Accessibility links

Қазақстанның 2009-ыншы жылы ЕҚЫҰ-на төраға болуға берген өтініші Мадридтегі бас қосуда қызу пікірталас туғызды


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өткен бейсенбі күні басталған 2 күндік конференциясы жұма күні аяқталуға тиіс. Бейсенбі күні осы Еуропалық ұйымға мүше 56 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің бас қосуында Ресей сайлаудың барысын бақылайтын жүйенің қазіргі ережесін әділетсіз деп бағалап, ол жүйені түбегейлі реформалауға шақырды. Мәскеудің мұндай ұсынысын өзге елдер мақұлдамады. Ал Мадридте қызу пікірталас туғызған тағы бір мәселе – Қазақстанның 2009-ыншы жылы Еуропалық ұйымға төраға болуға берген өтініші бойынша ақырғы шешім – конференцияның соңғы – екінші күні қабылдануға тиіс. Сонымен Қазақстанның өтініші бойынша қандай шешім қабылдануы мүмкін?

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі бас қосуында қызу пікірталас туғызған тағы бір мәселе, сөзсіз, Қазақстанның 2009-ыншы жылы осы Ұйымға төраға болуға берген өтініші болды. Еуропалық ұйымға мүше мемлекеттердің басым көпшілігі ресми Астананың ол өтінішін қанағаттандыруды қолдады. Алайда, демократия, адамның құқы, сөз бостандығы - негізгі құндылықтары болып табылатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге Қазақстан “дайын” емес деп мәлімдеген АҚШ пен Ұлыбритания және Чехия Республикасы ресми Астананың өтінішін қанағаттандыруға қарсы шықты. Ал Еуропалық ұйымның ақырғы шешімін қабылдау үшін оған мүше барлық 56 мемлекет түгел қолдауға тиіс.

Ресей мен Қазақстаның ресми өкілдері Қазақстанның не 2010, не болмаса 2011-інші жылы төраға болуына мүмкіндік беру үшін оның 2009-ыншы жылы төрағалық етуіне қарсы болған елдермен келіссөз өткізу үстінде. Егер жұма күні ресми Астананың 2009-ыншы жылы төраға болу туралы өтінішін қанағаттандырмайтын түпкілікті шешім қабылданатын болса, онда 2009-2011-інші жылдардың кез-келген жылында Еуропалық ұйымға төрағалық етуге тілек білдірген Грекияның автоматты түрде 2009-ыншы жылға төраға болып мақұлдануы да мүмкін. Грекияның ізінше 2010-ыншы жылы төраға болу құзырын Литва өз қолына алуды көздеп отыр. Бірақ ресми Мәскеу ондай шешімге вето, яғни бөгет қоятынын ескертті.

АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Николас Бернс (Nicholas Burns) 30-ыншы қараша күні Мадрид қаласында баспасөз-маслихатын өткізіп, Қазақстаның 2009-ыншы жылы Еуропалық ұйымға төраға болуды көздеген мақсатына деген ресми Вашингтонның көзқарасын білдірді.

Н.БЕРНС: “Бұл – күрделі мәселе. Ал Америка Құрама Штаттарының ұстанған стандарты мынадай: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болғысы келген кез-келген ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тұтастығын сақтап қалуға ұмтылуға тиіс”.

Ал одан 1 күн бұрын мемлекеттік хатшы орынбасарының ТМД елдері бойынша көмекшісі Дэниел Фрид те “Қазақстандағы демократия мен адам құқының ахуалы оңала қоймады” деген көзқараспен келісіп, Еуропалық ұйымға Қазақстан төрағалық етуге тиіс емес деген пікірін кесіп айтты.

“Біз, - деп мәлімдеді Д.Фрид, - Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұймына төраға болғанын әбден-ақ қалаймыз. Бірақ біз үшін Еуропалық ұйымның тұтастығын сақтау да өте маңызды. Осы ұйымның құндылықтарын сыйламайтын елдің оған төраға болып, сол тұтастықты бұзғанын қаламаймыз”.

Өткен бейсенбі күні Д.Фрид және осы Еуропалық ұйымдағы АҚШ-тың елшісі Джулия Финли, сонымен қатар, қазақ оппозициясының шетелдік бюросының жетекшісі Серік Медетбековпен кездескен болатын.

Ескерте кету керек, Қазақстанның төраға болуына Ақ үй қарсы болғанымен де, кейбір АҚШ саясаткерлері қолдайды. Мысалы, АҚШ-тың Флорида штатынан сайланған конгрессмен Олки Хастингс (Alcee Hastings – Демократиялық партиядан) бейсенбі күні Мадридтегі конференциядан тыс өткізген баспасөз-маслихатында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуын бастапқыда қолдағанын атап көрсетті.

О.ХАСТИНГС: “Қазақстаның Еуропалық ұйымға төраға болатынына мен сендім. Хельсинки Комиссиясының АҚШ жағынан төрағасы болған кезімде және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясына президент болған кезімде Қазақстаның төраға міндетін атқарғанын мен қолдайтынымды ашық жарияладым”.

Сонымен қатар О.Хастингс атап көрсеткендей, өзінің өтінішін қолдауға көндіру үшін Қазақстан АҚШ-тың мемлекеттік департаментімен арада белсенді келіссөз жүргізіп келді.

Оған қоса ресми Астана Вашингтонды үгіттеу үшін Американың АРСО атты лоббистік компаниясын жалдады. Міне осы компанияға байланысты өткен бейсенбі күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы орынбасарының көмекшісі Дэниел Фрид мынадай қызық жайтты хабарлады. Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросының жетекшісі С.Медетбековпен кездесуінің алдында оған бұрынғы қызметтесі телефон соғыпты.

“Ол мені Қазақстанның өтінішін қолдауға үгіттемек болды, бірақ мен телефонымды көтермедім. Өйткені, біздің көзқарасымыз өзгермейді”, - деп мәлімдеді Д.Фрид.

Оған телефон соққан АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Элизабет Джонс болып шықты. Элизабет ханым – қазір Қазақстан жалдап отырған лоббистік АРСО компаниясында жұмыс істейтін көрінеді.

Дәл осы сағата Мадридтегі бас қосудың барысын біздің тілшіміз Брюс Паннир бақылап отыр. Оның соңғы сәтте телефон арқылы хабарлағанындай, сыртқы істер министрлерінің ең соңғы таңғы отырысында Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров Қазақстанның 2009-ыншы жылы Еуропалық ұйымға төраға болуы туралы шешімнің әлі жарияланбағанын мәлімдеді. Бірақ С.Лавров 2009-ыншы жылы төраға болуы үшін Қазақстан онша көп іс атқармады деп ойлайтынын атап көрсеткен. Оның сөзіне қарағанда, “Еуропалық ұйымға 2009-ыншы жылы Грекия төрағалық етуі, 2010-ышы Қазақстан, ал 2011-інші жылы Литва Республикасы төраға болсын” деген ұсыныс сөз болып жатыр. Ал тілшіміздің хабарлауынша, шешім қабылдау кешігіп жатыр. Ол ең соңғы сәтте қабылдануы мүмкін.
XS
SM
MD
LG