Accessibility links

Тәліптер Кабулға қарсы шабуылдарын үдете түсемін деп қорқытады


Ауғанстандағы “Талибан” қозғалысы Кабулдағы ресми билікке қарсы соғыс тактикасын өзгертіп, шабуылдарын қазіргіден де үдете түсетінін мәлімдеді. Тәліптер мұндай қоқан-лоққыны Кабулда жанпидашыл-террористің бұрын-соңды болмаған қастандықты іске асыруының ізінше көрсетіп жатыр.

Тәліптердің Ауғанстан астанасы – Кабулға қарсы шабуылдарын үдете түсетінін осы қалада жанпидашыл-террористің полиция автобусына шабуыл жасап, 35 адамды өлтіріп, 50 кісіні жаралаған қастандығынан бірнеше күн өткенде мәлімдеп отыр. Бұл - Кабулда іске асырылған ең ірі қастандық болды. “Талибан” қозғалысының Кабулдағы ресми билікке қарсы тактикасын өзгертетінін жариялаудан бірнеше ай бұрын бұрын, НАТО басқаратын халықаралық күштер Ауғанстанның оңтүстігінде терроризмге қарсы соғыс операциясын жүргізіп, тәліптердің ең басты дала қолбасыларының көзін жойып, тәліптердің “көктемгі жорығының” қарқынын басты. Бейсенбі күні ауған-пәкістан шекарасы маңындағы жасырын баспанасынан “Азат Ауғанстан” Радиосына берген сұхбатында тәліптердің өкілі Забихулла Муджаһед былай деп мәлімдеді:

З.МУДЖАҺЕД: “Біз өзіміздің операцияларымыз өте жемісті болды деп есептейміз. Енді біз Кабулды қысымға аламыз. Өйткені, біздің жауымыз сол жерге шоғырланған”.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі Земери Башари, “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында, Ауғанстанның қауіпсіздік күштері тәліптердің Кабулға қарсы күшейтілген шабуылдарына тойтарыс беруге әзірленіп жатқанын хабарлады.

З.БАШАРИ: “Біз күштерімізді түрлі жерге, әсіресе Кабулға алып келетін бағыттарға, тікелей Кабул қаласының ішіне және тағы басқа осал жерлерге шоғырландырып жатырмыз. Біз қауіп төнетін басқа мүмкіндіктерді қарастыратын жаңа жоспар жасаймыз және сол жоспарға сәйкес операция бастаймыз. Біз жақсы нәтижеге жетеміз ғой деп үміттенеміз және Кабул қаласын жақсылап қорғаймыз, әсіресе жанпидашыл-террористердің шабуылдарына жол бермейміз. Ондай шабуылдар Кабул тұрғындарының санасына жаман әсер етті”.

Бейсенбі күні “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Ауғанстандағы НАТО-ның басқаруына қарайтын халықаралық қауіпсіздік күштерінің өкілі подполковник Мария Карл атап көрсеткендей, тәліптерден төнген қатерге төтеп беру үшін НАТО әскері Ауғанстанның қауіпсіздік күштерімен арадағы ынтымақтастығын нығайта береді. Бірақ, деп ескертті Мария Карл, тәліптердің әлгі ескертуі НАТО-ның соғыс стратегиясын толығымен өзгертпейді. Оның айтуынша, қазір Ауғанстанда “күрес-тартыстың нағыз қызған кезі” және қазір Ауғанстанда НАТО күштерінің жыл басында айтқан болжамы ақталып жатыр. Атап айтқанда, жанпидашыл-террористердің шабуылдары үдей түсіп, тәліптер “өздерінде жоқ күш-қуатын үлкейтіп көрсетуге” тырысып жанталасу үстінде. Биыл НАТО күштері өзінің басты стратегиясын тәліптер “көктемгі жорығына өзінің мыңдаған жасағын жұмылдыруды” жоспарлаған Оңтүстік Ауғанстанға бағыттады. Тәліптер Гильменд, Фарах және Кандагар облыстарының алыста орналасқан бірнеше аудан орталығын қысқа уақытқа болса да басып алды. Бірақ ол аудандарды ұзақ ұстап тұра алмады және ол шабуылдар тәліптерге тым қымбатқа түсті. НАТО мен АҚШ әскері бастаған коалициялық күштер әуеден соққы беріп, тәліптерді көп қансыратты, Гильменд өлкесіндегі стратегиялық маңызы бар Кажаки су бөгетіне шабуыл жасамақ болған бірнеше дала қолбасының, оның ішінде аты-шулы жалғыз аяқты Дадулла молданың көзін жойды. НАТО-ның хабарлауынша, биыл өз күштерінің Гильменд және Кандагар облыстарындағы шабуылдары тәліптерді Кажаки бөгетінен минаатқыштың оқтары мен зымырандары жете алатын қашықтыққа дейін жақындатпауды мақсат етті.

Кажаки бөгеті – Ауғанстанды қалпына келтіру жұмыстарының ең басты жобасы болып табылады. Оның электр турбиналары қуат өндіре бастап, электр желілері қалпына келтірілсе, алыстағы Кандагар қаласынан бастап шамамен 2 млн. ауғандықты электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Бастапқыда құрылыс инженерлері өткен жылы жөндеу жұмыстарын оның ең басты турбинасынан бастауды жоспарлаған болатын. Бірақ олар бөгет маңындағы жұмысшылардың лагеріне жету үшін Гильменд облысындағы шайқастардың аяғын тосып қалды. Жуырда НАТО әскері Кажаки маңында тәліптерге соққы беріп, жеңіске жеткенін хабарлап, жұмысшылар енді бөгетті Герешк қаласымен байланыстыратын 40 шақырымдық жол салуға дайындалу үстінде.

Алайда, Ауғанстанның оңтүстігі мен шығысындағы басқа аудандарында тәліптерге қарсы кескілескен ұрыстар толастар емес, тәліптер коалиция әскері немесе Ауғанстаның қауіпсіздік күштері аз алыс аудандарды басып алу тактикасын әрі қарай жалғастырды.
XS
SM
MD
LG