Accessibility links

Адам құқын қорғайтын ұйымдар Еуроодақтың Өзбекстандық ресми тұлғаларға белгіленген жазаны жеңілдетуіне қарсы


Еуропа Одағының Өзбекстанға қарсы қолданған жазасын жеңілдету туралы Қарарын адамның құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар ашу-ызаға және үрейге толы сезіммен қабылдады. Еуропа Одағы Әндіжан қаласындағы халық толқуын аяусыз басып-жаншығаннан кейін Өзбекстанға жаза қолдану туралы шешімді – санкциясын осыдан 2 жыл бұрын қабылдаған болатын. Алайда өткен дүйсенбі күні Еуроодақтың сыртқы істер министрлері Өзбекстан басшылығының ең басты 8 өкіліне виза бермеу туралы шешімін 6 айға уақытша тоқтату туралы жаңа Қарар қабылдады.

Еуропалық Одақ “Әндіжан қырғынынан” кейін Өзбекстанға қарсы қолданған жазалау шарасы – санкциясын “жеңілдетті”. Өткен дүйсенбіде Люксембургте Еуроодақтың сыртқы істер министрлері іс жүзінде Еуропалық Одақтың сыртқы істер және жалпы мәселелер бойынша Кеңесінің мәжілісіне Португалия енгізген ұсынысты қабылдады. Ол ұсынысқа сәйкес, бір жағынан Өзбекстан басшылығының 8 өкіліне Еуроодақтың визасын бермеу жазасы жойылады, нақ осы шара ресми Ташкентке әсіресе қолайсыз болғанға ұқсайды, ал екінші жағынан - Өзбекстанға “қару-жарақ сатылмасын” деген, сондай-ақ – ішкі қуғын-сүргін саясатына пайдалануға болатын “қос мақсатты техника сатылмасын” деген баптар күшінде қалады. Ол туралы дүйсенбі күні Еуроодақтың сыртқы байланыстар және көршілік саясат бойынша комиссары Бенита Ферреро-Вальднер ресми түрде мәлімдеді. Ферреро-Вальднер ханымның ерекше атап көрсеткеніндей, Еуроодақ “Өзбекстанның жасаған оң қадамдарын” қолдау керек және ресми Ташкентті “адам құқының ахуалын әрі қарай жақсартуға ынталандыру қажет” деп шешті. Еуроодақтың комиссары Өзбекстанның “оң қадамы” ретінде ресми Ташкенттің өлім жазасын жоюын, “Әндіжан қантөгісіне” байланысты Өзбекстанның екі жақты диалогқа қатысуын, Еуроодақ пен өзбек сарапшыларының кездесуі барысында жақсы нәтижеге келуін, сондай-ақ “Әндіжан қырғынынан” кейін түрмеге жабылған адамның құқын қорғайтын 2 белсендінің бостандыққа шығарылуын, елге Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің жіберілуін және адамның құқын қорғайтын Халықаралық “Хьюман райтс уотч” ұйымының ойдағыдай іс атқаруына мүмкіндік берілуін атап айтты.

Б.Ферреро-Вальднердің мәлімдеуінше, ресми Ташкенттің осы қадамдары оған қарсы қабылданған жазаны жұмсартатын жаңа Қарар қабылдауға жеткілікті болды.

Б.ФЕРРЕРО-ВАЛЬДНЕР: “Бұл шешімнің қайда жеткізетінін біз байқап көруге тиіспіз. Бірақ, менің ойлауымша, біз ең болмағанда байқап қарамауыз керек және осыған дейін айтып өткенімдей, бұл – Орта Азия аймағындағы халқы ең көп ел, бұл – біздің Ортаазиялық стратегиямызға жататын ел; біз бұл елді назарымыздан тыс қалдыруымыз керек деп ойламаймын. Менің ойлауымша, біз осы елмен бірге іс атқарып, адам құқының ахуалын жақсартуға бірте-бірте жетуге тырысып көруге тиіспіз”.

Өзбек үкіметі Әндіжандағы халық толқуын ұйымдастырды деп исламшыл топтарды айыптайды және халық толқуын басып-жаншудың барысында 187 адамның қаза болғанын мәлімдеді. Алайда, адамның құқын қорғайтын ұйымдардың есебі бойынша, “Әндіжан қырғыны” кезінде бірнеше жүз адам, негізінен қарусыз шеруге шыққан халық қырылды. Еуропа Одағы виза берілмейтіндердің тізімінен бірнеше шенеунектің есімін сызып Өзбекстанға қарсы қабылдаған санкциясын осыған дейін де жеңілдеткен болатын. 8 шенеунектің есімі ғана қалған ол тізім енді тіпті жойылды. Адамның құқын қорғайтын ұйымдар Еуроодақтың жаңа Қарарын “породия” немесе “сықаққойлық” және Ташкентке деген “қошемет” деп бағалады. Тіпті одан да өткір теңеулер айтылды.

Э.ШТРОЙЛАЙН: “Олар Әндіжанды ұмытты, олар сол күні алаңда оққа ұшқан халықты және кейін қоршауға алынып, азаптап өлтірілгендердің барлығын да жадынан шығарды”.

Бұл – Халықаралық дағдарыс Орталығының баспасөз құралдары бойынша директоры Эндрю Штройлайннің (Andrew Stroehlein) пікірі.

Э.ШТРОЙЛАЙН: “Бұл – 2005-інші жылдың мамыр айында болған оқиға ғана емес, содан кейін жалғасқан оқиғаның барлығы да – жалған сот процестері, адамның құқын қорғайтын белсенділердің тұтқындалуы, азаптаулар... БҰҰ-ының азаптау мәселесі бойынша біздің 2 баяндамашымыз болды, олар соңғы бірнеше жылда қаланың сыртына шығып, азаптаудың жүйеге айналғанын мәлімдейді, азаптау – бүкіл саяси жүйенің құрамдас бөлігі, бүкіл елдегі мемлекеттік аппарат. Бұл – азаптаудың жыртқыштық режимі және бұл – Еуроодақтың өзі тағайындаған жазалау шарасынан құтқарған режимі. Кім үшін? Ондай жазадан құтылу үшін өзбек үкіметі не істеді? Олар ештеңе істеген де жоқ”.

Еуропалық Одақтың жаңа Қарары 6 ай күшінде болады. 6 айдан кейін әрі қарай не істеу керектігін талқылау үшін Еуроодақтың басшылары қайтадан бас қосады. Еуропа Одағының өз ішінде Өзбекстанға жаза қолдану мәселесіне байланысты ортақ пікір жоқ.

“Хьюман райтс уотч” ұйымының дерегі бойыша, Еуроодақтың Ұлыбритания, Дания, Швеция, Ирландия және Нидерланды сынды мүшелері Өзбекстандағы адам құқының нашарлай түскенін нұсқай отырып, ресми Ташкентке қарсы жазаны қатаңдатуды талап етіп жатса, өзге елдер – мысалға Еуропа Одағының “Орта Азиядағы старетегиясының” авторы болып табылатын Германия мен осы күні Еуроодаққа төрағалық ететін Португалия, керісінше, Өзбекстанда ұзақ уақыт оқшау қалдыру – Еуропа Одағының қуат көздеріне аса бай және стратегиялық маңызы зор аймақтағы ақпалын әлсіретеді деп есептеп, оған қарсы жазаны жеңілдетуді ұсынып келді және Люксембургте қабылданған жаңа Қарарды қоштады.
XS
SM
MD
LG