Accessibility links

“ҚазМұнайГаз” Түркияда зауыт салуды кейінге ысырды


Грузия президенті Михаил Саакашвили мен Түркия премьері Реджеп Эрдоган Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы түріктердің Жейхан портына мұнай тасымалдау мәселесін талдады. Тамыз, Тбилиси, Грузия.
Грузия президенті Михаил Саакашвили мен Түркия премьері Реджеп Эрдоган Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы түріктердің Жейхан портына мұнай тасымалдау мәселесін талдады. Тамыз, Тбилиси, Грузия.

Жейхан портында жылына 20 млн тонна шикізат өңдей алатын мұнай зауытын салу жобасының іске асуына ҚазМұнайГаз бен Әзірбайжанның SOCAR компаниясының тіл табыса алмауы себеп болған сияқты.

Жейхан портында мұнай өңдеу зауытын салу жоспары – көмірсутегі шикізатын тасымалдаумен қатар, өзге де ірі жобалар үшін аса маңызды рөл атқаруға тиіс. Сарапшылардың пікірінше, дәл Жейхан портында мұнай зауытын салу әрі тиімді, әрі үнемді. Оған ең алдымен теңіз портының өте сәтті орналасуы себеп.

Азаттыққа берген түсініктемесінде ҚазМұнайГаз-дың баспасөз-қызметінің жетекшісі Илья Пустогачев хабарлағандай, Иран, Әзірбайжан және Қазақстан мұнайы баратын Жейхан порты таяу келешекте алып мұнай хабына айналады, зауытты іске қосу 2012-2013 жылдарға жоспарланған.

Зауытта мұнай өнімдерінің сан-алуан түрі, И.Пустогачев тізіп келтіргеніндей, оның ішінде октаны жоғары жағар-жанармайдың барлық түрі, мазут, дизель отыны, авиация керосині және полиэтилен, полипропилен сынды мұнай өнімдері өндіріледі.

Қазір Жейхан портына шикізат Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен тасымалданады. Жоба бойынша бұл құбырмен жылына 50 млн тонна шикізат тасымалдануға тиіс. Сонымен қатар Түркия үкіметі жобалық қуаты жылына тағы 50 млн тонна шикізат тасымалдайтын басқа құбыр – Самсун-Жейхан мұнай желісін тартуды жоспарлап отыр.

Оған қоса теңіз портына таяу келешекте Ираннан Киркук-Жейхан мұнай құбырымен де шикізат келе бастауы ықтимал. Бұл құбырмен жылына 70 миллион тонна мұнай айдауға болады.

Жалпы таяу болашақта Жейхан портының аумағында жылына бас-аяғы 170 млн тоннаға жуық шикізат тасымалдайтын ірі 3 мұнай желісі тоғысады. Бұл – жылына 150 млн тонна қара алтын қабылдайтын әлемдегі ең ірі теңіз порты саналатын Роттердамнан да асады.

Жейхан портына мұнай өңдеу зауытын салу жобасын ҚазМұнайГаз ұсынып келді. Оған бірінші себеп – порт өте қолайлы жерге орналасқан – жыл бойы күн ашық, жел жоқ. ҚазМұнайГаз компаниясының баспасөз-хатшысы Илья Пустогачев мәлімдегендей, Жейхан – ашық порт және оған бүкіл жыл бойы теңіз кемелерінің кез-келген түрі тоқтап, мұнай арта алады.

Екіншіден, жағар-жанармай өнімдеріне деген сұраныс, оның ішінде Түркияның өз ішінде өте жоғары. Қазір Түркияға мұнай өңдеуші қуатты зауыт ауадай қажет. Оның қазіргі ішкі сұранысы жылына 32 миллион тонна.

Жейхан портында мұнай өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру үшін ҚазМұнайГаз компаниясы Үндістанның Oil India, түріктердің Calik Enerji және Италияның Eni компанияларымен бірге консорциум құрды.

Әзірбайжанның мемлекеттік SOCAR компаниясы да жобаға қосылу ниетін білдіріп, тіпті өзінің консорциумын құрып үлгерді.

