Accessibility links

Еуроодақтың үні Ресейдің көршілеріне де жете бастады


Франция мен Германиядағы билік басына келген жаңа лидерлер Еуропа Одағының бұрынғы совет республикаларындағы саясатына өзгеріс енгізді. Кешегі Совет Одағы кеңістігіндегі жаңа тәуелсіз мемлекеттермен ортақ тіл табуға тырысудың орнына, Кремль оларды өзінің дегеніне, өз ықпалына жүретін аймақ ретінде қарастырса, ресми Брюссель осы кеңістіктегі демократияны дамыту мен адамның құқын жетілдіруге өзінің бар күш-жігерін жұмсамақшы.

Соңғы кезде Ресей президенті В.Путин Берлин мен Париж жағынан онша көп жылы сөз естіген жоқ. Осы аптада алғашқы сапарымен Мәскеуге келері алдында францұз президенті Н.Саркози Ресейді көршілеріне “жыртқыш көзқараспен” қарады деп айыптап, ұлы мемлекеттің міндеттемесі де үлкен болатынын В.Путиннің есіне салды. Бұл сәт өткен мамыр айында Ресейдің Самара қаласына барған сапары кезінде неміс канцлері А.Меркельдің В.Путинді орыс оппозициясының наразылық шарасын өткізуге рұқсат етуге еріксіз көндіргеніне ұқсады.

Батыстан айтылып жатқан мұндай қатаң ескертулер, әрине, В.Путиннің Германия мен Францияның алдыңғы лидерлері Герхард Шредермен және Жак Ширакпен арадағы үйреншікті жылы-шырайлы әңгімелеріне тіпті ұқсамайды. Францияның саясаттанушы ғалымы Жак Рюпниктің (Jacques Rupnik) түсіндіруінше, ендігі жерде Берлин мен Париждегі жаңа лидерлер адам құқының ахуалына, демократияға және көрші елдеріне деген саясатына байланысты Мәскеуге қатаң қарайтын болады.

Ж.РЮПНИК: “Таяуда біздің саясатымызда өзгеріс болды... алдымен Германияда, ал енді Францияда. Енді айдан анық нәрсе – екі оқиға да Ресеймен арада бұрынғыдай жақын қарым-қатынастың болмайтынын білдіреді. Бұл – дипломатиялық Париж-Мәскеу белдеуі жойылды деген сөз”.

Берлин мен Париж қайда бет бұрса, Брюссельдің де солай қарай қозғалатыны өзінен-өзі түсінікті. Еуропа Одағы Кремьлге қарсы тұрмас үшін В.Путиннің Ж.Ширак пен Г.Шредер бастаған 2 мемлекетпен арадағы достық келісіміне арқа сүйеген күндері келмеске кетті. Еуроодақтың ішінде Ж.Ширак пен Г.Шредер бастаған 2 ұлы мемлекеттің В.Путинмен арадағы ара-қатынасы Еуроодаққа мүше шағын елдердің тілектеріне қарама-қайшы келді. Польша, Чехия және Эстония сынды кешегі коммунистік елдер Мәскеудің үстімдігін ұмыта қойған жоқ және сол себепті де олар Кремльге күш тұрғысынан қарағанды қоштайды. А.Меркель коммунистік Шығыс Германияда туып-өскен болса, Н.Саркозидің әкесі советтер үстемдік еткен Мажарстаннан Францияға қашты. Мәскеудің мұң-мүддесі 2 лидерді де онша толғандырмайды, екеуіне де адамның құқы мен демократияның стандарттары әлдеқайда қымбат.

Өзі бастаған коалициялық үкіметтің құрамындағы сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайэрдің Мәскеумен неғұрлым жылы қарым-қатынас орнатуды көздеуіне қарамастан, А.Меркель осындай көзқарасында қалды. Ұлыбританияда шығатын апталық “Экономист” (“The Economist”) басылымының халықаралық тақырыптар бойынша редакторы Эдвард Лукастың (Edward Lucas) атап көрсетуінше, Ресейдің саясаты талданатын Еуропа Одағының жиындарындағы көңіл-күй айтарлықтай өзгерді.

Э.ЛУКАС: “Осы күні Еуропалық Одақтың басқосуларындағы көңіл-күй бұрын үстемдіктің езгісінде болған Шығыс Еуропаның елдеріне “отыр”, “үніңді өшір” немесе “Батыстың бай да үлкен елдеріне қарсы шағымдарың доғарылсын” -деп отыратын осыдан 3-4 жыл бұрынғы жағдайдан әлқедайда өзгеше. Қазіргі көңіл-күй тіпті басқаша. Желдің бағыты өзгерді. Міне бұл, оған күмәнім жоқ, Кремль үшін жаман жаңалық!”

