Американдықтар АҚШ тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылатын жаппай халықтық сайлауға қатысуда. Сауалнамалар Демократиялық партияның кандидаты Барак Обаманың республикандық кандидат Джон МакКейнге қарағанда халықтың қолдауына көбірек ие болғанын көрсетті.
Жергілікті қалалық кеңестердің, губернаторлық билік пен заң шығарушы орган және АҚШ Конгресінің кандидаттары да дауысқа түскенімен, нағыз бәсекелестік АҚШ президенттігі үшін демократ Барак Обама мен республикандық Джон МакКейн арасында болмақ.
Президенттік сайлауда жеңіске жету үшін үміткер АҚШ Сайлау алқасының 538 мүшесінің кем дегенде 270-інің қолдауына ие болуы шарт. Сондай-ақ сайлаушылар Өкілдер палатасының барлық 435 мүшесін және Сенатқа мүше болатын 35 үміткерді таңдауы тиіс.
Сайлауда берілген алғашқы дауыстардан-ақ сенатор Барак Обаманың қарсыласы МакКейннен 7 пайызға алда келе жатқанын көрсетті. 1960 жылдан бері президенттік сайлауға бірінші болып қатысатын Нью-Хэмпширдегі Диксвилль Нотч қаласындағы дауыс берулердің нәтижесінде, Барак Обама 15 дауыс жинаса, МакКейн 6 дауыс қана алды. Ал тәуелсіз кандидат Ральф Надер еш дауыс алмады.
Сөйтіп, 1968 жылдан бері бұл аймақ бірінші рет Демократтарға басымдық қолдау білдірді.
Дүйсенбі күні сайлау науқанының соңғы сағаттарында өзінің қолдаушылармен кездескен Барак Обама сейсенбі күнгі сайлауды тарихи деп атады:
“Ертең сіздер тек сайлауда жеңіске жету үшін екіге бөлінген - аймақ пен аймақты, қала мен қаланы, республикандықтар мен демократтарды бір-біріне қарсы қойған саясатты тоқтата аласыздар. Ертеңгі бұл тарихи сәтте сіздер әр біріңіз елге қажетті өзгерістерді жасай аласыздар”.
Егер Барак Обама президент болып сайланса, ол АҚШ-тың бірінші қара нәсілді президенті болмақ.
Ал өзінің туған штаты Аризонадағы қолдаушыларымен дүйсенбі күні кешкісін кездескенде МакКейн шерудегілерге өзін артта қалдырған дауыстарға мән бермеңдер деді:
“Көптеген сауалнамалар осыған дейін де жасалғандай бізді есептен алып тастады. Және менің қарсыласым Обама Ақ үйге дайындала бастады. Сіз білесіз, бәлкім олар білмес, бірақ мен қайтадан осындамын және біз осы сайлауда жеңіске жетпекшіміз”.
Американ халқы ел президентін тікелей сайлай алмайтыны мәлім, ел президенті 538 мүшесі бар Сайлау алқасының даусымен анықталады, жеңімпазды әрбір штат пен Вашингтоннан алынған жекелеген 51 дауыс беру нәтижесі анықтайтын болады.
Обама мен МакКейн арасындағы бәсекелестік алты штатта қызу өтетінін көрсетіп отыр. Ол штаттар Флорида, Индиана, Огайо, Миссури, Невада және Солтүстік Каролина болуда.
Қазіргі кезде МакКейн мен Обаманың мыңдаған ерікті қолдаушылары өз кандидатына көбірек дауыс жинау үшін үй-үйді аралап, дауыс берушілерді көлікпен сайлау учаскелеріне жеткізуді қолға алған.
Миллиондаған сайлаушы даусын беріп, өз таңдауларын жасап үлгерді. Дүйсенбі күні 30 штаттан 29 млн. сайлаушы алдын-ала дауыс беруге қатысқан. Бұл көрсеткіш 2004 жылғы көрсеткіштен 22 пайызға жоғары болып шықты. Осы жылы көптеген американдық бірінші рет дауыс беру үшін тіркелген. Ресми деректерге қарағанда, дауыс беру үшін алғаш болып тіркелгендер 1920 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш -73,5 процентке жеткен.
Сонымен бұл жолғы сайлауға қатысушылар аса белсенді болып отыр. Алғашқы дауыс беруге келгендер кезекті күтіп ұзақ отырып қалғандығы айтылып, осы жолғы елдің дауыс беру жүйесі бұрынғы барлық рекордттық көрсеткіштерді жаңартады деп күтіліп отыр. Соңғы дауыс берулер Аляска штатында сәрсенбі күні Астана уақыты бойынша түскі сағат 12-де аяқталады. Сондай-ақ дауыс беруге аса көп адам жиналып, олар үлгермей жатса дауыс беру уақыты тағы да созылуы мүмкін.