ҚазМұнайГаз-дың баспасөз-хатшысы И.Пустогачевтің айтуынша, мұнай өңдеу зауытын салу жобасына Ресейдің бірқатар ірі мұнай компаниясы да шақырылып отыр, яғни келешекте Жейхан портына орыс мұнайының да келуі әбден мүмкін.

Алайда бірқатар қазақстандық басылымының мәліметіне қарағанда, жобаны жүзеге асыруға бір емес, бірнеше фактор бөгет жасап тұр. Біріншісі – жер мәселесі.

Бос жатқан жер теліміне “Жейхан” деп аталатын мұнай өңдеу зауытын салу қолға алына бастаған сәтте, пысықай кәсіпкер осы жер телімін дереу сатып алып, оның бағасын аспандатып көтеріп жіберген.

Ол жердің бір жартысы Түркия үкіметінің меншігінде, екінші жартысы жеке меншікке сатылған. Алайда нақ осы меншік иелері жеріне тым көп ақша сұрап жатқан көрінеді. Жердің құны жалпы жобаның да бағасын тым қымбаттатып жібереді.

Зауыттың іске қосылуына аса мүдделі түрік үкіметі бұл проблеманы шешуге міндеттеніп отыр. Өйткені, зауыт шығаратын 20 миллион тонна мұнай өнімдерінің 50 пайызы Түркияда қалады.

Бірақ, зауыт құрылысына бөгет болып тұрған одан да зор тағы бір проблема бар. ҚазМұнайГаз-ға “Жейхан” жобасын іске асыру үшін Әзірбайжанның консорциумға 5-інші әріптес болып кіргені өте маңызды. Алайда, Әзірбайжан жағы консорциумның құрамында тіпті басқаларды көргісі келеді.

Азаттыққа берген түсініктемесінде ҚазМұнайГаз-дың өкілі И.Пустогачев Әзірбайжан жағымен келіспеушілік туып отырғанын растады. Оның хабарлауынша, Әзірбайжан жағымен келісімге келе алмағанын ұлттық компанияның президенті Қайыргелді Қабылдиннің өзі мәлімдеген.

И.Пустогачевтің сөзінен қарағанда, жобаны іске асыруға қандайда бір кедергі бола қалса, оны екіжақты келіссөз арқылы шешуге болады. Қазір ҚазМұнайГаз бен Әзірбайжанның мемлекеттік SOCAR компаниясының арасында келіссөз өтіп жатыр.

И.Пустогачев ұлттық компанияның Грузиядағы Батуми портында мұнай өңдеу зауытын салу жобасының тағдырына байланысты әзірше ештеңе айта алмайтынын мойындап, алдағы аптада толық мәлімет беруге міндеттенді. Демек, Азаттық радиосы бұл тақырыпқа алдағы аптада қайта оралады.

Ал сәрсенбі күні Интерфакс-Қазақстан агенттігі таратқан хабарға қарағанда, ҚазМұнайГаз бен ТұранӘлемБанк Грузиядағы шығындарын есептеп жатыр.

Өткен сейсенбі күні Алматыда Орта Азиядағы “Ренессанс капитал” инвестициялық компаниясының сараптама бөлімінің директоры Гайрат Сәлімов хабарлағандай, Грузияға Қазақстаннан 2 млрд долларға жуық инвестиция жұмсалған, оның ішінде 800 млн долларға жақын қаржыны ТұранӘлемБанк, жарты млрд долларға жуық инвестицияны ҚазМұнайГаз бөлген.

Бірақ, ҚазМұнайГаз-дың баспасөз-хатшысы И.Пустогачев бұл хабарды растамады. Оның айтуынша, ұлттық компания тікелей шығынға батпаған. Әйткенмен, Әзірбайжанның Батуми порты арқылы экспорттайтын мұнайының көлемін қысқартуынан шығын кетуі мүмкін.

Ал ҚазМұнайГаз Батуми порты арқылы мұнай тасымалын Грузиядағы жанжалдың салдарынан уақытша кідірткенімен, қазір мұнай экспорты бұрынғы кестесіне сай қайта жалғасты.
XS
SM
MD
LG