Accessibility links

Британдық Independent газеті Бораттың аузын біржолата жапқысы келеді


Арпалысқан аю мен от шашқан айдаhар: мұндай геосаяси ортада ресми Астана Еуропаның да мүддесін ескере ала ма?

Кавказдағы жағдайдың салдары Еуропаны әбден тығырыққа тіреген кейіпте: әсіресе энергия тапшылығы Брюсселді біраз әуреге салған түрі бар. Қалай дегенмен, бүгін Еуропа Ресей энергиясына тәуелді. Ал, көмірсутегі шикізатын жеткізудің балама жолдары бүгінгідей жағдайда көзден бұл-бұл ұшқан тәрізді. Бұл тұрғыда Батыс елдерінің бар үміті Қазақстанға тірелсе керек. Бұған дәлел ретінде британдық Independent басылымындағы көлемді мақаланы айтуға болады. Мақаланың айғайлап тұрған тақырыбы әйгілі сайқымазақ Бораттың образы Қазақстан мұнайын қоздыру ошағы дегенге саяды.

Басылым тілшісі Марк Лефтлидің репортажы Қазақстанның он жылдық тарихы бар жас астанасының архитектуралық ерекшеліктерін суреттеуден басталады. Тілшінің пайымдауынша, бұл тұрғыда бірден «Бәйтеректің» басына шыққан абзал, сонда көз алдыңызға керемет көрініс келе қалады: бір жағында алтын жалатылған екі биік ғимараттың арасына орналасқан көк мұнарлы президент сарайы; оның артын ала – көлемі бойынша Луврдағы нұсқасын үш орап әкететін әйнек пен металдан соққан пирамида; оның қарсысында транспорт және коммуникация министрлігінің аспандаған зеңгір үйі мен «ҚазМұнайГаздың» кең сарайлы кеңсесі орналасқан.

«Қазақстанның астанасы болғанына он жыл ғана толған Астана қаласына қош келіпсіңдер. Айбынды да, сәулетті, маңғаз қаланың эклектикалық архитектурасы баршаға бірдей ұнай қоймас, бірақ, егер кезінде Саша Барон Коэн Астанаға бас сұққан болса, онда Боратты мүлдем басқастан қарсы алған болар еді», - деп жазады Independent газетінің тілшісі. Шынында да, Астанаға сапар шеккен шетелдік қонақтардың көрген-білгені атышулы Борат жайындағы фильмнен мүлдем өзге. Алайда, британдық басылымдағы мақала бұл жайында емес.

«Қара алтынға ескерткіш» сипатындағы астананың жарқыраған мұнаралары геосаясат пен энергетикалық қор экспорты жайында сөз қозғаған аутор мақаласының ептеген ернеуі ғана.

Бір қарағанда, ел болашағы да Астананың маңғаз кейпінен кем түспеуі керек секілді: жер қойнауы шылқыған мұнай – қоры 40 миллиард баррель шамасында, елдің ЖІӨ көрсеткіші 100 миллиард доллардан асты, ал соңғы жылдардағы өсім 9,6 пайыз деңгейінде. Бұдан газ өндіру жоспары да қалыс қалмайды: мүмкіндік орасан-зор – газ өндіру 2015 жылға дейін 62 миллиард текше метрге жетуі тиіс. Бұл – былтырғы көрсеткіштен екі есе жоғары.

Дегенмен, ресми Кремлдің бұл аймақтағы өз тұғырын қамшылай түскен бүгінгідей жағдайда, яғни Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін Грузияға күштеп таңу оқиғасы орын алған қазіргі таңда көркем сурет жағдайы біртіндеп сөгіле бастайды.
Өткен аптада Астанада өткен үшінші Еуразиялық энергетикалық форум барысында талқыға салынған негізгі тақырып Батысқа энергия көздерін жеткізу мәселесін қамтыды. Өздерінің ресми сөздерінде ықпалды саясаткерлер мен танымал бизнесмендер Грузия жайында мәлімдеме жасаудан қашып баққанымен, форумның ішкі әңгімесі осы төңіректе өрбіді.

