Мәселен, Массачусетстегі Моунт Холиок колледжінің Ресей және Евразия зерттеулері бойынша профессоры Стефен Джоунстың аутынша, соңғы 15 жылда Ресей мен Грузия арасындағы Оңтүстік Осетия мен Абхазияға қатысты соғыс ақырында ашық шайқасқа ұласып отыр. Ол бұл жағдайдың ауыр зардабын бәрі, оның ішінде көбірек Грузия мен Осетиялық отбасылар тартады дейді. Осы жолы соғысты қай тараптың бастағаны белгісіз болып қалды деген ол, осы әскери қақтығысқа жыл басындағы Косовоның тәуелсіздік жариялауы, Ресейдегі наурыз айында өткен президенттік сайлау, Грузия мен Украинаны НАТО-ға мүшелліке қабылдау шешімі, мұнай бағасы және Ресейдің бұрынғыдай империя болуды аңсауы негіз болды дейді.
Ал Ресей мен Грузияның арасында ұзақтан келе жатқан бітеу жараның ашық соғысқа ұласуына байланысты пікір айтқан Мәскеудегі Карнеги орталығынан Кавказ бойынша сарапшы Алексей Малашенко “бізде мұндай соғыс бола қояды деген болжам болған жоқ, оның алдын алу керек еді, бұл жағдайда осы аймақтағы сыртқы саясатты шайқалтқан адамның дәл осы уақытта Бейжің олимпиадасында жүргенін түсінбей отырмын” деді.
Бұл ресейлік сарапшының Путинді меңзеп айтқандарын, Азаттық радиосмындағы Грузин қызметінің директоры Давид Какабадзе былай деп толықтырады:
“Президент Михаил Саакашвили үкіметін құлату Ресейдің арманы. Кемінде оған Ресей премьер министрі Владимир Путин қатты қуанады. Мен егер Саакшвили елден кетіп, оның орнына Ресей өзін тыңдайтын біреуді қоя алатын болса, ол адам Грузияның басты мақсаты Еуропа Одағы мен НАТО-ға қосылу туралы ешқашан айтпаса, Путиннің қуанышты болатынына сенімдімін. Мен Ресей үкіметі үшін айта алмаймын, және олар нақты нені жоспарлап отырғанын білмеймін, десе де бұл олар үшін ең жақсы сценарий болар еді”.
Ресей Грузияны Батысқа, НАТО-ға ұмтылысы үшін жазалап жатыр деген Какабазде, Ресей бүгін Грузияға шабуылдаса, ертең Совет Одағының кез келген еліне де осылай жасауы мүмкін деп айтты. Сонымен қатар ол, Грузиядағы қақтығысты тоқтатуға, адам өліміне жол бермеу үшін халықаралық қауымдастық қажетті қадамдар жасамай жатыр деді.
Грузия жексенбі күні кешкісін Оңтүстік Осетияда атысты тоқтатуға нұсқау беріп, Ресеймен жаулықты тоқтату келіссөздеріне дайын екенін мәлімдеді. Десе де Ресейдің шабуылды кеңейтуі, Грузия оппозциясын президент Саакшвилидің маңына жиналуына әкеп отыр.
Осыған дейін екі басқа ұстанымда келген грузиялық саясаткерлер ұлттық бірлікке үндеп, тіпті сырттай сотталып қуғында жүрген оппозиционер Ираклий Окруашвили Парижден еліне келуге дайындалып, Ресей күштерімен соғысатын кәдімгі әскер қатарында болатынын мәлімдеді.
Грузия теледидары арқылы сөйлеген сөзінде Давид Бакрадзе
Халықты қиын кезеңде бірігуге шақырды.
“Бүгін ел үшін қиын кезеңде Грузияның мемлекет ретінде болуына қатысты мен Грузия президентіне, күллі Грузия үкіметіне, сіздерге қайрылғым келеді. Біз бірігуіміз керек. Жауларымыздың әскері қайдан келсе де, біз оларға қарсы тұруымыз қажет. Оларға Грузияны 1921 жылдағыдай қайта басып алуға жол бермеу керек, біздің күшіміз, біздің бірлігімізде”
Оңтүстік Осетиядағы қарулы қақтығысқа байланысты Қазақстан президенті де пікір білдірген болатын. Жұма күні Бейжің олимпиадасының ашылу салтанатына барған президент Назарбаев Ресей премьер-министрімен кездесуі барысында В.Путиннің “ТМД елдері осы ахуалға өз бағасын беруі тиіс және қақтығысты доғару үшін шара қолдануы керек” деген пікірімен келісетіндігін білдіріп:
“Оңтүстік Осетияға қатысты қандай іс-шара қабылдайтынын хабарламаған грузин басшылығы дұрыс істемеді. Бұл жанжалды бейбіт түрде шешуден басқа жол жоқ”, -деп мәлімдеген еді Н.Назарбаев.