Accessibility links

Еуропа Одағы өзінің Орта Азиядағы стратегиясын дайындады


18-інші маусым күні Люксембургте болып өткен бас қосуының барысында Еуропа Одағының сыртқы істер министрлері Орта Азия елдерімен арадағы қарым-қатынасы туралы ең алғашқы стратегиясын мақұлдады. Ол құжатты енді Еуроодақ лидерлерінің 21-22-нші маусым күндері Брюссельде өтетін саммиті құптайды деген сенім бар. Люксембургтегі бас қосудан кейін Еуроодақ шенеуніктері атап көрсеткендей, Люксембургте мақұлданған алғашқы стратегия – Орта Азия мемлекеттерімен арада көмірсутегі шикізатының саудасы саласындағы ынтымақтастығын дамытумен қатар, Ауғанстан жағынан төнген қауіп-қатерге бірлесіп қарсы тұру мәселесін де қарастырады. Ал Ауғанстан жағынан төнген қауіп-қатер барған сайын артып барады.

“Орта Азия – Еуропа Одағы үшін “өлі аймақ” сияқты болды” деген Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайэр Брюссельдің Орта Азия елдерімен арадағы осыған дейінгі қарым-қатынасын дәл сипаттады. Сөз болып отырған аймақ - мұнай шикізаты мен газдың табиғи қорына өте бай, Еуропа мен Азияны байланыстыратын “көпір” болып табылады, сонымен қатар Орта Азия – Ауғанстанда өндірілген есірткі заттардың заңсыз тасымалданатын негізгі бағыттарының бірі...

Қанша дегенмен де, Орта Азия - өзіне қатысты Еуропа Одағының ресми стратегиясы болмай келген жалғыз ғаламдық аймақ болып келді. Люксембургтегі бас қосудан кейін Еуропа Одағының сыртқы қарым-қатынастар бойынша арнаулы өкілі Бенита Ферреро-Вальднер ханым атап көрсеткендей, дүние жүзіндегі жетекші елдердің Орта Азияға деген қызығушылығы барған сайын артып келеді де, демек Еуропа Одағы да кешігіп қалмау үшін ертерек қимылдауға тиіс.

Б.ФЕРРЕРО-ВАЛЬДНЕР: “Егер біз осы елдермен, мысалға, Қытайдың, Ресейдің, Жапонияның ынтымақтасуға деген мұқтаждығын көріп отырсақ, оларды ынтымақтастыққа тартуға біздің де мүмкіндігіміз бар”.

Орта Азия елдерімен арадағы ынтымақтастық стратегиясын өз кезегімен осы күні Еуроодаққа төрағалық ететін Германия дайындады. Ол стратегия Еуропа Одағының сыртқы істер министрлерінің 18-інші маусым күні Люксембургте болып өткен кездесуінде мақұлданды. Енді ол құжатты Еуроодақ лидерлерінің 21-22-нші маусым күндері Брюссельде өтетін саммиті де құптайды деген сенім бар.

Сонымен Еуропа Одағының Орта Азия мемлекеттерімен арадағы қарым-қатынасы туралы алғашқы стратегиясы демократия мен адам құқын қорғау проблемалары, екіжақты сауда байланысы, энергетика саласындағы ынтымақтастық және мәдениетаралық қарым-қатынас сынды ауқымды мәселелер мен проблемаларды қамтиды. Еуроодақтың көздеген ең басты мақсат-мүддесі, әрине, Ресейдің алдындағы тәуелділігін жұмсарту мақсатында Орта Азияның мұнай мен газ қорларына қол жеткізу болып отыр. Бірақ, Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайэрдің мәлімдегеніндей, Еуропа Одағы өзінің стратегиясын одан әлдеқайда кең ауқымда көргісі келеді.

Ф.-В.ШТАЙНМАЙЭР: “Экономикалық байланыстар, қуат көздерімен сауда-саттық – Еуроодақтың Орта Азиямен ынтымақтасуының бір негізі болуы мүмкін. Бірақ ол - көп негіздің бірі ғана. Сонымен қатар біз бұл аймақтағы саяси тұрақтылыққа да аса мүдделіміз. Ондай тұрақтылыққа, өздеріңіз де білесіздер, ол Ауғанстан болсын, не Иран болсын - оңтүстіктегі көршілерінен қатер төніп тұр”.

Еуроодақ дипломаттарының атап көрсетуінше, Ауғанстанға ерекше назар аударылуының басты себебі – соңғы кезде тәліптер мен “Әл-Қаида” содырларының белсенді іс-қимылға көшіп, елдегі тұрақсыздықтың ушыға түсуі болды. Ал Еуропа Одағының “Ортаазиялық Стратегиясы” соңғы кезде адамның құқын қорғайтын халықаралық ұйымдардың ащы да өткір сынына тап болды. Адамның құқын қорғаушылардың пікірінше, өзінің жаңа стратегиясына Орта Азия елдері жағынан “бата” алу үшін Еуроодақ әсіресе Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасында адам құқының қорғалу проблемасына онша көп көңіл бөлмей отыр.
XS
SM
MD
LG