Британдық ВВС хабар тарату қызметінің тілшісі Райхан Демитри әлемдік экономикалық дағдарыстың салдары Қазақстан жұртшылығына қалай тиіп отырғаны жайында баяндайды.
Тілші кейіпкерлерінің бірі өз баспанасынан айрылып қалып, ипотеканың құрбанына айналған 23 жастағы алматылық Мәншүк Ахметжанова.
«Біз ескі үйімізді саттық, орнына жаңа, жақсырақ үй алғымыз келген. Біз еліміздің экономикасына, жарнамаға сеніп қалдық, қазір үмітіміз ақталмай отыр, өйткені бізде ештеңе қалған жоқ»., — дейді Мәншүк.
«Ахметжанова — құрылысы тұрғызылмаған үйді ипотекалық несиемен сатып алған мыңдаған қазақтың бірі», — дейді ВВС тілшісі. Қазақстандағы қарқынды құрылыс кезінде елде баспанаға сұраныстың көптігі байқалды. Бірақ қазақстандық банктерде несие дағдарысы біліне бастағаннан бері банкрот қаупіндегі көптеген құрылыс компаниялары қаржы тарту үшін күресуде».
«Басқаларға қарағанда, Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан құрылыс саласы мен сыртқы қарыздарға тәуелді», — дейді Казкоммерцбанктің басшысы Андрей Тимченко. — Бұл екі қаржы көзіне де қауіп төніп тұр. Қаржының кері қайтарылуы жаңа басталғанда біз қиындықты бірінші сездіндік.»
Дағдарыс сауда саласын да тұралатты. Алматы көшелеріндегі экономикалық өсудің басты белгісі ретінде шетелдіктердің көзіне түсетін қымбат машиналардың да саудасы тоқтады.
«Өткен жылы осындай уақытта біз 200 машина сатқанбыз, биыл 100-ін ғана саттық», — дейді BMW-нің Алматыдағы өкілдігінің коммерциялық кеңесшісі Константин Быков.
Сұраныс тек жаңа машина сияқты қымбат тауарларға ғана төмендеген жоқ. «Қара базардағы сатушылардың айтуынша, тіпті Қытайда әзірленген арзан тұтыну тауарларының өзіне сұраныс күрт кеміп кеткен», — делінген ВВС ақпаратында.
Қазақстандық дағдарыс барлық аймақтың экономикасына кері әсер етеді. «Қазақстандағы экономикалық өсудің тежелуі оның көршілеріне де сезілді. Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның еңбек мигранттары Қазақстаннан табатын кездейсоқ табыстарына тәуелді», — деген ақпарат береді ВВС.
Мұның кесірінен Қазақстаннан көрші елдерге кететін қаржы көздері сарқылып, ол елдердегі жалдамалы жұмысшылардың отбасылары тіршілік көзінен айырылады.