Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.07.2008 жыл


Бейсенбілік басылымдарда «Forbes» журналының рейтингісінде 121 мемлекеттің ішінде Қазақстанның 69-орынға табан тірегені және мемлекетте қос партиялық жүйе орнаса, «Нұр Отанға» бәсекелес партияның табылмайтындығы жазылыпты.

«Түркістан» газетінің 10 шілде күнгі санында, «Қазақстан 69-орында» деп аталатын мақала жарық көріпті. Редакциялық мақалада, «Forbes» журналы кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасаған елдердің рейтингісін жариялағаны айтылыпты. Жер шарының 192 елінен 121 мемлекетті сынға салған тізімде, Қазақстан – 69-орынды иеленіпті.

Рейтингті анықтау үшін, мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі, инфляция деңгейі, негізгі экономикалық көрсеткіштерімен бірге, заңдық құжаттар мен салық жүйесіндегі мүмкіндіктері де назардан тыс қалмапты. Рейтингтің тізіміндегі бірінші орынды Дания мемлекеті иеленіпті. Данияның озып шығуына, ондағы жемқорлықтың басқа елдердегідей кең етек жаймауы себеп болған екен. Сондай-ақ, алғашқы бестікке Ирландия, Финляндия, АҚШ, және Ұлыбритания кіріпті.

Газеттің төртінші бетіндегі журналист Нәзия Жоямергенқызының «АҚШ: сайлау қарсаңы» деген мақаласында, биыл күзде өтетін сайлауда демократтардың туын көтеріп жүрген Барак Обама мен Республикалық партияның өкілі Джон Маккейннің арасындағы бәсекенің өте тартысты өтетіндігі тілге тиек етіліпті. Мақалада америкалық қоғамда нәсілшілдік мәселесімен қарқынды күрес жүріп жатса да, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ екені сөз болыпты. Автор өз мақаласында консервативтік көзқарастағы америкалық дауыс беруші электораттың қара нәсілді Обамаға іш тартуының екіталай екендігін атап өтіпті.

Мақаланың қорытындысында Барак Обаманың жеңіске жету мүмкіндігінің, қарсыласына қарағанда, 37-39 пайызға артық екені айтылыпты.

«Айқын» газетіндегі журналист Құбаш Сағидоллаұлының «Қоспартиялық жүйе орнаса, екінші қай партия болуы мүмкін?» деп аталатын мақаласында, әсіресе бұл жүйенің англосаксондық әлемде кеңінен тарағаны айтылыпты. Сонымен қатар мақалада 1999 жылдары осындай тенденцияның Ресейде де байқалып, бір-бірімен бәсекелес болған «Единство» және «Отечество – Вся Россия» деген партиялардың 2001 жылы «Единая Россияға» айналғаны баяндалыпты. Осы тәжірибені тілге тиек еткен автор, Қазақстанның саяси кеңістігіндегі «екінші партияны» дәл анықтап, кесіп айту қиын деп жазады. Сондай-ақ, былтырғы сайлауларда Қазақстандағы барлық партиялар жиылып, «Нұр Отан» жинаған дауыстың оннан бір бөлігін де ала алмағаны тілге тиек етіліпті.

«Ана тілі» газетінде, Жолымбет Мәкішовтың «Қазақстандық ұлт» ұғымы қазаққа күлдей зиян» деген мақаласы жарық көріпті. Мақалада мемлекеттік тұрғыда әлі ұлтты ұйыстыруға бағытталған шаралардың қолға алынбай отырғаны сөз болыпты. «Мәселен, орыстарды алсақ, олардың отаны Ресей, ал Қазақстандағыларды – диаспора деп атау керек, өйткені, бір халық екі мемлекетте қатар өмір сүре алмайды» дейді, мақала авторы.

«Время» газетінде Жапонияның Хоккайдо аралында «Үлкен сегіздіктің» кезекті саммитінің аяқталғаны хабарланыпты. Онда бас қосқан он алты мемлекеттің басшылары - 2009 жылы Италияда кездесетін болып уәделесіпті.

«Олар неге келісті –неге келіспеді» деп аталатын бұл мақалада «Үлкен сегіздік» құрамындағы мемлекет басшыларының мұнай мен азық-түлік бағасының күрт өсуіне байланысты әрекет етуге уағдаласқандары баяндалыпты.

«Экспресс К» газетіндегі Анна Гончарованың мақаласында, Алматы қаласынан 42 шақырым қашықтықта, Қазақстан-Қытай газ құбыры құрылысының басталуына орай, салтанатты рәсім өткені жазылыпты. Сондай-ақ, бұл газ құбырының екі мемлекет үшін де маңызды рөл атқаратыны сөз болыпты. Түркіменстан газымен байланыстыратын және аймақтың экономикалық дамуына тың серпін беретін «Азиялық газ құбыры», сондай-ақ, болашақта Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін де күшейтетіні айтылыпты.
XS
SM
MD
LG