамағымды ішуге де мұршам келмейді. Өйткені, шаршағаным соншалықты, отырып ас ішуге шамам жетпей ұйықтап кетемін. Аяғым шаршайды. Келесі күні таңсәріде мен базарға қайтып ораламын. Ешқандай сатып алушы болмай қалса, біз бір-бірімізді қуалап ойнаймыз”.

Дона мен базарда қара жұмыс істейтін басқа да балалардың осындай ойыны, өздерінің мойындауынша, бала болып көретін бар қызығы. Олар оқудан жазда демалу немесе еңбек демалысы дегенді білмейді. Ең бастысы, олар ешқандай жүйелі орта білім алмайды және кәмелетке толмаған бала ретінде өздерінің құқын білмейді. Халықаралық еңбек ұйымдарының жобалауынша, Орта Азия елдерінде өзі мен отбасын асырау үшін 7 жасынан бастап еңбек етіп жүрген 10-даған мың бала бар. Олардың басым көпшілігі арба сүйреу, автокөлік жуу немесе көшелер мен базарларда полиэтилен қапшықтар, көкөніс, жеміс-жидек немесе тағы басқа тауар сату сынды қара жұмыспен айналысып күнін көреді.

Ауыл аймақтарда қаншама бала ата-анасымен бірге мақта немесе астық фермалаларында жұмыс істеп, мақта, көкөніс жинайды, егін орады, мал бағады. Кейбір қырғыз отбасы өздерінің кәмелетке толмаған балаларын темекі фермаларындағы маусымдық жұмысқа көрші Қазақстанға алып барады. 12 жастағы Ұлықбекті ата-анасы үлкен қалаға ақша табуға жұмсаған. Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында туып өскен Ұлықбек – осы күні Бішкектің базарында аяқ-киім сатады. Оның айтуынша, күніне 1,5 АҚШ долларына тең пайда табады.

ҰЛЫҚБЕК: “Күніне 50 сомдай табамын. Күніне кейде жетпей қалады, кейде өзімнің тамақ-асыма зорға жетеді. Күніне 25 сом ақшаны үнемдеп, Оштағы ауылыма жөнелтемін. Күн ыстықта, қыста қатты қиналамын. Сатып алушылар ұрысады, ұрлап кеткен күндер болады, алдап кеткен күндер болады. Сөйтіп қиыншылық көріп жүремін. Ошты әбден сағындым”.

Өзбекстанда үкімет балаларды мақта жинауға жұмылдыру үшін күзді күні орта мектептерді жауып қояды. Орта Азия елдерінің көпшілігінде заң бойынша 18-ге толған азамат қана жұмыс істей алады. Бірақ, ата-анасының келісімі бойынша, балаға 16 жасынан бастап жартылай жұмыс күні еңбек етуге рұқсат беріледі.

Тәжікстан мен Түркіменстан заңдарына сәйкес, кейбір жағдайда 14 немесе 15 жастағы балаға еңбек етуге рұқсат бар. Ол заңдарға сәйкес, кәмелетке толмаған балаға “оның білімін жетілдіретін” және баланың “ой-санасының дамуына” немесе денсаулығына зияны жоқ жұмыс берілуге тиіс. Сонымен қатар балаларға тым көп жұмыс беруге және түнде жұмыс істетуге рұқсат жоқ. Жұмыс берушілер балаларды қатерлі және тым ауыр жұиысқа жегуге тиіс емес. Сонымен қатар Орта Азия мемлекеттерінің заңдарында балалардың міндетті түрде толық орта білім алу керектігі айтылған. Ал шындығына келгенде, ол заңдар көбіне орындалмайды.
XS
SM
MD
LG