Accessibility links

Еуропалық ұйымға Қазақстан 2010-ыншы жылы төрағалық ететін болды


Қазақстан - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бұрынғы совет республикаларының ішінен бірінші болып төрағалық ететін болды. Бірақ ресми Астана өзі сұрағандай 2009-ыншы жылы емес, одан 1 жыл кейін – 2010-ыншы жылы басқаратын болды, ал ресми Астана сұраған 2009-ыншы жылы Еуропалық ұйымға Грекия, 2011-інші жылы - Литва Республикасы төрағалық етеді. Бұл ұйымға мүше 56 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі 2 күндік конференциясының соңғы - екінші күнінің аяғында қызу пікірталаспен, күрес-тартыспен осындай шешім қабылданды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Мадридтегі конференциясының соңғы – екінші күні - Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров Қазақстанның 2009-ыншы жылы Еуропалық ұйымға төраға болуы туралы әлі тиянақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Мадридтен тілшіміз Б.Паннир телефон арқылы хабарлағандай, С.Лавров Қазақстанның 2009-ыншы жылы төраға болуы үшін атқарған ісі онша сәтті болмады ойлайтынын атап көрсетті.

С.ЛАВРОВ: “Өкініштісі, бүгінгі мәжіліске дейінгі бірнеше жылда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының терезесі тең мүшесі болып табылатын нақты бір елдің оған төраға болуға деген осы өтінішінің төңірегінде сол елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты талаптарды алға тартқан тіпті түсініксіз әрі қабылдауға болмайтын беймәлім қыбыр-жыбыр әрекеттер жасалып келді”.

Ал содан 1 күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы орынбасарының ТМД елдері бойынша көмекшісі Дэниел Фрид те “Қазақстандағы демократия мен адам құқының ахуалы оңала қоймады” деген көзқараспен келісіп, Еуропалық ұйымға Қазақстан төрағалық етуге тиіс емес деген пікірін кесіп айтты.

Өткен бейсенбі күні Д.Фрид және осы Еуропалық ұйымдағы АҚШ-тың елшісі Джулия Финли, сонымен қатар, қазақ оппозициясының шетелдік бюросының жетекшісі Серік Медетбековпен кездескен болатын.

Қазақстанның 2009-ыншы жылы осы Ұйымға төраға болуға берген өтініші, сөзсіз, Мадридтегі конференцияның барысында қызу пікірталас туғызған бірден-бір мәселе болды. Еуропалық ұйымға мүше мемлекеттердің басым көпшілігі ресми Астананың ол өтінішін қанағаттандыруды қолдады. Алайда, демократия, адамның құқы, сөз бостандығы - негізгі құндылықтары болып табылатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге Қазақстан “дайын” емес деп мәлімдеген АҚШ пен Ұлыбритания және Чехия Республикасы ресми Астананың өтінішін қанағаттандыруға қарсы шықты. Ал Еуропалық ұйымның ақырғы шешімін қабылдау үшін оған мүше барлық 56 мемлекет түгел қолдауға тиіс. Ресей мен Қазақстаның ресми өкілдері Қазақстанның не 2010, не болмаса 2011-інші жылы төраға болуына мүмкіндік беру үшін оның 2009-ыншы жылы төрағалық етуіне қарсы болған елдермен келіссөз өткізді.

Оған қоса ресми Астана Вашингтонды үгіттеу үшін Американың АРСО атты лоббистік компаниясын жалдады. Міне осы компанияға байланысты өткен бейсенбі күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы орынбасарының көмекшісі Дэниел Фрид мынадай қызық жайтты хабарлады. Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросының жетекшісі С.Медетбековпен кездесуінің алдында оған бұрынғы қызметтесі телефон соққан.

“Ол мені Қазақстанның өтінішін қолдауға үгіттемек болды, бірақ мен телефонымды көтермедім. Өйткені, біздің көзқарасымыз өзгермейді”, - деп мәлімдеді Д.Фрид.

Оған телефон соққан АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Элизабет Джонс болып шықты. Элизабет ханым – қазір Қазақстан жалдап отырған лоббистік АРСО компаниясында жұмыс істейтін көрінеді.

Еуропалық ұйымға Қазақстанның 2010-ыншы жылы төраға болатыны туралы ақырғы шешімнің қабылданғаны жарияланған соң Қазақстанның сыртқы істер министрі М.Тажин шағын брифинг өткізуге тиіс болатын.
XS
SM
MD
LG