Accessibility links

Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының тауқыметті тағдырлары ешқашан ұмытылмайды


1990 жылдың 13 тамызы күні Совет Одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев Сталиндік қуғын-сүргін құрбандары болған миллиондаған адамдарды ақтау туралы жарлық берді. Сталиндік репрессия зобалаңы 1937-38 жылдары өзінің шырқау шыңына жеткен болатын, бұл кезеңді бүгінде ұлы зұлмат-зобалаң жылдары деп атайды. «Азаттық» радиосы осы террор кезеңіне арналған бірнеше бөліктен тұратын сериялы хабарларында Сталиндік репрессия саясатының құрбандарына айналған отбасылардың тағдырлары жайында сөз етеді.

Ол кезде сталиндік үлкен террордың қаралы жалыны шарпымаған ешкім қалмаған еді. Зұлмат Совет одағының құрамындағы барлық елді, барша ұлт пен ұлысты, түрлі жастағы азаматтардың бәрін де қамтыған болатын.

Молдованың белгілі жазушысы Владимир Беслига 1937 жылы алты жастағы бала болған. Ол өзінің кішкентай ауылындағы сол бір жаралы жылдарды былай деп еске алады:

- Ол кезде жаппай тұтқындаулар жүріп жататын, әр күні таңертеңгісін адамдар бір-бірінен бүгін түнде кімді алып кетті деп сұрайтын, ауылдастардың аузынан "қара қарға" деген сөздер түспейтін, түнде тұтқындалғандарды алып кететін машиналарды халық осылай атап кеткен.

Ол уақытта молдован тілінде жазу мен оқудың өзі де қылмыс деп есептелетін. Кітаптар тәркіленіп, мектептерде молдован тілінде оқытуға тиым салынған. Соған қарамастан, Беслиганың анасы баласының туған тілін ұмытпауына бар күшін салып, оған жасырын түрде молдован тілінде жазылған кітаптарды оқытқан екен.

- Елдің бәрін қорқыныш билеп, не айтса да сыбырлап сөйлейтін, өйткені ол туралы жоғары жаққа біреу жеткізіп қояды деген қорқыныш болатын, міне сондай қорқыныш осы уақытқа дейін біздің қанымызда бар сияқты.

Сталиндік режим әр ұлттың оқыған, көзі ашық азаматтарына қырғидай тиді. 1992 жылы археологтар Қырғызстанның астанасы Бішкекке жақын жерде құрбандар жаппай жерленген бейітті тапты. Онда құпия жағдайда атып өлтіріліп, жасырын жерленген 138 адамның көмілген екен, олардың бәрі де сол кезде жоғары дәрежелі қызметтер атқарған, ұлттың зиялы өкілдері болған.

Қырғыздың белгілі драматургы, бұрынғы заңгер Мар Байжиевтің әкесі осы террор жылдарында түрмеде қаза тапқан. Беларус ақыны Тодар Клашторный да сталиндік зұлмат жылдарының құрбаны, оның қызы Мая Клашторная отбасының басына түскен жайттар турасында былай деп әңгімелейді:

- Мен 1937 жылы тудым, әкем ол кезде түрмеде отырған, ал анам да қамауда екен. Бір уақыттарда менің ата-анам ізденудің арқасында кездесуге рұхсат алады, бір-бірін көргенде түрлерінің адам шошырлық болғаны сондай, әкем есінен танып құлап қалады.

Осы кездесуден кейін көп өтпей- ақ Маяның әкесі жазаға тартылады, ал анасы қызына әкесінің шынайы тағдыры жайында ұзақ жылдар өткен соң ғана айтып береді.

- Ол кішкентайлы болғандықтан, әкемді босатады деп үміттенген. Алайда әкемді он жылға соттады, хат-хабар алысуға болмайды дегенге шейін үмітін үзбеген. Мұның өзі ол адам енді ұзақ өмір сүрмейді дегенді білдіретін, демек өлім жазасы турасында үкім шығып қойған жағдайда осындай әдіс қолданылатын болған.

«Халық жауы» деп ұсталғандардың туыстары сияқты Клашторная мен оның анасы өмірлерін лагерде өткізеді. Совет одағы құлағаннан кейін Мая Клашторная президентке келіп, репрессия құрбандарын еске алу ұйымын құрады, бүгінде ол Минскінің сыртындағы жаппай құрбандар жерленген жерде мемориал орнату мақсатымен жүр.

Сталиндік репрессия кезеңінде шешендер Орта Азияға жер аударылып, аман қалды десе болады. Этникалық шешендер 1944 жылы күштеп көшірілсе, корейлер 1937 жылы қоныстарынан көтеріле көшуге мәжбүр болған еді. Советтік Қиыр шығыста күн кешкен 170 мың корей 1937 жылы-ақ жер аударылған, ал олардың басшылары ұсталып, атылып кеткен. Оларға тағылған негізгі айып - "жапон шпионы" деген атақ болатын. Қырғызстандық заңгер Роман Шиннің ата-анасы осы депортация жасалған корейлердің қатарында болған.

Бұрынғы Совет одағының құрамында болған елдер өз құпия мұрағаттарын ашып жатқандықтан құрбандарды ақтау процесі баяу болса да жүруде. Ал миллиондаған адамның тағдырына өзінің жарасын салған сталиндік зұлмат жылдары олардың естерінен ешқашан шықпайды.
XS
SM
MD
LG