Accessibility links

Қазақстан: Әкімдерді ауыстыру астарына үңілсек


Қазақстан президентінің республика астанасындағы Ақорда сарайы. Астана қаласы, Қазақстан.
Қазақстан президентінің республика астанасындағы Ақорда сарайы. Астана қаласы, Қазақстан.

Нью-Йорктегі БҰҰ-ның кезекті Бас Ассамблеясында дүниежүзіндегі АҚШ, Франция сынды жетекші елдердің президенттері сөз сөйледі. Ұлттар Ұйымының биылғы Бас Ассамблеясына қатыспаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел аймақтарын аралап, кадрлық мәселелерді шешуге кірісіп кетті.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына мемлекет басшысының орнына сыртқы істер министрі Марат Тажин қатысып, Азаттық радиосына министрліктің баспасөз-хатшысы Ильяс Омаров Нью-Йорктен телефон арқылы хабарлағандай, министр өткен жексенбі күні Қазақстанның атынан сөз сөйледі.

Ильяс Омаровтың түсіндіруінше, Бас Ассамблеяға кімді жіберетінін әр елдің өзі шешеді. Мысалға, Ресей мен Германияның атынан сыртқы істер министрлері Сергей Лавров пен Франк-Вальтер Штайнмайэр қатысып сөз сөйледі.

Ал президент Н.Назарбаев өткен аптаның соңында және осы аптаның басында республиканың бірқатар облысын аралап жүр.

Оның ішінде сейсенбі күні мемлекет басшысы Павлодар облыстық маслихатының сессиясына тікелей өзі қатысып, облыстың жаңа әкімін таныстырды.

Президент облыстың жаңа әкімі етіп премьер-министр кеңсесін басқарып келген Бақытжан Сағынтаевты тағайындады.

Қазақстандағы бүкіл мемлекеттік билік бір өзінің қолында шоғырланған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстық маслихаттың сессиясына қатысып, жаңа облыс әкімдерін тікелей өзінің таныстыруы өте-мөте сирек болатын оқиға. Сондықтан да болар, Елбасының облыстарды аралауына баспасөз құралдары айрықша назар аударып отыр.

Мысалға, өзінің ресми биліктегі ақпарат көзіне сілтеме жасаған ҚазТАГ ақпарат агенттігінің “Н.Назарбаев бұл облысқа Қанат Бозымбаевты тағайындайды” деген жорамалы ақталмады.

Тағы да сол ҚазТАГ-тің хабарлауынша, қыркүйектің соңғы күні түстен кейін Президент Шығыс-Қазақстан облысына баруға тиіс болатын.

Бұл жерде тағы бір саяси жорамалға тоқтала кеткен маңызды. Белгілі “Республика” апталығының интернет-үлгісінде Дулат Мұсатаев деген автор “Реинкарнация среднего зятя” немесе сөзбе-сөз қазақшалағанда – “Ортаншы күйеу баланың қайта тірілуі” айдарымен берілген мақаласында Ақорда дәліздеріндегі түрлі қауесетті шолып шығады.

Қазақстанда маңызы бар деген кез-келген шешімді, оның ішінде түрлі деңгейдегі билік өкілдерін тек президенттің тағайындайтыны және мемлекет басшысының ондай шешімді тіпті өзінің ең жақын үзеңгілестерінен де жабық қабылдайтыны құпия емес.

Сондықтан да Қазақстанның саяси сарапшылары мен баспасөз құралдары қайсыбір маңызды мәселе бойынша қашан және қандай шешім қабылданатынын Ақорданың дәліздерін кезіп жүретін қауесеттер мен өсек-аяңдарға құлақ түре жүріп жоруға, болжауға мәжбүр болады. Ал ондай қауесеттер кейде расталып жатса, енді бірде ҚазТАГ-тың жоғарыда келтірген болжамы сияқты ақталмайды.

Ал енді “Республика” апталығы келтірген сондай қауесеттің біріне қайта оралсақ, Дулат Мұсатаевтың жазуына қарағанда, “Қазақстан темір жолы” компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Құлекеевтің қылмыстық ісі бойынша сот процесінің тығырыққа тірелуі “суға батпайтын, отқа жанбайтын” шенеунектердің бірден-бірі болып келген Сарыбай Қалмырзаевтың қызмет бабына теріс әсер етуі мүмкін. Жұрттың сөзіне қарағанда, оны Шығыс Қазақстан облысының әкімі етіп жіберу жоспарланыпты. Алып-қашпа әңгімелерге қарағанда, Сарыбай мырза ол жақтан өзіне дейінгі бір әкімнің “бұрыс” жолына түсуі мүмкін.

Егер біріншіден ҚазТАГ-тің хабары расталып, президент Нұрсұлтан Назарбаев Павлодардан тікелей Өскеменге аттанса, ал екіншіден – “Республика” апталығы келтірген Ақорда сарайының дәліздерінде кезіп жүрген көп қауесеттің бірі растала қалса, онда Өскеменде дереу облыстық маслихаттың кезектен тыс сессиясы шақырылып, Елбасы облыстың жаңа әкімін таныстыруы мүмкін.

Соңғы 2-3 жылдың ішінде 3 басшысы ауысып үлгерген Шығыс Қазақстан облысында әкімдер тұрақтамады. Бұл облысқа әкім болып тағайындалу – көп жылдан бері президенттің жақын маңайында жүрген және оның ең сенімді үзеңгілесі саналатын Сарыбай Қалмырзаев сынды тұлғалар үшін “ауыр жаза” болып есептелсе керек.

Кезінде Иосиф Сталиннің сенімін ақтамаған үзеңгілестері шетелге елшілікке аттанатыны тарихтан жақсы мәлім, осыған ұқсас үрдіс тәуелсіз Қазақстанда да бар екені рас, ал ендігі жерде әлденеден "мүлт" кеткен шенеуніктің Шығыс Қазақстанға әкім болып тағайындалатын жаңа “дәстүр” қалыптаса бастаған тәрізді...
XS
SM
MD
LG