Бірақ бұл, әрине, беларусь оппозициясының лидері Александр Милинкевич сынды Кремльдің қарсыластары үшін жақсы жаңалық. Беларуссияны өзінің ықпалында ұстап отыр деп есептеп, Кремльдің қас-қабағына қарап келген Брюссель - Беларуссияның өктемшіл президенті А.Лукашенкоға қарсы тұрған беларусь оппозициясының жетекшілерін ақырындап болса да қолдай бастады. Прага қаласында болып өткен “Форум-2000” конференциясының сыртында 8-інші қазан күні “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында А.Милинкевич Еуроодақтың саясатындағы өзгерісті сонау Минскіден-ақ байқауға болатынын мәлімдеді.

А.МИЛИНКЕВИЧ: “Еуроодақтың Минскідегі өкілдерінің - елшілердің арасында бүгін бұрын-соңды болып көрмегендей ортақ көзқарас бар. Олар, мен жоғарыда айтып өткенімдей, беларусь билігімен мароль тұрғысынан сөйлесу керек деген көзқарас ұстанып отыр. Бұл өте маңызды. Егер біз елді өзгерткіміз келсе, олар саяси режимді қаржылай садақа берумен ғана қолдап отырмауға тиіс. Мен оны Минскіде жүріп сеземін, ол сөзсіз бар”.

Еуроодақтың ішінде Брюссельдің жаңа саясатын қолдайтын көпшіліктің бірі – Чехияның сыртқы істер министрі Карел Шварценберг (Karel Schwarzenberg). “Форум-2000” конференциясының барысында ол да “Азаттық” Радиосына сұхбат берді. Оның атап көрсетуінше, Брюссельдің жаңа саясаты – “Ostpolitik” – Мәскеумен теке-тіреске баруды көздемейді. Еуроодақтың шынайы мақсаты, деп мәлімдейді Шварценберг, Грузия, Украина сынды кешегі совет республикаларындағы демократиялық реформаларды қолдау және Беларуссия сынды авторитарлық режимді өзгерту.

К.ШВАРЦЕНБЕРГ: “Біздің тілегіміз Ресейге қарсы тұру емес. Біздің тілегіміз - демократия құндылықтары үшін күрескен, демократиялық тәртіп орнатқан, өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін арпалысқан барлық елді қолдау. Ресей – ұлы мемлекет – біз оны құрметтейміз. Егер ол бізге қарсы келмесе, біз де оған қарсы тұрмаймыз”.

Өте өзекті мәселе – Грузия. 2003-інші жылғы “Раушан төңкерісінен” кейін Тбилиси Мәскеудің ықпалынан шығып, НАТО-мен және Еуропа Одағымен ынтымақтасуға ұмтылды. Чехияның сыртқы істер министрі Грузияның осы мақсатына жетуіне көмектесу үшін “Грузияның жаңа достары” тобын құрған Еуроодақтың Латвия, Литва, Эстония, Польша, Румыния, Болгария және Швеция сынды мүшелерінің өкілдеріне қосылды. Шварценберг өз елі мен Еуроодақтың жаңа мүшелерінің қол жеткізген жетістіктеріне Грузияның да жете алуына көмек бергісі келетінін айтады.

Грузияның Батыс елдерімен жақын ынтымақтасу мүмкіндігі Кремльдің ашу-ызасын туғызды. Бірақ “Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төнді” деген Кремльдің мәлімдемесін К.Шварценберг күлкі етті.

К.ШВАРЦЕНБЕРГ: “Мен картаны онша көп білмеймін. Мен Грузияның шамасын көріп отырмын. Мен Ресейдің үлкендігін де көріп отырмын. Дәл қазір мен Ресей шынайы қатерге тап болды деп айта алмаймын”.

Францияның саясаттанушы ғалымы Жак Рюпниктің пікірінше, келешектегі ынтымақтасу мүмкіндігі – “Еуропа Одағы үшін өзінің шетіндегі елдерді ынталандыра алатын құралы, ондай құрал басқа ешкімде жоқ және ол Брюссельдің бұрынғы совет республикаларындағы демократиялық реформаларды алға жылжытуға деген саясатының бірден-бір шешуші құралы.
XS
SM
MD
LG