Accessibility links

Түркия: Әділет және даму партиясының жеңісі Қара теңіздің тұрақтылығын кепілдік бере ме?


Түркияда таяуда болып өткен парламент сайлауында Әділет және даму партиясының айтарлықтай оңай жеңіске жетуі түрік үкіметінің экономикалық саясаты мен оның “еуропашыл” ұстанымына қоғамның қанағаттанғанын аңғартқандай болды. Түркияның Еуропа Одағына мүше болып кіре қоятын күні әлі ұзақ болып көрінсе де, теңіз порттары мен мұнай шикізаты өтетін транзиттік жері ғаламдық маңызға ие бола бастаған Түркияның өзі, нәтижесінде, Қара теңіз аумағындағы бірқалыпты күшке айналуы мүмкін.

Түркия халқы соңғы парламент сайлауының нәтижесі өзінің келешегіне қалай ықпал ететінін ойлап отырған кезде, көрші елдердің халықтары Анкарадағы оқиғаларды қызыға бақылап-бағып отыр. Еуропа Комиссиясының төрағасы Жозе Мануэль Баррозу премьер-министр Реджеп Тайып Ердоған бастаған билік басындағы маңызды реформаларды жүзеге асыруға міндеттеме алған Әділет және даму партиясының жеңісін қуанышпен қабылдады. Сонымен бірге Баррозу Түркияның Еуропа Одағына мүше болуға, ал Еуроодақтың Түркияны қабылдауға “не ертең, не одан кейінгі күні де” дайын еместігін ескертті.

Дегенмен де, соңғы парламент сайлауы - мұсылман елінің Еуропаға қарай бет бұруының маңызды белесі болды. Түркия – Қара теңіз аумағы үшін экономика жағынан бірқалыпты, қауіпсіздік жағынан маңызды рөлге ие болды. Қара теңізді жағалай орналасқан 6 мемлекеттің (Украина, Грузия, Румыния, Болгария, Түркия және Ресей) ішінен екеуі ғана – Румыния мен Болгария ғана - 27 мүшесі бар Еуроодақтың қатарына қосылды. Жалпы Қара теңіз аумағына Албания мен Армения, Әзірбайжан мен Сербия және Молдова мен Грекия да жатады. Олардың барлығы да – Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы ұйымының (BSEC) мүшелері.

Міне осы елдер мен олардың аталған ұйымы - мұнай шикізатына бай Ресей мен Каспий теңізі аумағының қақ ортасында орналасқан, демек Қара теңіз - өзінен-өзі мұнай мен газдың транзиттің жолына айналады. Еуропа табиғи газдың 40 пайыздан астамын сырттан импорттайды, ал оның тең жартысы Ресейден келеді. Энергетика қауіпсіздігі Еуропа Одағын қатты алаңдатқан маңызды проблемаға айналып отыр да, ресми Брюссель қуат көздерінің Ресейден басқа балама көздерін қарастыра бастады.

Сәуір айында Еуроодақ мұнай мен газдың тың көздерін табу және көмірсутегі шикізатын тасымалдау жобаларын жасау, сондай-ақ Қара теңіз аумағының қауіпсіздігін нығайту мақсатында Қара теңіз ұйымымен бірлесіп әрекет ету туралы “бастама” көтерді. Оның бастапқы “қадамы” ретінде маусым айында Еуроодақтың өкілі Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы ұйымының жылдық бас қосуына қатысты. Аталған ұйымның Батысқа тасымалданатын газ бен мұнайға транзиттік жол ашатын және Қара теңіз аумағын көмірсутегі шикізатымен қамтамасыз ету үшін құбыр тартуды көздейтін бірнеше аймақтық жобасы бар. Ресми Брюссель ол жобалармен қатар аумақтық сауда қатынасын дамыту үшін теңіз жағалауымен 2 мың шақырымдық тас жол салу ұсынысын да қолдады.

Энергетика мәселесінде Қара теңіз аумағының Еуропа Одағымен тығыз ынтымақтасуы Ресейге онша ұнамай қалуы мүмкін. Өйткені, Ресейдің Қара теңіз бен Каспий аумағының энергия ресурстарына қатысты бәсекелес жоспарлары бар. Бірақ Түркияның Батыспен арадағы жақын қарым-қатынасы Түркияның Ресеймен арадағы ынтымақтастығына бөгет болған жоқ. Ғаламдық энергетика зерттеулері Орталығының энергия бойынша аға сарапшысы Джулиан Ли осылай деп есептейді.

ДЖУЛИАН ЛИ: “Менің ойымша, Түркия мен Еуропа Одағының арасындағы және Түркия мен НАТО-ның арасындағы қарым-қатынас ұзақ жылдардан бері өркендеп келе жатыр. Ал бұл - Түркияға инвестиция салғысы келген, Түркияны Еуропаға және тағы басқа жаққа бағыттылған экспорттық жол ретінде пайдаланғысы келген Ресейдің мүддесіне қарама-қайшы келмейді”.
XS
SM
MD
LG