Accessibility links

Қазақ тілі мемлекеттік дәрежеге көтерілер емес


Мемлекеттік тілді қолдау митингісі, Алматы, 21 қыркүйек, 2008 жыл
Мемлекеттік тілді қолдау митингісі, Алматы, 21 қыркүйек, 2008 жыл

Қыркүйектің 22-сі ҚР-ның мемлекеттік тіл күні. Осыдан 19 жыл бұрын Қазақ ССР-інде «Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.

Қыркүйектің 22-сі ҚР-сының мемлекеттік тіл күні. Осыдан 19 жыл бұрын Қазақ ССР-інде «Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.
Ақын Танакөз Толқынқызы адамның өз ана тілін меңгеру-меңгермеуі отбасынан басталады деп есептейді. Сондықтан ол балаларын әу бастан-ақ қазақ балабақшаларына беруді мақсат етіпті:
- Бізде ұлтты тәрбиелегісі келетін, бірақ өз балаларын тәрбиелей алмаған зиялы қауым өкілдері көп. Көбісінің балалары өз ана тілін білмейді. Ал ана тілін білмеген адамда міндетті түрде ол ұлттың менталитетіне, салт-дәстүріне іштей қарсылығы болып тұрады. Сол тілді менсінбеу, сол тілде сөйлей алмағаннан кейін ол тілдің мәдениетін қор санау сезімі бәрібір болады. Мен мемлекетті тәрбиелемей-ақ қояйын, бірақ ең бірінші, өзімнің екі баламды ана тілімен сусындату басты міндетім деп білем.
Жыл сайын мемлекеттік тілге арнап республика көлемінде түрлі шаралар өтеді. Әйтсе де, еш нәтиже болмағанына жазушы Смағұл Елубай күйінеді:

- Мемлекеттік тіл туралы дербес Заң қабылдануы керек еді. Өкінішке қарай , ол Заң біздің естуімізше, Әділет министрлігінен әрі өтпей жатқан көрінеді. Президенттің алдына әлі бармай жатыр. Одан кейін 4 жыл болды қақсағанымызға. Түркияда мемлекеттік тілде 52 арна сайрап тұр. Ал, Қазақстанда бірде-бір арна тәулік бойы қазақ тілінде сөйлемейді.
Үкімет талай бағдарлама қабылдады, бірнеше облыс іс қағаздарын мемлекеттік тілге аударды. Алматы қаласындағы мекемелердің 60 пайызы мемлекеттік тілге көшті деді. Бірақ, бұның бәрі шындап келгенде, мемлекеттің мемлекеттік тілді көтеруге шындап кіріспегенін көрсетіп отыр.
Десек те, қазақ тілінің болашағын жарқын елестететін мамандар да бар. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филолог-ғалым Анар Фазылжанова билікке емес, қазақ тілінің мүмкіндігіне сенетінін айтады:
- Қазақ тілі «әлсіз, жоғалатын тіл, тұтынушысы жоқ» дегендей қорқынышты жағдайда емес. Мың да бір шүкір, қазақ тілінің әлемдегі тілдер арасындағы орнына қарасақ, ол әлеуетті, салауатты тілдерге жатады. Осыған дейін қаншама саяси-отарлауды бастан кешірсе де, тіліміз өз бойындағы тазалығын мүмкіндігінше сақтап қалды. Қазақ тілі қазіргі уақыттағы қиындықтардан аман-есен өтеді деп ойлаймын.
Қазақ тілі қайтсе дамиды? Студент Жанболат Мамайдың пікірінше, қазақша сайттарды көбейту арқылы қазақ тілін дамытуға болады. Әзірше, қазақ тілді интернет оқырмандары үшін ғаламтор жүйесінде мүмкіндіктер аз. Бұл үлкен тосқауыл дейді,- Жанболат:
- Қазір интернетті қосып қарасаңыз, барлығы орыс тілінде. Мыңдаған оқырмандары бар Википедияны алыңыз. Бірде-бір қазақша бетті таба алмайсыз. Бұл нені білдіреді? Қазақ тілінің жанашырларының аз екендігін білдіреді. Егер қазақша сайттар көп болса, жан- жақтан жамырап қазақ тілінде сөйлесіп жатсақ, қолданыстағы тіл дамиды емес пе?!
Соңғы рет мемлекеттік тіл туралы заң 1997 жылы қабылданды. Мамандар заңда мемлекеттік тілдің қазақ тілі екені көрсетілгенімен, іс жүзінде оның ресми тілдің көлеңкесінде қалып қойғандығын айтып отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG