Accessibility links

Ауғанстанда артық өндірілген апиын көрші елдерге арналады


Сарапшылардың мәлімдеуінше, апиын өндіруге қажетті биыл мол өнім берген Ауғанстандағы көкнәр егістігі Еуропа мен Солтүстік Американың есірткі сұранысына емес, көрші елдерге бағытталатын тәрізді. Есірткі айналымы мен қылмыстар бойынша БҰҰ-ының Агенттігі үстіміздегі жылы негізінен Ауғанстанның оңтүстігінде көкнәр егістігі мол өнім бергенін хабарлайды. Ал бақылаушылар Ауғанстандағы осындай жағдай көрші мемлекеттерді есірткі саудасының айналымына тарту қаупін төндіреді деп ескертеді.

БҰҰ-ының шенеунектері Ауғанстандағы көкнәр егістігінің соңғы мол шығымы бұрын-соңды болып көрмеген 8200 тонна, яғни өткен жылғыдан шамамен 2 мың т. артық апиын өндіруге мүмкіндік беретінін мәлімдейді. Негізінен заңсыз өндірілген есірткі Ауғанстанның оңтүстігі мен шығыс өлкелерінен, әсіресе тәліптер қайта бас көтерген Гильменд облысынан шығып жатыр. Есірткі айналымы мен қылмыстар бойынша БҰҰ-ы Агенттігінің директоры Антонио Мария Костаның атап көрсетуінше, “Талибан” қозғалысы көкнәр егуге тыйым салған 2000-ыншы жылғы діни қаулысын түпкілікті қайта қарап, ендігі жерде есірткі саудасынан табыс түсіріп отыр. Ауғанстандағы есірткі өндірісіне қатысты ахуал жөнінде 27-нші тамыз күні Кабул қаласында жасаған баяндамасында А.М.Коста былай деп мәлімдеді:

А.М.КОСТА: “Қантөгіс, партизандар, бүлік бар кезде – соның барлығы жаппай заңсыздық туғызады. Құқықтық ережелер аяқасты болып, қылмыстық іс-әрекет кең етек жаяды, ал Ауғанстанның жағдайында – апиын өндірісі өркендейді, өзге елдерде қылмыстың басқа түрлері “гүлдей” бастайды”.

Бұдан былай Ауғанстан - негізінен Солтүстік Америка мен Еуропаға арналған бүкіл әлемдегі апиынның шамамен 95 пайызын шығарады. Дегенмен де, “Азаттық” Радиосының Өзбек редакциясына берген сұхбатында есірткі айналымы мен қылмыстар бойынша БҰҰ-ы Агенттігінің сарапшысы Томас Питшманн (Tomas Pietschmann) мынадай ерекше жайтты атап көрсетті.

Т.ПИТШМАНН: “Бізді аң-таң қалдырғаны – есірткі өндірісі соншалықты өсе түссе де, онымен қарама-қатар әлемнің негізгі базарларында оған деген сұраныстың өсе түскенін көрмей отырмыз”.

Т.Питшманның атап көрсетуінше, Батыс Еуропаның апиынға деген сұранысы өзгеріссіз бірқалыпта немесе тіпті төмендегендей сыңай байқатса, Солтүстік Американың сұранысы да тұрақтап тұр. Ендеше апиынға деген үлкен сұраныс қайдан шығуы мүмкін? Сарапшылар есірткі өндірушілер мен тасымалдаушылардың және сатушылардың артық өнімнің бір бөлігін келешекте сату үшін сақтап қоюы мүмкін екенін де теріске шығармайды. Ал апиын өзінің бастапқы сапасын жоғалтпай 20 немесе тіпті 30 жыл бойы сақтала беретін көрінеді. Бірақ есірткінің барлық өнімі сақталмаса керек. Т.Питшманн оның барлық қыр-сырын Ауғанстанға көрші елдерден іздестіру керек деп есептейді. Көрші елдер қазірдің өзін де жапа шегуде. Өйткені, есірткінің осы елдерден өтетін ауқымды транзиті жергілікті халықтың есірткіге деген сұранысын, тәуелділігін ұлғайта түсті.

Т.ПИТШМАНН: “Өзбекстандағы есірткіге деген сұраныстың ұлғайғанын айтқанда, біз 15 пен 64 жастағы халықтың шамамен 0.8 пайызының апиынды тұтынатынын айтамыз. Бұл – орташа есеппен алғанда бұрынғы 0.4 пайыз көрсеткішінен 2 есе артық. Демек Өзбекстандағы нашақорлардың саны 2 есе ұлғайды деген сөз. Қырғызстанда да 0.8 пайызға тең, ал Қазақстанда одан да жоғары – 1 пайызға жетті”.

Есірткіні тұтыну Иран мен Қытайда да өсе түсті, соңғы кезде апиынға деген сұраныстың Үндістанда да арта түскені байқалады. Әйтсе де, есірткі айналымы мен қылмыстар бойынша БҰҰ Агенттігінің есебі бойынша, ең жоғарғы көрсеткіш – апиынды халықтың 2 пайызы тұтынатын Ресейдің үлесінде. Т.Питшманның бағалауы бойынша, үстіміздегі жылы есірткіге деген сұраныстың өсу бағыты оңтүстікке қарай – Пәкістан мен Иранға қарай бұрылды.

Т.ПИТШМАНН: “Біздің қолымыздағы бастапқы көрсеткішке сәйкес, сұраныстың едәуір ұлғаюы, іс жүзінде, Ауғанстандағы өнімнің өсуі әсіресе қатты әсер ететін оңтүстікте, яғни Иран мен Пәкістанда байқалады, Ауғанстанның солтүстігіндегі елдерге аздау ықпал етеді. Оның себебі, Ауғанстанның солтүстігінде есірткі өндірісі төмендеді”.

Түркіменстандағы адамның құқын қорғайтын бастамашы топтың жетекшісі Фарид Тухбатуллин есірткі өндірісінің өсуін әрбір мемлекет үшін, әсіресе Ауғанстанмен арада ең ұзақ шекарасы бар өз елі – Түркіменстан үшін “жаман жаңалық” деп сипаттайды. “Азаттық” Радиосының Түркімен редакциясына берген сұхбатында ол атап көрсеткендей, Түркіменстан – ТМД мемлекеттеріне және әрі қарай Еуропаға бағытталған ауған есірткісінің “транзиттік жолына” айналған елдердің бірі.
XS
SM
MD
LG