Accessibility links

Сұхбат: Түріктер мен күрдтердің теке-тіресінде Америка не істей алады?


Түркия мен Ирақ Күрдістаны арасындағы онсыз да шиеленісіп тұрған жағдай жексенбі күні Күрдістан Жұмысшы Партиясы – ПКК бүлікшілдерінің Түркияға кіріп, сондағы Түрік әскери бекетіне қарсы жасаған шабуылынан кейін тіпті күрделеніп кетті. Өткен аптада Түрік Парламенті үкіметтік әскерлердің Ирақтың солтүстігіне кіріп, қажет болған жағдайда сондағы ПКК бүлікшілдеріне қарсы әскери әрекет жүргізуіне рұқсат берді. Алайда АҚШ Түркияны ұстамдылыққа шақырып отыр.

Түрік-Ирақ шекарасында қалыптасып отырған жағдайға байланысты Азаттық радиосы Вашингтонда орналасқан бейтарап Стратегиялық және Халықаралық Зерттеулер Орталығының Таяу Шығыс бойынша талдаушы маманы Энтони Кордесман-мен сұхбат өткізген еді. Сұхбатты Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Эндрю Тюлли өткізген болатын.

Азаттық радиосы: "Түрік әскерлерінің күрд бүлікшілдеріне қарсы әрекет ретінде солтүстік Ираққа кіруінің алдын алу үшін Америка не жасай алады?"

Энтони Кордесман: "Менің ойымша, Құрама Штаттары Ирақ үкіметімен белсенді түрде жұмыс істеп келді. Мұндағы негізгі мәселе – Ирақ күрдтерінің басшылыққа алып отырған көзқарасы: ПКК-ға қарсы қандай да бір шара қолдану, қолданбау мәселесі. Ол әскери шара болуы шарт емес, ол саяси тұрғыдағы қысым болуы да мүмкін. Мүмкіндіктердің бірі – ПКК-ның атысты тоқтатуға көндіру және Түрік үкіметіне әскери шараға балама болатын бір ұсыныс жасауға тырысу".

Азаттық радиосы: "Ұлты күрд боп табылатын Ирақ Президенті Джалал Талабаниге жексенбі күні Ирақ ПКК жетекшілерін Түркияға ұстап бере ме деген тікелей сауал қойылды. Ол егер әскери қуаты айтарлықтай Түркия бұл жетекшілерді ұстай алмаған болса, Ирақ та оларды ұстай алмайды деп жауап берді. Сіздің ойыңызша, күрдтер бұл тұрғыда белсендірек бола алар ма еді?"

Энтони Кордесман: "Ирақ күрдтері белгілі дәрежеде тәуекелге барғысы келсе, олар бұл істі атқаруға пешмерга – күрд жауынгерлерін кірістіре алар еді, оған күмән жоқ. Олар Ирақ әскери күштері ретінде әрекет ете ме, шекара жасақтары, әлде қауіпсіздік күштері өкілдері ретінде әрекет етеді ме, ол жағынан Ирақ күрдтері белсенді әскери операция жасай алар еді. Алайда мұндағы басты проблема басқада – мұндай шараны жасауға саяси тұрғыда қолдау бола ма, жоқ па? ПКК-ны Талабани, яки Ирақ Күрдістанының Президенті Масуд Барзани қолдамауы мүмкін, алайда Ирақтағы қарапайым күрдтер арасында ПКК-ны қолдаушылар жетіліп артылады. Күрд жасағында қызмет атқаратындардың кейбірі ПКК-ны өз тарабы, ал түріктерді қарсы тарап деп қабылдап отырғанда, күрд жетекшілеріне күрд жасақтарын мұндай тапсырманы орындауға жұмсауы оңай мәселе емес".

Азаттық радиосы: "Алайда сіз Америка қандай да бір әскери шараға қарсы шығып отыр, аймақтағы шиеленісті барынша болдырмауға тырысып отыр дегенге сенетін тәріздісіз ғой?"

Энтони Кордесман: "Түркияның ПКК-ға қарсы әрекеті, егер ол тек уақытша ғана шара болса, Ирақ күрдтеріне, ондағы экономикаға кері әсерін тигізе қоймайды. Алайда, оқиғаның бұлайша өрбуі ең тиімді жол деп айта алмаймыз. Егер АҚШ оқиғаның бұлайша өрбуіне жол бермесе, Ирақ күрдтерін ПКК-ға қысым көрсетіп, оларды атысты тоқтатуға көндіре алса, бұл тұрғыда түріктерге қандай да бір балама ұсыныс бере алса, дұрысы, тиімдісі сол болар еді. Егер Америка Ирақ күрдтерін ПКК-ны ауыздықтауға көндіре алса, егер Ирақ күрдтері мұны жүзеге асыра алса, ең тиімдісі осы болар еді. Және егер Құрама Штаттары кең көлемді емес, шектеулі әскери операцияны жүзеге асыра алса, бұл да Түркия мен ПКК-ға белгілі дәрежеде өз көзқарасын білдіру болар еді. Алайда, мұндай жағдайда шектеулі әскери әрекет Құрама Штаттары мен Ирақ күрдтері арасындағы теке-тіреске айналып кетпеуі керек".

Азаттық радиосы: "Бұл екі арада, Ирақ күрдтері мен Түрік үкіметі Американың мәселені әскери емес жолмен шешу әрекеттерін қабыл алуға бейім деп айта аламыз ба?"

Энтони Кордесман: "Олар өзара келіссөз өткізіп жатыр ма? Иә. Құрама Штаттары бұл іске араласып отыр ма? Әлбетте. Алайда негізгі мәселе – бұл келіссөз үш тарапты, ПКК, түріктер мен Ирақ күрдтері арасында. Америка бұл келіссөздерге әсер ете алады, алайда келіссөзді олардың өздері жүргізуі керек".
XS
SM
MD
LG