Accessibility links

Иранда таспен ату үкімімен бір ер адам өлтірілді


Cейсенбі күні Ирандық сот Техранның батысындағы солтүстік провинцияда зинақорлық жасады деген айыппен сотталған ер адамның тас лақтырып өлтірілгенін нақтылап отыр. Құқық қорғаушы белсенділер енді онымен 11 жыл бұрын бірге сотталған әйел де дәл осындай жазаға тартылуы мүмкін деп алаңдап отыр. Құқық қорғаушы топтар бес жыл бұрын тас атып өлтіруге мораторий жарияланғанымен де бұл қатаң жаза жиі орын алып келеді дейді.

Жафар Киани Қазвин провинциясындағы кішкентай ауылда таспен лақтырылып өлтірілді. 40 жасқа келіп қалған ол зинақорлық жасады деген айыппен сотталған соң, соңғы он жылын түрмеде өткізді. Жафар Киани Иран Ислам Революциясының 1979 жылдан бергі жүзеге асып келе жатқан қатаң заңдарының соңғы құрбаны. Интернеттегі “Тас атуды мүлде тоқтату” акциясы Кианидің өлімі туралы шілденің 8-де хабарласа, келесі күні реформашылдар мен басқа да ақпарат бұлақтары тас лақтыру үкімінің орындалғанын жазып жатты. Сейсенбі күні Ирандық сот өкілі Алиреза Жамшиди ол ақырғы үкім болғандықтан Ағче Канд елдімекенінде жүзеге асқанын нақтылады.

Ол үкім 2002 жылы Иран сот жүйесінің басшысы Аятолла Махмуд Хашеми Шахрудидің тас атуға мароторий жариялау нұсқауына қарамастан орындалып отыр.

Иранның Нобел бейбітшілік сыйлығының иегері, құқық қорғаушы Ширин Ебадидің Фарда радиосына айтуынша, бұл жағдай адам құқықтары негіздеріне қайшы келеді:

“Мен тас ату үкімінің жүзеге асқанына өкініштімін. Өйткені, бұл үкім Иранның халықаралық міндеттемелеріне кірмейді. Әрі Иранның сот жүйесінің басшылығы тас ату үкімі болмауы керек деген бірнеше қаулы шығарған.”

Жафар Киани мен Мокарамех Ебрахимиді таспен ату 21-ші маусымға белгіленген. Бірақ, Ирандағы наразылықтар мен халықаралық қарсылықтарға байланысты ол кейінге қалдырылған. 20-шы маусымда Иранның ақпарат агенттігі арқылы сот өкілдері тас ату үкімінің Такестанда тоқтатылғанын хабарлаған. Ол хабарламаны тас ату үкіміне қарсы болып келген адам құқығын қорғаушы топтар қоштады. Бірақ, тас атып өлтіру ең қатыгез жаза деп қарайтын құқық қорғаушылар Кианидің өлімі туралы естіген соң қайта дабыл қағып қалды.

Ол үкім сондай-ақ, қатыгез қойылым сияқты. Онда ер адам беліне дейін әйел адам мойнына дейін көміліп, қолдары артына байланып, өлгенше тас лақтырылады. Ислам шарттары бойынша тас атуға пайдаланылатын тас бір немесе екі рет атқанда өлтіретіндей қатты үлкен болмауы керек және тым кішкентай да болмауы тиіс делінген.

“Тас атуды мүлде тоқтату” акциясының халықаралық үйлестірушісі Сохейла Вахдати «Азаттыққа» берген сұхбатында, өздерінің енді қазір Кианидің көңілдесі болғаны үшін сотталып әлі де түрмеде отырған Ебрахимидің тағдырына алаңдаушылығы күшейіп тұрғанын айтты:

“Бұл үкімнің дүниежүзі бойынша қарсылықтарға қарамастан жүзеге асуы өте алаңдатарлық. Біз ол екеуі де таспен атылады деген ақпарат алдық, бірақ өткен аптадағы Ирандағы әйелдер күніне байланысты Мокарамех таспен атылмаған. Бірақ, ол да таспен атылатын сияқты”.

“Тас атуды мүлде тоқтату” акциясының хабарына қарағанда, Ебрахими мен Киани 11 жыл бұрын зинақорлық байланыстары үшін қамауға алынған. Олардың ортақ екі баласы қазір айыпталған анасымен бірге түрмеде өмір сүріп жатыр. Ирандағы ислам заңдары бойынша, зинақорлық айыбы үшін біреудің куә болуы, мойындау немесе соттың білгені үкімге нақты негіз бола алады. Киани мен Ебрахими соттың білгендігі негізінде өлім жазасын алған. Вахдати Эбрахимидің балаларының тағдыры туралы мәліметтер үстіртін екенін айтады:

“Өкінішке қарай, бізде нақты ақпарат жоқ. Тіпті Эбрахимидің 8 айдай адвокаты болған Саид Еғбалидің өзі оның ісін қарай алмайды. Бізде оның жағдайы туралы жеткілікті ақпарат жоқ. Біз оның екі баласы бар екенін, олар онымен бірге түрмеде тұрып жатқанын білеміз. Біз балалардың нақты қыз не ұл екенін білмейміз. Бірақ, Ирандағы акцияның белсенділері оны зерттеп, Такестанға барып алғашқы ақпаратты алмақшы. Олар тағы бір таспен ату үкімінің құпия орындалуына жол бермеу үшін қолдан келгендерін жасағысы келеді”.

Қазір мораторий жарияланған бес жылдан бері қанша адам таспен ату үкімі бойынша өлгені белгісіз. Иран ресмилері 2002 жылдан бері ешқандай таспен ату жазасы болған жоқ деп отыр. Кианидің таспен өлтірілуі Иран ресмилері нақтылаған бір ғана мысал.

Өткен аптада Кианиді таспен өлтіру қоғам алдында жергілікті ресмилер мен қауіпсіздік күштерінің қатысуымен жүзеге асқан.

Деректерге қарағанда, 2006 жылдың соңында кемінде екі адам таспен өлтіріліп, тағы сегіз әйел тас ату үкімін күтіп жатыр.
XS
SM
MD
LG