Accessibility links

Қазақстан президенті Түркіменстанда энергетика мәселелерін талқылайды


Қазақстан президенті Н.Назарбаев түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовпен келіссөз өткізу үшін сейсенбі күні ресми сапармен Ашхабадқа барады. Дүйсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев хабарлағандай, 11-12-нші қыркүйектегі 2 күндік сапарының барысында талқыланатын ең басты мәселе – Түркіменстанның газ көздерінен Каспий жағалауы арқылы Қазақстан арқылы Ресейге қарай жаңа газ құбырын тарту жобасы болмақшы.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Е.Ашықбаевтың дүйсенбі күні хабарлағанындай, президент Н.Назарбаевтың Ашхабадқа сейсенбіде басталатын 2 күндік сапарының барысында Түркіменстандағы мұнай-газ кеніштерін игеру жобаларына Қазақстанның мұнай-газ компанияларының қатысуы мүмкіндіктері, екі елдің арасына темір жол торабын тарту және басқа да көлік түрлерінің қатынасын ашу, өнеркәсіптің түрлі саласында бірлескен кәсіпорындар құру, Түркіменбашы қаласында қазақ мектебін салу, сондай-ақ екі жақты ынтымақтастықтың өзге де мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Дегенмен де, Түркіменстанның табиғи газ кеніштерінен Каспий жағалауымен Қазақстан арқылы Ресейге және Ресейден әрі қарай Еуропаға қарай жаңа газ құбырын тарту мәселесі – Н.Назарбаев пен түркімен президенті Г.Бердімұхаммедовтің өзара талқылайтын ең маңызды тақырыбы болмақшы.

Ресей, Түркіменстан және Қазақстан президенттері В.Путин, Г.Бердімұхаммедов және Н.Назарбаев Каспий жағалауымен жаңа газ құбырын тарту жобасы туралы келісімге өткен мамыр айында Түркіменстанның Каспий жағалауындағы Түркіменбашы қаласында келген болатын. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Алматы қаласындағы Мұнай институтының директоры Нәдір Нәдіров жаңа газ құбырын тарту жобасы іске асырылатын болса, Қазақстан үшін оның тиімді болатынын атап көрсетті.

Н.НӘДІРОВ: “Ең бастысы, қажет болған күнде, Түркіменстан мен Өзбекстанның газынан өзіміздің халқымызға қажеттісін алып қаламыз; екіншіден, [газ құбыры] біздің территориямыздан өтетін болған соң, олар бізге [транзиттік] ақы төлейді; үшіншіден – керек болған жағдайда - өз газымызды қоса экспорттай аламыз...”

Ресейлік “ГазПром” корпорациясының өкілі Александр Медведев, бір хабарға қарағанда, жаңа газ құбырын тарту жобасы бойынша 3 жақты келісімнің ақырғы да қорытынды мәтінін Мәскеу мен Ашхабадтың және Астананың өзара талқылап жатқанын және аталған жоба бойынша түпкілікті келісімге осы айдың соңында қол қоюға тиіс екенін мәлімдеген.

Жаңа газ құбыры Каспий теңізінің шығыс жағалауымен тартылуға тиіс және осы жоба жүзеге асырылатын болса, онда Ресейді айналып өтетін ТрансКаспий газ құбырын салуға деген Батыс инвесторларының үмітін біржола өшіруі мүмкін.

Ашхабадта Қазақстан мен Түркіменстан лидерлері, алдымен, жүзбе-жүз пікір алмасып, оның артынша екі жақты делегациялар кеңейтілген құрамында келіссөз өткізеді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Е.Ашықбаев хабарлағандай, осы келіссөздің қорытындысы бойынша екі жақты бірқатар ресми құжатқа қол қою көзделіп отыр, олардың ішіндегі ең бастысы – “Бірлескен қазақ-түркімен коммюникесі” болмақшы.

Е.Ашықбаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Түркіменстанның арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларындағы қарым-қатынасты дамыту мүмкіндіктері – екі жақты келіссөздің негізгі тақырыптары болады. Сонымен қатар Қазақстанның мұнай компаниялары Түркіменстанның мұнай-газ көздерін игеру жобаларына инвестиция бағыттауға ниет білдіріп жатыр. Десе де, Е.Ашықбаев президент Н.Назарбаевтың Ашхабадқа баратын сапарының күн тәртібі жөнінде басқа ештеңе айтпай, “барлық ақпар екі жақты келіссөзден кейін болады”, деп ақталды.
XS
SM
MD
LG