Қазақстанның сыртқы саяси бағыттарын дәл анықтайтын ескі қалжыңды ойға салған Shell компаниясы өкілеттігінің басшысы Кэмпбелл Кейр: «Таң ата ұйқысын ашқан қазақ алдымен Батысқа қарай көз тастайды: егер арпалысқан аюдың ырылы естілмесе, қазақ Шығысқа бет бұрады. От жалынды айдаһар сыр бермесе, қазақ орнынан көтеріліп, тұруға ыңғайланады», - деп әзілдейді.

Десек те, Еуропа елдерінің ресейлік энергия көздеріне тәуелділігі бүгінгі таңда үдей түскенін ескерсек, Ресейдің энергетикалық қорларына байланған Еуропалық Одақ ресми Кремль бұл жағдайды өзінің саяси ықпалын нығайтуға қолдануы мүмкін деген қаупін де жасырмайды. Бұл жайында өткен аптада Бакуде мәлім еткен АҚШ вице-президенті Дик Чейни Каспий аумағынан Еуропаға төте жол шығарып, Ресейді айналып өтетін құбыр салуды ұсынды.

Әлбетте, бұл арада Батыстағы серіктестер экспорттық балама жолдар жобасына Астанадан қолдау күтіп отыр.
«Еуропалық Одаққа Ресейдің жіті қадағалауындағы Қазақстан керек емес», - деп ашық айтылған мақалада.

Өз тарапынан Independent басылымының тілшісі, Қазақстанның мұнай индустриясында Ресей ықпалының арта түсуін қолдап отырған ықпалды тұлғалар аз емес дегенді де ескертеді. Бірақ Астанадағы конференция барысында Қазақстан билігі мен мұнай компаниялары ресми деңгейде бейтарап позиция ұстануға ден қойып, Батыс мемлекеттері мен компанияларының өкілдерін жайландырмақ болып біраз әрекет етті.

«Мұнай, газ және мұнай өнімдерін жаһандық тұрғыда жеткізуде өзінің халықаралық маңызы арта түскенін Қазақстан жақсы біліп отыр және де осы арада туындайтын халықаралық міндеттемелерді де жете түсінеді», - деп мәлімдеді Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Ал, Еуропалық комиссияның энергетика департаментінің өкілі Гарсия Поррас: «Еуропалық Одақ өз көршілерімен арадағы байланысты нығайта түспек. Біз энергетика көздерін жеткізуде қауіпсіздік шараларын арттыра түсуге мүдделіміз... Ресей үшін Еуропадан ығысып, аулақ қалмауы маңызды. Біз тасымалдау көздерін әр тараптандыруды күшейткіміз келеді», - деп барынша ашық айтты.

Кәрім Мәсімовтың энергия қорларын экспорттау барысындағы «көпвекторлық саясат» жөніндегі пікірін көпшілік ресми Астана мұнай өнімдерін жеткізудегі жаңа бағыттарға қатыспақ емеурін білдірді деп ұқты, ендеше бұл Қазақстанның Ресейдің саяси қысымына деген тәуелділігін бәсеңдете түседі деген сөз.

Алайда Еуропа Астанаға мейлінше тиімді жағдай ұсынып, тиімді шартпен қамтамасыз ете ала ма? Shell компаниясы өкілеттігінің басшысы Кэмпбелл Кейр: «Энергия қорларын Ресейге де, Еуропаға да жеткізу қазақтар үшін өте тиімді, бұл жайында сіздерге мәлім болуы керек» дегенді айтады.

Өткен аптада президент Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің болашағы өзара сабақтастық түрде өрби береді дегенді кезекті мәрте мәлім етті, өйткені Ресей «экономикалық және саяси тұрғыдағы қалыпты серіктес».

Мақала соңында британдық репортер тағы да Астананың көзге ілінер тұстарын еске салып: «Бәйтерек» Астананың бақыт символы болып табылады, мұндағы алтын түс – мықтылықтың белгісі, ал бұл күштің қайнар көзі – қазақстандық энергия қорлары. ЕуроОдақ пен АҚШ – бұл ел газ және мұнай өнімдерін бүкіл әлемге жеткізуді жалғастыра беретін тәуелсіз әлі пәрменді мемлекет болып қала береді деген сенімде», - деп жазады.

XS
SM
MD
LG