Accessibility links

Қазақстан: 7 жылға кешіккен 3 жылдық бюджет


Ораз Жандосов "Нағыз "Ақ жол" партиясындағы өзінің саяси үзеңгілесі Алтынбек Сәрсенбайұлын жерлеу рәсімінде сөйлеп тұр. Ақпан, 2006 жыл. Алматы.
Ораз Жандосов "Нағыз "Ақ жол" партиясындағы өзінің саяси үзеңгілесі Алтынбек Сәрсенбайұлын жерлеу рәсімінде сөйлеп тұр. Ақпан, 2006 жыл. Алматы.

Ресей өткен жылы 3 жылға арналған федералдық бюджетін қабылдады. 1 жыл кешігіп Қазақстан да 2009-2011 жылдардың 3 жылдық бюджеттің жобасын әзірлеп ұсынды.

Бір қарағанда, Қазақстан солтүстік алып көрішісінің басып кеткен ізімен келе жатыр. Ал шындығына келгенде Қазақстан үкіметі 3 жылдық бюджетке өтуді 7 жыл бұрын жоспарлапты.

Бір жылдық бюджеттен бірден 3 жылға арналған мемлекеттік бюджетке көшуді Қазақстан үкіметі сонау 2001 жылы жоспарлап үлгеріпті. Мұндай маңызды жайт Азаттық радиосына күтпеген жерден мәлім болды.

Ол жайт өткен аптада ғана парламенттің қарауына түскен 3 жылдық бюджеттің жобасына тәуелсіз де бейтарап түсініктеме алу үшін белгілі экономист, қаржыгер Ораз Жандосовпен хабарласқанымызда анықталды.

О.Жандосов 2001 жылы республиканың қаржы-бюджет саласын қадағалайтын вице-премьері болатын. 3 жылдық бюджетке көшу өзінің үкіметте отырған кезінде жоспарланғанын мойындауға Ораз мырза тіпті ұялғандай болды.

2001 жылдың қарашасында “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық қозғалысын құрған бір топ үкімет мүшесі, оның ішінде О.Жандосов президенттің жарлығымен қызметтерінен босатылды.

Бәлкім, сол жылы жоспарланған ең алғашқы 3 жылдық бюджеттің жобасы парламентке 2008 жылдың қыркүйегінде, яғни 7 жыл кешігіп жетуіне Ораз Жандосов бастаған жас реформаторлар тобының үкіметтен кетуі себеп болуы әбден мүмкін.

Осы жерде 1 жылдық бюджеттен 3 жылдыққа көшудің қажеті қанша? 3 жылдық бюджеттің қандай артықшылығы немесе кемшілігі бар? –деген заңды сауалдар туады.

Ораз Жандосовтың түсіндіруінше, ондай құжаттың артықшылығы – ұзақ мерзімге бағытталған тұрақтандыру бағдарламаларын жоспарлауға мүмкіндік береді және мемлекеттік мекемелердің ол бағдарламаларды іске асыруға бағытталған іс-қимылын нақтылап береді.

“Бірақ, -деп атап көрсетті тәуелсіз экономист, - 3 жылдық бюджеттің проблемасы да содан туады. Атап айтқанда, бюджеттің бақылаушысы болып табылатын министрліктердің деңгейінде 3 жылдық кезеңге арналған бюджет бағдарламаларын, оның жекелеген тарауларын өте сапалы, өте мұқият әзірлейдің қажеттігі пайда болады”.

Егер министрліктердің деңгейіндегі есептер онша сапалы болмаса, онда бюджет тұтас бюджет болмаса да, оның басым бөлігі 3 жылдық кезеңде қарқынды орындалмай, іс жүзінде тұралап қалады.

Ал О.Жандосов айтып өткендей, кемшілігі де бар, бірақ артықшылығы көп 3 жылдық бюджет жобасының дүниеге 7 жыл кешігіп келуінің себептеріне келсек, оның кем дегенде өте маңызды 3 себебі бар.

Солардың бірі - Қазақстан үкіметінің көбіне ешбір негізсіз жиі ауысуы, екіншісі – жаңа үкіметтің алдыңғы үкімет бастап кеткен маңызды экономикалық реформаларды немесе жоспарлаған сан-алуан бағдарламасын іліп алып жалғастырмауы, басқаша айтқанда - алдыңғы және кейінгі үкіметтердің іс-қимылдарындағы сабақтастықтың болмауы.

Мысалға, соңғы 2001 жылдың қарашасынан бері Қазақстанда 4 үкімет ауысты – Қ.Тоқаевтың, И.Тасмағамбетовтың, Д.Ахметовтің үкіметтері кетіп, соңғы 1,5-2 жылда К.Мәсімовтің үкіметі отыр.

Президент Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа жолдауында республиканың әрбір кезекті үкіметіне үйіп-төгіп тапсырма береді. Үкімет ол тапсырмалар бойынша қаншама бағдарлама әзірлеп, қабылдайды. Алайда, ол бағдарламаларын іске асырып үлгермейді, шындығын айтса – орындауға құлықты да емес, жаңа үкімет оларды жалғастыруға мүдделі емес.

Мүдделі еместігі және үшінші маңызды себебі – атқарушы билік, яғни үкімет парламенттің алдында есеп бермейді, қарапайым тілмен айтқанда үкімет өзінің іс-қимылы үшін ешқандай жауапкершілікті сезінбейді, ал мемлекет басшысы өзі жүктеген тапсырмаларының орындалмағаны үшін ешбір үкіметті жазаға тартып көрген емес.

Үкіметтің жиі ауысуынан ұлттық экономикаға кесірі болмаса, пайдасы жоқтығын президенттің өзі де жақсы білсе керек. Экономиканың дамуы тежеліп, бағалар мен тарифтердің және инфляцияның тоқтаусыз өсуіне байланысты К.Мәсімовтің үкіметіне қарсы өткір де заңды сындардың айтылуына қарамастан, Н.Назарбаев оны таратуға асықпай келеді.

Бірақ, елдегі тәуелсіз басылымдар мен саяси сарапшылардың болжауы бойынша, бұл үкіметтің күні де ұзаққа бармайды. Дегенмен де, жаңа 3 жылдық бюджет қабылданбай, К.Мәсімовтің үкіметі әлі отыратын тәрізді.

Ал ұлт тарихындағы тұңғыш 3 жылдық бюджет жобасының тұсаукесері, 7 жылға кешіксе де, парламентте 11 қыркүйек күні болып өтті. Мәжілісте жоба бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды.

3 жылдық бюджеттің жобасы – жалғыз билік партиясынан сайланған парламентте көп талас-тартыс туғыза қоюы екіталай. Өйткені, жобаны ұсынған үкімет төрағасы мен мүшелері де “Нұр Отанның” мүшелері.

Алайда, қазақ қоғамында 3 жылдық бюджет төңірегінде қызу пікірталас шығуы әбден мүмкін.

Демек Азатық радиосы бұл тақырыпқа қайта оралатын болады.
XS
SM
MD
LG