Accessibility links

Буш пен Путин бейресми жағдайда екі жақты қарым-қатынасты жақсартуға тырысып көреді


Буштар әулетінің Кеннебанкпорттағы ранчосында АҚШ президенті Дж.Буш пен Ресей президенті В.Путиннің өзара кездесуі өтіп жатыр. Буш әулетінің ранчосы - АҚШ-тың Мэн штатындағы Атлантика жағалауында орналасқан. Ал бұл басқосу қонақ күту сияқты Буштар отбасының өзалдына жеке шарасы ретінде жарияланып, журналистерден аулақ өтіп жатыр. Оның қарсаңында Американың бақылаушылары атап көрсеткендей, соңғы кезде салқындап кеткен АҚШ-Ресей қарым-қатынасын біршама “жылыту” үшін Дж.Буш осындай бейресми кездесу өткізуді жөн көрді. Бірақ 2 лидердің Вашингтон мен Мәскеудің қарым-қатынасындағы барлық проблеманың шешімін таба қоюына күмәнмен қарайтын бақылаушылар да аз емес.

Журналистер АҚШ пен Ресей президенттері Дж.Буш пен В.Путиннің Кеннебанкпорттағы Буштар әулетінің ранчосында өтіп жатқан 2 күндік кездесуіне “омар саммиті” немесе “шаян саммиті” деген айдар тағып үлгерді. Оған себеп: Американың Мэн штаты теңіз шаянынан дайындалатын тағамымен кең танылған. В.Путин өзінің зайыбымен Буштардың ранчосына жексенбі күні келіп тоқтады. Ол – осы ранчоға шақырылған бірінші шетелдік қонақ. Дж.Буш оны өзінің моторлы қайығына отырғызып, серуендетті.

Осы кезде ранчоның төңірегінде 100-деген адам жиналып, АҚШ-тың Ирақтағы, ал Ресейдің Чешенстандағы саясатына қарсы наразылық шарасын өткізді. В.Путиннің Кеннебанкпортқа келген бірінші күні Буштардың үйіндегі кешкі қонақасымен аяқталды. Оның басты тағамы - жоғарыда айтылғандай – теңіз шаяны болды. Кешкі астың үстінде 2 президент 2 сағатқа созылған бейресми келіссөз өткізіп, Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров оны “өте жылы-шырайлы” әрі “әзіл-сықаққа толы отырыс болды” деп сипаттады.

К.ЛАВРОВ: “Күнделікті өмір талқыланды – олар АҚШ-тағы және Ресейдегі ахуалды, екі елдің демократиялық жүйелерінің даму барысын сөз етті. Екі елдің ішіндегі саяси ахуал - сайлауалды науқанының барысындағы қайсыбір оқиғаның салдарынан - Вашингтон мен Мәскеудің арасындағы қарым-қатынасқа теріс әсер етпеуге тиіс екенін 2 президент те жақсы түсінеді”.

АҚШ пен Ресей президенттерінің таңғы асы – Прага уақыты бойынша сағат 16.45-ке жоспарланып, оның ізінше Дж.Буш пен В.Путин бірлескен баспасөз-маслихатын өткізуге тиіс.

Дж.Буш та, В.Путин де – Буштар әулетінің үйіндегі кездесуінен кейін ешбір келісімге немесе ресми құжатқа қол қойылмайтынын ескертті. Саяси сарапшылардың басым көпшілігі онымен келіседі. Массачусетс штатындағы Уэллесли (Wellesley) колледжінің профессоры, Ресей экономикасы бойынша сарапшы әрі В.Путиннің энергетикалық саясаты туралы кітаптың авторы Маршалл Голдманның “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында атап көрсеткеніндей, қайсыбір келісімге келе алатындай олардың арасында қарама-қайшылық тым көп.

М.ГОЛДМАН: “Мен көп нәтиже күтпеймін. Өйткені, менің ойымша, екі жақты алыстатып тұрған проблемаларды 2 ел, 2 лидердің арасындағы 2 күндік кездесуі жылы-шырайлы да бейресми болса да, 2 күннің ішінде шеше алмайды”.

В.Путин, оның өз сөзімен айтқанда, Американың бүкіл әлемге “жөн сілтеуін” үнемі сынап келе жатса, өз кезегінде Дж.Буш В.Путиннің тұсындағы Ресейдің демократиялық жетістіктерінен кейін шегінгенін ашық айтып келеді. Кремль, әсіресе, АҚШ-тың зымырандық соққыдан қорғану жүйесінің элементтерін Польша мен Чехия Республикасына орналастыру жоспарын Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер деп қабылдайды. Бірақ ресми Вашингтон өзінің радарлық жүйесі Ресейге қарсы емес, Иран сияқты “алааяқ мемлекеттердің” соққы беруінен қорғануды көздейді деп дәлелдеуге тырысады.

Кремль мен Ақ үй, сонымен қатар, Сербиядан бөлінген Косово өлкесінің келешегі бойынша да ортақ пікірге келе алмады. В.Путин Косовоға БҰҰ-ының бақылауымен тәуелсіздік беруді көздеген Батыстың ұстанымына түбегейлі қарсы. Иранның ядролық бағдарламасы проблемасы бойынша да Ресей мен АҚШ ешқашан бір келісімге келіп көрген емес – ресми Вашингтон Иранға қарсы қатаң жаза қолдануды ұсынып жатса, Мәскеу – ол проблеманы дипломатиялық жолмен шешуді талап етеді. Профессор Маршалл Голдманның пікірінше, Дж.Буш әлі де Ресейді “жоғалтып” алмағанын көрсетуге тағы да тырысып көрмекші.

М.ГОЛДМАН: “Менің ойымша, Дж.Буш әлі де болса В.Путинмен шынымен де уәжге келе алатынын, өзінің Ресейді алыстатып алмағанын көрсетуге тырысып көреді, соның ең ақырғы амалын жасауға тиіс. Менің ойымша, егер өзі қосымша амалын істемесе, жұрттың шынында: “Сіз, президент Буш, Ресейден айрылдыңыз!” - деп айтатынын Буш мойындаса керек. Менің ойымша, ол әлгіндей амалын жасап дәл сондай сыннан құтылғысы келеді”.

Бүгін Мэн штатының ғажайып туристік қалаларының бірі болып табылатын Кеннебанкпорт қаласында Дж.Буштың Ирақтағы, ал В.Путиннің Чешенстандағы саясатына қарсы наразылық митингісі өтуге тиіс.
XS
SM
MD
LG