Шағым иесі аталған басылымның 2008 жылғы наурыздың 6-сы күні жарық көрген мақалада автор «қозғалысқа тіл тигізіп, менің атыма жала жапты» деп мәлімдеді.
Қазақстандағы «Азат» қозғалысының төрағасы Хасен Қожа-Ахмет осы ұйымның атауын Болат Әбіловтың басқаруындағы партия «тартып алды» деп есептейді:
- "Нағыз Ақжолмыз" деп жүргендер біздің қозғалыстың атын тартып алды. Сөйте тұра Ермұрат Бапи өз мақаласында атқа таласып жүрген біз секілді етіп көрсеткен, «Азат» қозғалысына, оның мүшелеріне, тарихына тіл тигізген.
«Ермұрат Бапи сол мақаламызды сотқа берсең де баспаймын деп отыр, - деді Хасен Қожа-Ахмет. - Бізде басқа амал қалмады».
«Тасжарғанға» және оның Бас оқырманы деп жазылатын Ермұрат Бапиға қарсы Медеу аудандық сотына берген шағымында Х.Қожа-Ахмет «азаматтық қозғалыс пен оның төрағасының ар-ожданы аяққа тапталғандығын» атап көрсеткен. Алайда Ермұрат Бапи шағым мазмұнымен тіпті келіспейді:
- Оның жұмысы Аспаптар мұражайында. Мақалада мұражай туралы ештеме айтылмаған. «Азат» қозғалысы 90-шы жылдардың аяғынан бері тіркеуде жоқ болса, ол қайта тіркеуден өтпесе, қалай біз жоқ дүниеге нұқсан келтіреміз? Қозғалыс тіркеуде бар болатын болса Үкімет «Азат» партиясын тіркемес еді ғой.
- Биліктің газеті баяғыдан-ақ бір нәрсені қате басып қойса, онысын артынша теріске шығарушы еді. Ал «демократшылдармыз» деп жүрген бұлар отты тұтандырып жібереді де, артық мақала жазсаң жарияламайды, - деді ол.
Ал Ермұрат Бапи редакцияға түскен материалдардың бәрін бірдей газетке баса алмайтындығын айтып, одан қалды Хасен Қожа-Ахметті сотқа шағымдануға біреу айдап салып отыр деп күдіктенетіндігін жеткізді: «Көктемде шыққан дүниені қазан айында сотқа беруіне қарағанда оны біреу айдап салып отыр деген тұжырымға келіп отырмын».
Әрине, сотқа шағымданушы Хасен Қожа-Ахмет бұл пікірмен тіпті келіспейді: «Ол біреудің саяси тапсырмасын орындап маған тиіскен болады. Оған қарсы жауап жазған мен біреудің саяси тапсырмасын орындаған боламын...»
Мақала төңірегіндегі шағымға қатысты алғашқы сот отырысы қазанның 22-і күні өтті, келесі сот мәжілісі қазанның 31-не белгіленді.