Accessibility links

Айнұр Құрманов «Шаңырақ» ұйымынан неге кетті?


Қоғамдық белсенді Айнұр Құрманов.
Қоғамдық белсенді Айнұр Құрманов.

Қоғамда, билікке балама күш ретінде халықпен жұмыс істеп жүрген оппозициялық топтардың жұмысты жақсы бастағанымен, кейіннен сыйыспай жататындығы туралы жиі айтылып жүр.

Таяуда «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшылары да бір бірімен ат құйрығын үзісті. Кезінде оппозициялық «Алға» партиясының басшылығынан кеткен Асылбек Қожахметов өткен жылдың қазан айында «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігін құрған еді. Сол уақытта Алматыдағы даулы шағын аудандардың мәселесімен айналысып жүрген Айнұр Құрмановтың ұйымдастыру комитеті «Шаңыраққа» қосылды.

«Шаңырақтың» белсенділері Алматы қаласы мен облысындағы талай адамға көмектесті. Бірнеше ірі шаралар өткізді. Мәселен, «Абыройлы баспана үшін» митингісін ұйымдастырып, қарапайым халықтың құқығын қорғады. Белгілі бір нәтиежелерге де қол жеткізе алды.

Мысалы, сотта Денис Әлімбетов пен Асылбек Қожахметов «Шаңырақ» пен «Красный трудовик» шағын аудандарына байланысты меншікті заңдастыру шарасының әділетті өтпегенін айтты. Қоғамдық қорғаушылардың арқасында сот жергілікті атқарушы билік құрған комиссияның шығарған шешімнің күшін жойды.

«Шаңырақтың» Алматы қаласындағы филиалында жұмыс істеген Айнұр Құрманов, Денис Әлімбеков және Ризада Жақыпбектер не себепті аталмыш бірлестіктен кетіп қалды? Осы жағдайдың мән-жайын түсіну үшін, біз ең алдымен Айнұр Құрмановқа хабарластық.

- Біз жеке ұйым болғымыз келді. Бар болғаны осы. Ал бір-бірімізге ренжігеннен немесе бірдемені бөлісе алмағандықтан жолдарымыз екіге айырылды деп айта алмаймын. Бүгінгі жағдайды іскерлік шешім деп түсінген дұрыс болады. Асылбек Базарбайұлы екеуіміздің көзқарастарымыз кейбір кездерде бір-бірімен ұштаспай жатса да, мен өзімді оның көлеңкесінде қалып қойдым деп есептемейтінмін. Ал енді тұрғын үй мен жер мәселесіне душар болған азаматтарды қорғайтын қоғамдық әлеуметтік қозғалыс құрамыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біз ұжымдық басқаруды қолдайтын болғандықтан, арамызда ешқандай лидер болмайды. Кез келген мәселеге байланысты шешімдер әріптестерімінің келісімінен соң ғана қабылданады.

Ал Асылбек Қожахметовтың «Азаттық» тілшісіне берген түсініктемесі төмендегідей болды:

- Жұмыс істеу стилімізде айырмашылықтар аз болған жоқ. Одан соң, Құрманов қай жерде болмасын, өзін бірінші адам етіп көрсеткісі келетін. Осындай жағдайларға байланысты онымен әңгімелескенімде, жеке болғысы келетіндігін айтты. Мен оның ойының қандай екенін түсіндім, бөлінгің келсе жарайды, жолың болсын деп айттым. Одан кейін, Құрманов өз адамдарымен кетті екен деп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы филиалы жабылып қалмайды. Ол жақта да біраз адамдар қалды, филиалдың жұмыстарын солар да жалғастыра алады деп ойлаймын. Айнұр Құрманов сенің көлеңкеңде қалып қоятын болдым деп маған ешуақытта айтқан емес, бірақ мен оның бойында осындай қорқыныштың бар екенін байқайтынмын. Және, ол газет бетіне мақала жариялайтын болса, «Шаңырақ» деген сөзді ешуақытта аузына алмайтын. Өзінің қоғамдық бірлестікте жұмыс істегеніне ұялатын ба, оның бұл қылығын түсіне алмадым. Оның осындай әркеттерінен соң, сен екі ортада тұра бермей, бір жағына шыққаның дұрыс болады деп айттым. Жақында ол маған келіп, өзінің бөлінгісі келетіндігін жеткізді. Міне, бар болғаны осы. Менің ойымша, бұдан ешқандай сенсация жасаудың керегі жоқ деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG