Accessibility links

Бұдан 15 жыл бұрын не болып еді?


Руслан Хазбулатов
Руслан Хазбулатов

Борис Ельцин осыдан 15 жыл бұрын Ресей парламентін атқылауға бұйрық берген болатын.

Руслан Хазбулатов 1991 жылдан 1993 жылға дейін Ресей Федерациясы Жоғарғы кеңесінің төрағасы міндетін атқарған болатын. Ресей парламенті және атқарушы билік өкілдерінің сол кездегі Ресей президенті Борис Ельцинмен теке-тіресінің соңы Ельциннің парламент үйін танктен атқылауға бұйрық беруіне жалғасқан еді.

Сөз болып отырған сол 1993 жылдың 4-і қазаны күні Мәскеудің қақ төріндегі парламент үйі оқ пен оттың астында қалды. Ал күннің соңына қарай төраға Руслан Хазбулатов пен президенттің орынбасары Александр Руцкой тұтқындалған болатын.

Содан кейін Ельцин жаңа парламент сайлауын өткізіп, ол парламенттің жаңа құрамы жұмысына кірісіп кеткен еді.

Ресей президенті іле-шала халықтық референдум өткізіп, жаңа Конституция қабылданғаны белгілі. Ол бойынша президентке кең тұрғыдағы билік берілген еді.

Хазбулатов пен Руцкой түрмеден 1994 жылы босатылған болатын.

Бұдан 15 жыл бұрын орын алған осы оқиғаға байланысты Хазбулатов өз ойын ортаға салған еді.

Оның айтуынша, сол кездегі парламент Ресей тарихындағы ең демократиялық парламент болған. Ресей федерациясы халық депутаттарының 1990 жылғы парламентке сайлануы коммунистік жүйемен керемет тайталасты жағдайда өтті дейді бұрынғы төраға.

“Ол кезде Ресей қоғамы романтикалық үміттер құшағында еді. Әрине біз елімізді жақсылыққа қарай бұра аламыз деп сендік”,- дейді Хазбулатов.

Сондай-ақ 1990 жылдың тамызында Горбачевқа қарсы жасалған ГКЧП-ны басу үшін парламент ғаламат істер атқарды дейді ол.

“Сонымен бірге қысқа уақыт ішінде реформаларға бет бұрып, социализмнен капитализмге алып барған 250-ден аса маңызды заңдарды қабылдадық. Ол заңдар қазіргі Ресей мемлекетінің негізін қалады. Президент Борис Ельцин қабылдатқан ауторитарлық Конституция болса қазірге дейін сынға ұшырауда”, дейді бұрынғы төраға.

Сонымен осыдан 15 жыл бұрынғы парламент үйін танкімен атқылау нәтижесінде парламенттік демократия күйреді деген қорытынды жасауда Хазбулатов.

Оның айтуынша, бұл оқиғаның салдары Шешенстандағы, Кавказдағы шексіз соғыстарға алып келді. “10, 17 жылға созылған бұл соғыстар кесірінен қандай қоғам қалыптасты?”-деп сауал тастайды Хазбулатов.

“Парламентті күйрету Ресей қоғамы мен ондағы ұйымдарға, елдің басшыларының әрекеттеріне кері әсерін тигізді. Өкінішке орай бұл мәселелер Батысқа белгілі емес. Тіпті Ресей қоғамының өз ішінде де бұл жөнінде айтпауға тырысады”,-деп ой түйеді бұрынғы төраға.

Бұл айтылған пікірлер- Руслан Хазбулатовтың жеке көзқарасы. Демек Азаттық радиосының бағыты деп түсінілмегені абзал.
XS
SM
MD
LG