Accessibility links

Posit.kz үш айға жабылды


Таяуда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шығарған шешімі негізінде posit.kz интернет басылымы өз жұмысын тоқтатты.

Posit.kz сайтында мақалалардың тұсына оқырман пікірлерінің жариялануы оның жабылуына алып келді. Сайттың жұмысын тоқтау туралы сотқа арызданған Медеу аудандық прокуратурасы да осыған байланысты сайттың үстінен шағым түсірген болатын.

Прокуратураның айтуынша, сайтта ұлтаралық араздықты қоздыратын пікірлер жарияланған. Сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, posit.kz сайтының жұмысы үш айға тоқтатылды.

Болған оқиғаға орай сайттың шеф-редакторы Анастасия Новикова «Азаттық» тілшісіне былай деді:

«Сот шешімінің осылай болатындығын алдын ала сезгенбіз. Енді бір-ақ жол бар, ол – апелляция. Ал оның қорытындысының қалай болатындығын уақыт көрсетер. Сот отырысы кезінде түсініксіз жағдай болды. Негізі, басылымға шағым түсірген прокуратура, бізге істің материалдарымен танысып шығуымыз үшін оны қолымызға бір ай бұрын беру керек екен. Мен бұл материалдарды сот процесінің алғашқы күні ғана көрдім.

Сонымен қатар, даудың басы былтырғы жылдың қараша айының ортасында «Қазақтар барлығын өзінің төбесіне шығарып алды» деп аталатын мақаланың тұсына жарияланған оқырмандардың пікірлеріне байланысты туындаған болатын. Біз сол уақытта прокуратураның хат арқылы жасаған ескертуінен соң, шын мәнінде де ұлтараздықты туғызуы мүмкін пікірлерді жойып отырдық.

Бірақ, сот барысында прокурор бізге дау туғызған оқырман пікірлерін көрсетті, олар оның барлығын ақ қағаз бетіне түсіргендіктен, бұл пікірлер біздің басылымнан ба, әлде тағы басқа жақтан алынды ма, осы жағы түсініксіз болып қалды. Неге десеңіз, бұл материалдардың дәл интернеттен алынғанын дәлелдейтін белгілер болған жоқ. Ал прокурор болса, осы пікірлерді біздің сайттан көшіріліп басылғандығы туралы арнайы актінің бар екенін айтқанымен, оны бізге ешкім көрсетпеді».

Бұл жөнінде тілші сауалына Медеу аудандық прокуратурасы қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеді, ал ондағылардан ешқандай жауап ала алмадық.

Осы мәселеге байланысты басталған сот процессі де тез аяқталды. Яғни, соттың екінші отырысының соңында аталмыш басылымның жұмысын тоқтату туралы шешім шығарылды. Сонымен қатар, судья Елібаев, «бұл оқиғада ұлтаралық араздықтың нышаны бар болғандықтан, журналистердің қатысуына рұқсат берілмейді», деген шешім шығарып, сотты жабық есік жағдайында өткізді.
XS
SM
MD
LG