Accessibility links

Ауғанстан: оңтүстіктегі бүлік халықаралық күштердің төзіміне сын болып отыр


Ауғанстандағы НАТО-ның басқаруына қарайтын халықаралық қауіпсіздік және көмек күштерінің (ISAF) қолбасшылары Талибан бүлігінің екпіні бәсеңдегенін айтып жүрсе де, халықаралық қауіпсіздік күштерінің денін құрайтын жетекші мемлекеттердің әлі 10-даған жылға созылуы мүмкін және қаншама жауынгері жер құшып үлгерген соғысты жалғастыруға келгенде терең ойға қалатын сыңай байқалады. Өткен аптада Ауғанстанға барған “Азаттық” Радиосының тілшісі соған өз көзін жеткізді.

Қанша қисынсыз көрінсе де, Талибан бүлігінің ең басты күші – оның соғысу шеберлігі емес. Оның ең басты күші – үнсіз үрей туғызуы – Батыстың әскерлері Ауғанстанның оңтүстігіндегі Кандагар, Гильменд, Урузган және тағы басқа облыс-өлкесіндегі қауіпсіз бекіністерін тастап шығуы мұң екен, сол күштердің үстінен үнемі де үнсіз қатер төндіре білуі.

Өзіне бетпе-бет қарсы келген жауына қарсы НАТО әскері тойтарыс бере алады. Ондай қабылетін 2006-ншы жылдың соңында Кандагар қаласынан оңтүстік-батысқа қараған және Талибан жасақтары көп шоғырланған Жари мен Панжаваи аудандарында тәліптерге тойтарыс беруімен байқатты. Бірақ аталған облыс-аймақтарда көзге көрінбейтін жауға қарсы соғысу үйреншікті құбылысқа айналды да, ал партизан соғысын жүргізу – ол тіпті басқа мәселе. Мұндай соғыста “майданның шебі” деген атауымен жоқ, бетпе-бет келген жау көрінбейді. Оған қоса Ауғанстандағы соғысты жалғастырудың маңызын Батыстың қоғамына түсіндіру күн өткен сайын қиындап барады. Нәтижесінде халықаралық қауіпсіздік және көмек күштерінің (ISAF) денін құрайтын жетекші елдердің көпшілігінде ішкі талас-тартыстары қыза түсіп, одақтас елдер Ауғанстандағы миссиясын аяқтаймын немесе ондағы әскерін күрт қысқартамын деп ескерте бастады. НАТО күштерінің өкілдері өздерінің қатты қобалжып отырғандарын ашық мойындайды. Бірақ олар одақтас жетекші елдердің ұлттық саясатына ресми түрде жөн айта алмайды. Сол себепті де халықаралық НАТО күштерінің оңтүстік аймақтық бөлімі бастығының орынбасары, канадалық бригада генералы Маркус Хэйнс (Marquis Hainse), 13-інші қыркүйек күні “Азаттыққа” берген сұхбатында, одақтастардың өз борыштарына адал болуына ғана үміттенетін сырын айтты.

М.ХЭЙНС: “Мен Канада қайда, Германия қайда болады немесе Нидерланды қайда барады деп нұсқау бере алмаймын, мен оны олардың саяси басшыларының үлесіне қалдырамын, өйткені ол өздерінің ісі екені анық. Дегенмен де, менің айтарым, біз - НАТО-ға мүше және НАТО-ға жатпайтын барлық 37 одақтас мемлекеттің де қосқан үлесін бағалаймыз. Біз өз үлесін қосқан елдер осы миссияға қандай мақсатпен кіріскендерін біледі ғой деп үміттенеміз және біз, әлбетте, ештеңеге қарамастан олар өздерінің міндеттемелерін соңына дейін атқара береді деп үміттенеміз”.

М.Хэйнстің өзі Ауғанстандағы Канада әскері туралы қызу талас-тартыс өтіп жатқан француз тілді Квебектен шыққан. Қоғамның өз ішінде ешқандай саяси келісімге қол жетпейтін болса, онда Канада 2009-ыншы жылға қарай Ауғанстаннан бар әскерін шығаратынын мәлімдеді. Өткен сейсенбі күні Ауғанстан президенті Х.Қарзай 2009-ыншы жылға дейін елдің тыныштығын қорғауға ауған күштерінің қабылеті әлі жете қоймайтынын уәжге келтіріп, ресми Оттавадан өз әскерін қалдыруын өтінді.

Ауғанстанға 2,5 мың жауынгерлік әскерін жолдаған Канада НАТО әскерінің Кандагар облысындағы ең басты күші болып табылады. Осы күні 70 жауынгерінен айрылып үлгерді, ал Канада қоғамы елдің бейбітшіл ниетіне күмән келтіре бастады.

Көрші Забуль облысына 600-ден көп жауынгері бар әскерін жолдаған Румыния өткен жылдан бері 5 жауынгері мерт болып қатты дүрлікті. Бұл – Ауғанстанның ең қауіпті өлкесінің бірі. Дәл осындай қатерлі Урузган өлкесіне орналасқан Голландия - халықаралық күштердің жетекші елінің бірі – таяуда 2 мыңдық әскерін не алып кетуі, не екіге бөлуі мүмкін. НАТО бейресми түрде Голландияның орнына осы облысқа басқа елді іздестіру үстінде. НАТО өкілдерінің айтуынша, Голландияның бітім күштері қорғап тұрған Боснияның Сребреница қаласында сербтердің 8 мың мұсылман ері мен ұлын бауыздап өлтіруі - Голландияның бүкіл қарулы күштеріне терең жара салып, қазір тағы бір сондай трагедияға жол бермеуге бар күшін жұмсап отыр. Бірақ Голландия халқы Ауғанстандағы өз әскерінің пайдалы іс атқарып жатқанына онша сенбейді.

Тағы бір жетекші ел – Германия. Дәл қазір неміс әскері Ауғанстанның оңтүстігінде емес, өзінің 3 мың жауынгерлік әскерімен солтүстіктегі ең ірі күш болып тұр. НАТО әскерінің басшылығы неміс әскерін оңтүстікке пайдалануға үміттенеді. Алайда Германияның 20-сыншы ғасырдағы қанқұйлы тарихынан кейін неміс халқы өзге елдерде соғысудан қаймығады.

Бар проблеманың тағы бірі – 40 мыңдық НАТО әскерінің жекелеген шайқастарды жеңуге қабылеті бар, бірақ соғысты жеңуге жетпейді. Ең әділі – қауіпсіздікті Ауғанстанның ұлттық армиясы қорғауға тиіс, бірақ ол әлі де тым әлсіз. Соның салдарынан осы айда НАТО күштерінің бас қолбасшысы Джон Крэддок (John Craddock) қосымша тағы 2 батальон бөлуді сұрады. Ауғанстандағы НАТО күштерінің құрамындағы кез-келген елдің кейін шегінуі осындай мұқтаждықты ұлғайта түседі.

Қанша қисынсыз көрінсе де, өткен 6 жылда қандай нәтижеге жеткенін мәлімдеуіне қарамастан НАТО одағы Талибанның орасан зор күш болып қалғанын мойындауға тиіс. 6 жыл бойы жан-жақты қолдау көруіне қарамастан Ауғанстан үкіметі әлі де болса әлсіз қалпында қалды. НАТО күштері өкілдерінің басым көпшілігі сияқты, генерал Маркус Хэйнс те Ауғанстандағы борышын толық орындау үшін НАТО күштерінің әлі қанша уақыт қажет болатынын айтуға ешқашан келіспейді.
XS
SM
MD
LG