Accessibility links

Бүгін Римде БҰҰ-ның “астық дағдарысы” саммиті басталады


Сейсенбі күні Римде дүние жүзі елдерінің басшылары бүкіл әлемде азық-түлік, оның ішінде астық бағасының қымбаттауын ауыздықтау тақырыбына арналған 3 күндік конференцияға жиналады. Мемлекет басшыларының бұл бас қосуына 2005-2007 жылдар аралығында астық пен күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының 2 есеге дерлік қымбаттап, әлемнің ең кедей елдеріне ауыр соққы болып тигені себеп болып отыр.

Көп айдан бері экономистер азық-түліктің қымбаттауы салдарынан бүкіл әлемнің “астық дағдарысы” алдында тұрғанын ескертумен келеді.

Р.ЗЕЛЛИК: “Біздің есебіміз бойынша, соңғы 3 жылдың ішінде азық-түлік бағасының 2 есе қымбаттауы табысы аз елдердің 100 млн.-дай халқын тіпті жоқшылыққа жеткізуі мүмкін. Бұл қысқа уақытқа созылатын мәселе емес, келешек ұрпақтың да сондай қымбат баға төлеуі мүмкін деген мәселе”.

Бұл – Дүниежүзілік банктің президенті Роберт Зелликтің (Robert Zoellick) сәуір айында айтқан ескертуі болатын. Өзгелері азық-түліктің қымбаттауы әлемнің ең кедей деген кейбір елін аштыққа жеткізуі мүмкін деп ескертті.

Р.ЛОУДЖ: “Ауғанстан - өзекті проблема. Қаңтар айының соңында президент Х.Қарзай 2.5 млн. халыққа азық-түлік көмегін көрсету үшін қосымша 77 млн. доллар бөлуді сұрады. Олар – аштыққа жаңадан ұшырағандар, олар – отын бағасының көтерілуі салдарынан аштыққа душар болғандар. Олар, негізінен, осыған дейін өз жанұясын асырауға жететін табыс тауып келген қала тұрғындары немесе жартылай қала тұрғындары болып табылады. Олар үшін өзгеріп салған жалғыз нәрсе – азық-түліктің қазіргі бағасын олардың қазіргі табысы көтермейді”.

Бұл - өткен айда “Азаттық” Радиосына сұхбат берген БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік Бағдарламасының өкілі Робин Лоуддждың әңгімесі (Robin Lodge). Міне осы ескертулердің нәтижесінде, сарапшылардан “астық дағдарысының” жай-жапсары мен оны шешудің жолдары туралы пікірлерін саралау үшін әлем елдерінің басшылары Римде жиналмақшы.

3-інші маусымда басталып, 5-інші маусымға дейін дерлік жалғасатын 3 күндік конференцияға штаб-пәтері Римде орналасқан БҰҰ-ның Азық-түлік және Ауыл-шаруашылық Агенттігі мұрындық болып, оған Ұлттар Ұйымының шенеуніктері мен 40-тан астам мемлекеттің басшылары мен премьер-министрлері қатысуға тиіс.

Олардың көпшілігі шұғыл іс-шара қабылдауды талап етеді. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун дүниежүзі елдерінің үкіметтерін азық-түлік саудасына қойылған шектеулерді дереу тоқтатып, ауыл шаруашылығына салынатын салықтың көлемін азайтуды және азық-түліктің бағасын соңғы 30 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткізген басқа да шараларды жоюға шақыратын үндеу көтеруге тиіс.

Жапония премьер-министрі Ясуо Фукуда (Yasuo Fukuda) әлемнің бай елдерін дағдарыс кезінде мешел елдерге азық-түліктің көбірек қорын жасап алуға көмектесуге шақырмақшы. АҚШ делегациясының жетекшісі әрі ауылшаруашылық министрі Эд Шэфер (Ed Schafer) азық-түліктің қымбаттауына отын бағасының көтерілуі себеп болғанын мысалға келтіретін тәрізді. Азық-түліктің бағасын түсірудің бір амалы ретінде Эд Шэфер жетекші елдерді энергетиканың балама көздерін табуға көбірек капитал жұмсауға үгіттемекші.

Халықаралық сарапшылардың арасында азық-түліктің қымбаттауына нақты қандай себептердің түрткі болғаны туралы қызу пікірталас туды. Ортақ пікірге сәйкес, бүкіл әлемде энергия ресурстары мен азық-түлікке деген сұраныстың өсіп, бағаның қымбаттауына ұлттық экономикалары қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Үндістанның отын мен азыққа деген сұраныстарының арта түсуі көп себептің бірі болып отыр.

Пан Ги Мунның баяндамасында айтылатындай, бағаның аспандауына әлемдегі бай елдердің азық-түлік экспортына шектеу қоюы да түрткі болды. Ондай шектеуге қарсы сарапшылардың пікірі бойынша, шектеу шарасы дамушы елдердің дихандарына әлемдік астық саудасына шығара алатын ауылшаруашылық өнімдерін өндіруіне бөгет болады. Бірақ, сарапшылар астық бағасының қымбаттауына түрткі болған тағы бір жайтты нұсқап отыр.

Ол – дәнді дақылдардан өндірілген биоотын. Биоотынның өндірісі – азық-түлік саудасын қысқартып, энергия ресурсының саудасын кеңейтеді. Бірақ онымен келіспейтіндер бүкіл әлемдегі азық-түлік қорына әсер ете алатындай, биоотын өндірісінің қазіргі ауқымы кішкентай ғана, ал отынның балама көздерін дамыту келешек үшін өте маңызды деп мәлімдейді. Міне осындай пікірді өткен сәуір айында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райс айтты.

Римдегі бас қосудың барысында “астық дағдарысына” қатысы жоқ саяси дүрбелең шығуы да мүмкін. Оның ішінде, әлемдегі жетекші елдің бірі болып табылатын Иранның басқа бір проблема бойынша халықаралық қоғаммен келіспейтін пікірі бар. Атап айтқанда, БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесі уран шикізатын байыту бағдарламасын жабудан бас тартқан Иранға қарсы жаза қолдану туралы 2 Қарар қабылдады.

Ресми Теһран хабарлағандай, Римдегі 3 күндік конференцияға қатысумен қатар президент Махмуд Ахмадинеджад Рим папасы 16-ншы Бенедиктпен және Италияның шенеуніктерімен кездеспекші. Екіншісі – билік басында қалу үшін таяуда болып өткен парламент және президент сайлауының нәтижелерін өрескел бұрмалады деп Батыс елдері жағынан өткір сынға қалған Зимбабвенің президенті Роберт Мугабе болуы мүмкін.

Оған БҰҰ-ның жиындарынан басқа жағдайда Еуроодақ кеңістігіне аяқ басуына тосқауыл қойылды және Мугабе сондай бір жиынға келгенінде Батыстың кейбір лидеріне қарсы жаман сөз айтты. Міне, осының барлығы “Рим конференциясына” деген қызығушылық туғызады.

Азық-түліктің қымбаттауына арналған, бірақ ауқымы одан әлдеқайда тар болатын жиынның жалғасы – “Үлкен сегіздік” елдерінің басшылары жиналатын шілде айында Жапонияда өтеді.
XS
SM
MD
LG