Accessibility links

Грузияда әлеуметтік дағдарыс етек алды


Оңтүстік Осетияда Грузия-Ресей әскерінің қақтығысы бес күнге жалғасты. Азаттық радиосының тілшісі шабуылдардан қираған қалада әлеуметтік дағдарыс ұлғайып барады деп хабарлайды.

Бір апта бұрын Луиза Дзагоева Цхинвалидегі сұлулық салонында шаштараз болып жүрген. Грузияның жікшіл аймағы Оңтүстік Осетия астанасының тұрғыны болған ол бүгінде бәрінен - үйінен, жұмысынан және тұрақтылық пен бейбіт өмірге деген үмітінен айрылды.
Ресей мен Грузия күштері арасындағы қанды қақтығыс бейбіт тұрғындардың өмірін әкетіп, Цхинвалидегі Луизаның үйі мен қызмет ететін әдемілік салонын қираған үйіндіге айналдырды. Луиза мен оның анасы төрт күндей жертөледе тығылып жатқаннан кейін көрші Солтүстік Осетияға бас сауғалап кеткен:
“Біз мұнда картоп таситын жүк машинасымен келдік. Бәріміз еденде отырдық. Онда бізбен бірге бір жаралы адам болды. Және бізден тағы бір жаралы адамды жолдан ала кету сұралды. Оның алдында біз төрт күнді жарықсыз, газсыз жертөледе өткіздік. Барлық сымдар үзіліп жерде жатты.”
Гори, 12 тамыз

Луизаның анасы қант ауруымен ауырады. Қазір оған Солтүстік Осетия астанасына жақын емханада жедел көмек көрсетіліп жатыр. Луизаның өзі әйнек сынығынан жеңіл жарақат алған.
Ресей билігі тамыздың 7-8-інен бері 30 мыңнан аса оңтүстік осетиялық шекарадан өтіп келгенін айтты.
Олардың көбісі Луиза сияқты Солтүстік Осетияға жетуге тырысады. Бірақ ресейлік журналист Илья Барабанов Азаттықтың орыс қызметіне Оңтүстік Осетияның бір ауылынан берген сұхбатында бәріне бірдей Ресей шекарасына жетуге мүмкіндік жоқ дейді:
“Жағдай мұнда шынымен қиын. Бұл ауылда жүздеген жаралы
босқын бар. Оларды қалайда Владикавказға жеткізуге күш салынды, бірақ көлік қозғалысының тығыздығы кедергі болды. Адамдар көліктерімен кетуге тырысады, қайта-қайта жаралы адамдар әкелініп жатыр”.

Оңтүстік Осетиядағы қақтығыс көптеген гузиялықтарды да баспанасыз қалдырды. БҰҰ Босқындар ісімен айналысатын агенттіктің мәліметіне қарағанда, Ресей әскері бомбалаған Гори қаласы тұрғындарының 80 пайызы шабуылдан қорғанып, үйлерін тастап кеткен.
Оңтүстік Осетия босқындары, 13 тамыз 2008 жыл
Азат Еуропа/Азаттық радиосындағы грузин қызметінің Гори қаласындағы тілшісі хабарлағандай, қаладағы 50 мың тұрғынның 5 мыңы ғана қалып отырса да, азық-түлік пен басқа да қажетті заттар жетпей жатыр. Азаттық тілшісінің айтуынша, сәрсенбі күні бұл аймақтағы дүкендерді тонауға келген қылмыстық топтардың өзара атысы тұрғындарға қосымша қауіп-қатер әкелді:
“Кеше кешкісін Горидің Цхинвали бағытындағы солтүстік аймақтарындағы ауылдарда түрлі топтар мен құрылымдар тонау әрекеттерін жасады. Адамдар үкіметтік агенттіктерді, ақпарат өкілдерін көмекке шақыра бастады. Тонаушылар бәрін - ақша, азық-түлік, ірі қара мал, тауықтарға дейін әкетті.”
Горидің тұрғындары басқа қалалардағы туыстарына барып паналап отыр. Тағы біразы өздеріне “көшуге мәжбүр болғандар” мәртебесін алу үшін Тбилисидегі қалалық әкімшілік кеңсесі сыртына жиналып жатыр. Егер олар ресми тіркелсе, оларға азық-түлік беріліп, Тбилиси маңындағы жатақханалардан орын ала алады.
Қақтығыс аймағындағы үйін тастап шыққан, жасы ұлғайған мына бір азамат:
“Мен екі қабатты үйімді тастап шықтым. Ол толығымен біткен жоқ еді. Бірақ мен бұл үйді салу үшін әрбір тиынымды жинағам. Енді қазір мен үйсізбін. Мен не болатынын, үкімет кедей адамдарға не жасайтынын білмеймін. Мен олар біз туралы ойлайтын болады деп үміттенем.”
Қарулы қақтығыстан екі тараптың да көптеген отбасы зардап шекті. Грузиядағы қатты қақтығыс отбасы мүшелерін жан-жаққа бөліп жіберді.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агенттігі хабарлағандай, Оңтүстік Осетиядағы қақтығыстан 90 мың адам босып кеткен.
Бірақ Human Rights Watch ұйымының Мәскеудегі кеңсесінен Татьяна Локшина екі тараптан берілген адам шығыны туралы ақпарат үлкен күдік келтіреді дейді:
“Біз қақтығыс болған екі тараптан түсіп жатқан жаңсақ ақпарат пен ақпарат көздерінің насихатына терең дендеп барамыз. Олар берген қаза болғандар, жараланғандар туралы көрсеткіш, бейбіт тұрғындар мен босып кеткендер жайлы мәлімет толығымен негізсіз”.
Қайырымдылық көмек көрсетуші ұйымдар Оңтүстік Осетиядағы жағдай қатты өзгеріп, ондағы мәліметтерге толық қол жету мүмкіндігі болмай отырғандықтан, дағдарысты бағалай алмауда.
Халықаралық Қызыл крест ұйымының өкілі Анна Шаафтың сөзіне қарағанда:
“Біздің топ жұма күннен бері Тбилисиден Оңтүстік Осетияға баруға тырысып келеді. Бірақ ол жерге қауіпсіздік себептеріне байланысты жету қиын болып отыр. Сондықтан, бізде ол жердегі гуманитарлық жағдай қандай екені туралы ешбір ақпарат жоқ. Бірақ біздің естіп жатқанымыздай, ол жерде өте күрделі жағдай қалыптасты және біз халық үшін алаңдап отырмыз”.
Цхинвалидегі бейбіт халық үшін бейбітшілік жоспарын сейсенбі күні Ресей президенті Дмитрий Медведев пен ЕуроОдақтың төрағалығындағы Франция президенті Николя Саркози бекітті. Бұл жоспар сондай-ақ Грузияның жікшіл аймағы Оңтүстік Осетияның келешек мәртебесі туралы да талқылайтын болады. Және тараптарды тез арада әскери әрекетті тоқтатып, Оңтүстік Осетияға гуманитарлық көмекке жол беруді талап етеді.
XS
SM
MD
LG