Accessibility links

Денсаулық сақтау саласы ақсап тұр


Тамақ таратушы мен егуші мейірбика тар дәлізге симай тұр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы.
Тамақ таратушы мен егуші мейірбика тар дәлізге симай тұр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы.

Жыл сайын мемлекет бюджетінен қазақстандық ауруханаларға заманауи құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алу үшін миллиондаған қаржының бөлінетіндігі белгілі. Мұндай қомақты қаржы қазақстандық медицинаның жақсаруына қаншалықты оң әсерін тигізіп жатыр?

Таяуда Алматы қаласы денсаулық сақтау департаментінде үлкен дау туды. Осы мекеменің бастығының орынбасары Салтанат Әшірова мемлекеттік сатып алуға байланысты тендерлердің заң талаптарына сай өтпейтіндігін мәлімдеп, қызметінен кетті.

Әшірова мұндай қадамға бармас бұрын, Алматы қаласындағы барлық медициналық мекемелерге жоғарыдағы жағдайды баяндап, қызметтік хаттың көшірмесін жіберіпті. Хатта Алматының денсаулық сақтау департаментіндегі дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бөлімдерінде өрескел заң бұзушылықтардың орын алып жатқандығы туралы айтылған. Сонымен қатар хатта конкурстық комиссияның отырысы басталуына бірнеше сағат қалғанда ғана аян болатындығы және оған қатысу туралы арыздардың көп жағдайда комиссияның отырысынсыз-ақ қаралатындығы туралы да жазылған.

Одан әрі қарай, Салтанат Әшірова былай деп жазады: «Маған үнемі жоғары жақтан, өз басым қорытындысымен келіспеген тендерлік құжаттарға қол қойғаның дұрыс болады деген сөздер айтылып жүрді. Сондай-ақ, кейбір компаниялар тендерді ұтып алып, мемлекет үшін 25 миллиард теңгеге айналатын құрал-жабдықтарды ұсынады. Бастысы, салық төлеушілердің ақшасына сатып алынған қымбат техника кейбір жағдайда тапсырыс берушілерге мүлдем қажет емес екені анықталады».

Биыл 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласындағы перзентханалардағы нәрестелердің тым көп шетінейтіндігіне байланысты арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексерудің нәтижесінде 2007-2008 жылдары Алматыдағы бес перзентханада нәрестелердің шетінеуінің көбейіп кеткендігі, патологоанатомистикалық зерттеулердің жасалмағандығы, тегін медициналық қызмет көрсетуде де бірқатар қателіктердің кеткендігі анықталып, комиссия оған байланысты шешім шығарды.

Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментіндегі қызметінен кеткен Салтанат Әшіровадан қандай да бір түсініктеме алғымыз келген әрекетімізден нәтиже шықпады.

Оның хатында баяндалған мәселелерге байланысты Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Зәуреш Аманжоловаға телефон шалғанымызбен, қызмет бабымен жүргендіктен, журналистер сауалына жауап беруге оның уақыты тапшы екендігі туралы жауап алдық.

Осы жағдайды «Время» газеті «Салтанат Әшірова қарақан басының қамын ойлағандықтан осындай қадамға барды, өйткені, тендерлердің төңірегіндегі осы тектес әңгіме кеше ғана пайда болған жоқ. Осы уақытқа дейін барлығына көз жұмып келген денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары табан асты елді елең еткізетіндей ақпараттарды сыртқа шығаруы тегін емес. Зәуреш Аманжолованың өзі қызметтен кететін болғандықтан қалалық департаменттің төңірегіндегі заңсыз оқиғалар бір пәсте орынбасарларының жауапкершілігіне өтеді, соны жақсы түсінген Әшірова барлығын алдын алуға тырысты» деп жазды.

Ал, белгілі себептерге байланысты, аты-жөнін айтпауды сұраған денсаулық сақтау департаментінде істейтін қызметкердің бірі «Азаттық» тілшісіне мынандай ақпарат берді:

«Негізі бұл жағдайдың себебі маған белгісіз. Бірақ, тендерлер төңірегінде туындаған әңгімеде шындықтың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Мен көп нәрсені білмейтін болғандықтан, ананыкі дұрыс, мынанікі бұрыс емес деп айтқым келмейді.Сол себепті, осы мәселе туралы сіздерге толық мағлұмат бере алмаймын. Өзімнің білетінімді айтар болсам, мемлекетте ауруға шалдыққан адамдарды тегін медициналық және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған арнайы бағдарлама бар. Осы бағдарламаның негізінде, қан диабетіне, жүрек талмасына ұшыраған және тағы басқа ауруларға душар болған адамдарға тегін дәрілер беріледі. Тегін көмек жергілікті және республикалық бюджеттің қаржысына қарастырылғандықтан, жыл сайын арнайы тендерлер өткізіледі. Алайда, бұл тендерлер наурыз және сәуір айларында өтетіндіктен, олардың қорытындысы шыққанша, денсаулығы сырқат адамдар мемлекет тарапынан жасалатын көмекті мамыр айының орта шеніне дейін күтуге мәжбүр болуда. Осындай да проблемалар бар, әрине, қазіргі кезде Салтанаттың айтып жатқаны жұрттың барлығына қызық, бірақ, оның өзі де бүкіл мәселені жария ете алған жоқ».

Мұндай проблема Қазақстанда тек жалғыз Алматыда ғана емес. Шымкентте жас балаларға жаппай ВИЧ дертін жұқтырған оқиғадан соң облыстағы денсаулық сақтау департаментінде басшылық қызметте істеген кейбір адамдар сот алдын жауап беріп, біразы қызметтерімен кетті.

Таяуда облыстық прокуратура осы мекемелерде біршама заң бұзушылықтардың орын алғанын анықтағандығын хабарлады. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, 2007 жылы 38 әйел өлімі тіркелген. Ал 2008 жылдың бірінші тоқсанында өлім саны 10-ға жеткен. Сонымен қатар, облыста жаңа туған нәрестелер мен бала өлімі де шектен тыс көбейіп кеткен. 2007 жылы болған жағдайды айтар болсақ, нәрестелер мен бала өлімінің саны 1569 жетіп жығылған. Ал 2008 жылдың бірінші тоқсанында мұндай оқиғаның 525 фактісі тіркелген екен.
XS
SM
MD
LG