Accessibility links

“Дин” құйынының алдында зақым тиген “Шаттл” жерге оралуға тиіс


Жердің айналасында ұшып жүрген Халықаралық ғарыш бекетіндегі 2 апталық миссиясынан кейін Американың “Индэвор” ғарыш кемесі Флорида штатында жерге қонуға тиіс. Шаттл кемесінің жерге оралуына “Дин” құйынының бөгет болуы қатерін ескерген АҚШ-тың ғарыш агенттігі – НАСА – шаттлды жерге жоспардағыдан 1 күн бұрын қондыруға бел буды. Ғарышқа самғауы кезінде “Индэвордың” қабырғасындағы өте жоғары температурадан қорғайтын қатпарына зақым тиіп, терең шұңқыр пайда болды. Бірақ НАСА агенттігінің шенеунектері жерге оралуы кезінде шаттлдың атмосферадан бері қарай ойдағыдай өтуге жететін шамасы бар деп есептейді.

Ауа райын болжаушылар бүгін “Индэвор” шаттлы қонуға тиісті Канаверал мүйісінде күн жаумай, құрғақ болады деп отыр. Бірақ, соған қармастан, АҚШ-тың ғарыш агенттігі – НАСА-ның ұшуды басқаратын басқармасы соққан желдің жылдамдығын жіті бақылап отырмақшы. Ұшуды бақылау басқармасының өкілі Стив Сич (Steve Sich) өткен дүйсенбі күні журналистермен жүздесіп, былай деп мәлімдеді.

С.СИЧ: “Біздің бүгінгі көргеніміз ертеңгі күн үшін қатты алаңдатады – жел шегіне жақын күшпен соғып тұр. Ұшу-қону алаңына соққан жел күшейетін болса, қонуға қажетті желдің күші 15-тен аспауға тиіс”.

“Индэвор” ғарыш кемесінің жергілікті уақытпен сағат 12.32-де немесе Прага уақыты бойынша кешкі сағат 18.32-де және жергілікті уақытпен сағат 14.06-да немесе Прага уақыты бойынша кешкі сағат 20.06-да қонуға тырысып көретін 2 мүмкіндігі болады. Бірақ шаттлдың жерге оралуына қатер болып төнген ауа райынан басқа әлдеқайда зор проблема бар, ол – кеменің сыртқы қабырғасындағы ыстық температурадан қорғайтын изоляциялық қалқанына тиген шұңқыр зақым. Ол шұңқыр “Индэвор”-дың ғарышқа самғаған кезінде жанармай багының сыртында пайда болды.

Жер орбитасындағы Халықаралық ғарыш бекетімен түйісуінен кейін шаттлдың астронавтары әлгі зақымды мұқият қарап шықты да, көп талдау-талқылаудан кейін НАСА мамандары кеменің ол “жарасын” ғарышта жөндеудің қажеті жоқ деген тұжырымға келді.

2003-іші жылы “Коламбия” (shuttle Columbia) шаттлы да ғарышқа ұшқан кезінде ыстық температурадан қорғайтын изоляциялық қалқанына зақым тигізіп алды. “Коламбия” кемесі жерге қайтқан кезінде жарылып, оның 7 ғарышкері де түгел қаза тапты. Міне сол апаттан кейін ғарыш миссиясы 2.5 жылға тиылды.

Халықаралық ғарыш бекетімен түйісуінен кейін 9 күн өткенде “Индэвор” кемесінің ұжымы мен АҚШ астронавты Клейтон Андерсон (Clayton Anderson) 4 рет ашық кеңістікке шықты. Олар орбитадағы лабораторияға берік ұстап тұратын механикалық тетік орнатты және ғарыш бекетінің бірқалыпты қалқуын қамтамасыз ететін 4 гироскоптың бірін ауыстырды. Ғарышкерлер, сонымен қатар, 3 тонна жабдықты жеткізді.

“Индэвор” миссиясы тағы бір арнайы тапсырманы орындады: шаттл командасының мүшесі Барбара Морган - осыдан 21 жыл бұрын - 1986-ншы жылы жарылған “Челленджер” (Challenger) кемесімен ғарышқа көтерілген тұңғыш “педагог”-ғарышкерден кейінгі алғашқы астронавт-оқытушы болды.

Бірден 3 шаттлын ұшудан аластатуға тиіс болса да, НАСА агенттігі 2010-ыншы жылға қарай ғарышқа кем дегенде тағы 12 миссиясын аттандыруды жоспарлап отыр.

ҚОСЫМША: Мексика жағалауына жақындап қалған “Дин” құйыны өзінің ең биік қуатына – 5-інші деңгейіне жетті. Ол туралы Американың құйынды бақылау жөніндегі Ұлттық орталығының мамандары хабарлады. Дауылдың жылдамдығы сағатына енді 255 шақырымға жетіп, орасан зор апат әкелуі әбден мүмкін. Мексика үкіметі жұрт көп демалатын Канкун курортынан туристерді қауіпсіз жерге көшіру үстінде; Мексика шығанағындағы мұнай өндірісін тоқтатып, теңіз бетіндегі мұнай платформаларының жұмысшыларын көшіріп алды. “Дин” құйыны соғып өткен Кариб теңізі аумағында табиғи апаттан кем дегенде 8 адам қаза болды.
XS
SM
MD
LG