Accessibility links

Кабул кепілдікте болған немісті тұтқын тәліпке айырбастағанын теріске шығарады


Екі ай бойы тәліптердің қолында кепіл болып тұтқында отырған неміс азаматын өткен тұтқынға түскен тәліпке айырбастап алғаны туралы сәрсенбі күнгі хабарды бейсенбі күні Ауғанстанның ресми билігі теріске шығарды. “Азаттық” Радиосының тілшісі осы хабардың шын-өтірігін анықтап көрмек болса, ауған үкіметі оған қалай қарады?

Бейсенбі күні неміс инженері Рудольф Блешмидт ұшақпен Ауғанстаннан Германияға ұшып шыққан кезде, Кабулдағы ресми билік оны тұтқынға түкен тәліптерге “айырбастап босатып алды” деген хабарға жауап беруге әзірленіп жатты. Өткен сәрсенбі күні бірқатар халықаралық баспасөз агенттігі Р.Блешмидт пен оның 4 ауған серігін тұтқында ұстап отырған Талибан қозғалысы оларды Кабулдағы үкіметтің түрмесінде болған 5 тәліпке айырбастап алды деп хабарлады. Ол мәліметті баспасөз агенттіктеріне Вардак (Wardak) облысына қарасты Джагато (Jaghato) ауданының әкімі Мохаммад Наим хабарлаған көрінеді. Бірақ баспасөз құралдары ол мәліметті Ауғанстанның орталық үкіметінің мәлімдемесі ретінде көрсеткен. Сәрсенбі күні “Азат Ауғанстан” Радиосының тілшісі ауған ішкі істер министрлігінің өкілі Змараи Башариден (Zmarai Bashari) әлгі тұтқындардың 4 тәліпке айырбасталғанын не растауын, не теріске шығаруын сұраған болатын. Бірақ Башари одан тіпті бейхабар екенін, ол хабарды не растай алмайтынын, не теріске шығара алмайтынын мәлімдеді. Кейінірек Кабулдағы шенеунектерге бастапқы хабар бойынша тұтқындардың айырбасталғаны туралы журналистердің сауалдары қардай бораған кезде, Мохаммад Наим да өзінің алдыңғы сөзінен бас тартты. Бұл жолы ол ешбір тәліптің тұтқыннан босатылмағанын мәлімдеді. Бірақ Наим 5 қылмыскердің, оның ішінде неміс инженері мен 5 ауған азаматын ұрлаған Талибан қолбасшысының әкесінің түрмеден босатылғанын хабарлады. Ал бейсенбі күні Змарай Башаридің Кабулда өткізген баспасөз-маслихатына журналистер көп жиналып, неміс инженері мен 4 ауғандықты босату үшін нақты қандай келісімге немесе шартқа келгендерін сұрады. З.Башари ешқандай келісім болмағанын мәлімдеді.

З.БАШАРИ: “Ақсақалдардың ымыраға келуі мен қауіпсіздік күштерінің іс-қимылы нәтижесінде босатылды. Мен осы оқиғаға байланысты қандайда бір келісімге келіпті деген хабарды теріске шығарамын және оларды босатуға мүмкіндік берген қайсыбір келісім туралы біздің ешқандай ақпарымыз жоқ”.

Рудольф Блешмидт – Ауғанстандағы кісі ұрлаушылардың қолына түскен 2 неміс инженерінің бірі болатын. “Kabul Berlin Korporation” құрылыс компаниясындағы Д.Рюдигер деген әріптесімен және өздеріне еріп жүрген 5 ауған азаматымен бірге Р.Блешмидт 18-інші шілде күні Ауғанстанның Вардак облысындағы құрылысы басталуға тиісті су бөгеті – платинаның орнын көруге барған кезінде хабар-ошарсыз жоғалды. Арада бірнеше күн өткенде, 22-нші шілде күні ауған полициясы атып өлтірілген 44 жастағы Д.Рюдигердің мәйітін аңғарды. 5 ауған азаматының бірі қашып құтылса керек, ол туралы ешқандай хабар жоқ. Р.Блешмидт пен қалған 4 ауғандықты тірі қалдыру үшін Талибан қозғалысы Германиядан Ауғанстандағы 3.3 мыңдық әскерін шығаруды талап етті.

Өткен наурыз айында Италия мен ауған үкіметтері тәліптердің қолына түскен италияндық журналист Даниэле Мастроджакомоны түрмеде отырған тәліпке айырбастап босатып алғаны үшін өткір сынға қалған болатын. Соған қарамастан ауған президенті Х.Қарзай Талибан қозғалысының тұтқынына түскендер үшін тәліптермен қайтып саудаласпаймын деп әлі ант-су ішкен жоқ. Ал содан бері Ауғанстанда тәліптер мен басқа да қылмыстық топтар тағы бірқатар кісіні ұрлап алып кетті.

Расталмаған болса да, “ұрланған кісіге құн төленіпті” немесе “оларды тұтқындағы тәліптерге айырбастап алыпты” деген хабарлар, ресми биліктің теріске шығаруына қарамастан, соңғы айларда кісі ұрлауға жаңа дем берген сияқты. Ресми Кабул өткен шілде айында тәліптер тұтқындап алып кеткен Оңтүстік Корея азаматтарын босату үшін ешқандай құн төленбегенін және ешбір тәліпке айырбасталмағанын үзілді-кесілді мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG