Accessibility links

Қазақ ұлтшылы, композитор Хасен Қожахмет Қазақстандағы бүгінгі халықтың рухани және әлеуметтік хал-жағдайы туралы


- Біздің тәуелсіздік үшін күресіп, бәлен жыл түрмеге қамалып жүрген еңбегіміз бекерге қалып отыр. Өйткені, Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет дей отыра, қазақ халқының өз тарихи Отанында өз ана тілінде сөйлеу құқығы болмай отыр.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп заң жүзінде қабылдағанымен, оны орындап отырған билік жоқ қазір. Барлық жерде сол баяғысынша орыс тілінде, бізді отаршылаған кездегідей жүріп жатыр. Сол тілді бізге таңып, президентіміз болсын, басқасы болсын, шетелдіктермен сөйлескенде, сол спекілді Отанымызда өз арамызда сөйлескенде бәрі сол бұрынғыдай орыс тілінде сөйлеп жүр әлі күнге шейін.

Бұл деген бүкіл қазақ халқының құқығын таптау деген сөз. Халық өз музыкасын, төл өнерін ести алмай отыр. Бүкіл жерде – экранда және өзге орындарда тілі орысша немесе өңкей бір афроамерикандық ән-әуен алып кеткен.

Қазақ қазір өзінде өнім де шығармайтын болды, барлығы Қытайдың тауары боп кетті. Сонда қазақтың өзінде түгі де қалмады - өз еліңде тұрып жатып не басында баспанасы жоқ, оны алуға жағдайы тағы жоқ. Қазақстанда баспанаға деген мынадай сұмдық қымбатшылық енді Америка мен Францияда да жоқ шығар.

Ал енді осыншама далиып жатқан қазақтың кең даласынан сол қазаққа үй салуға жер жоқ боп отыр. Өздігімен үй салғандардың құжырасын полиция жасағымен бірге барып қиратып, отбасындағы үлкендерді қамайды, соттайды, дүрелейді. Сонда, баспана алуға құқығы жоқ, өз ана тілінде сөйлеуге құқығы жоқ, өз еліндегі өз байлығын игеруге мүмкіндігі жоқ, өз елінде кәсіпорын ашып, іспен айналысуға мүмкіндігі жоқ, ал шетелдің тауарларына, барлығына жолды, шекараны айқара ашып тастаған.

Сондай-ақ Қазақстанда халықтың өз елінде дұрыс өмір сүруіне рухани да, әлеуметтік те, ешқандай жағдай жоқ. Ешнәрсесі шешілген жоқ әлі елдің, міне қазір біз жағдайда тұрмыз. Сөйткен халықтың қандай құқығын айтуға болады?!

Сотқа арызданса олар қарамайды, себебі сот кім өзіне пара берсе, солардың мәселесін шешумен айналысады. Президент Назарбаевқа жазады елдің барлығы арыз-өтінішін, басқа органдар жұмыс істемейді, тексермейді әлгі арыз-өтініштерді, бүкіл барлық хаттар тек президенттің атына ғана жазылады.

Сонда қазіргі біздегі басқару жүйесі - самодержавиялық елдердегідей секілді боп көрініп тұр ғой, барлық мәселені тек бір адам ғана шешетін.
XS
SM
MD
LG