Сонымен американдықтар сейсенбі күні АҚШ тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып табылатын жаппай халықтық сайлауға қатысады.
Жергілікті қалалық кеңестердің, губернаторлық билік пен заң шығарушы орган және АҚШ Конгресінің кандидаттары да дауысқа түскенімен, нағыз бәсекелестік АҚШ президенттігі үшін демократ Барак Обама мен республикандық Джон МакКейн арасында болмақ.
Бірқатар штаттарда алдын-ала сайлаулар бірнеше күн бойы жүрді. Ресмилердің айтуынша, көп жерлерде сайлауға келушілер саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Онда дауыс беру құқына ие сайлаушылардың үштен бірі қарашаның 4-де дауыс беру ресми басталғанға дейін өз таңдауларын жасап қояды деп күтіліп отыр.
АҚШ Конституциясы қазіргі президент Джордж Бушқа үшінші мәрте сайлауға түсуге жол бермейді. Вице-президент Дик Чейни сайлауға түспеді. Бұл 1928 жылдан бері Ақ үйдегі билік басындағы президенттің де, оның вице-президентінің де кандидат ретінде сайлауға түспей отырған бірінші жағдайы.
Демократиялық партияның кандидаты, Иллинойс штатынан сайланған сенатор 47 жасар Барак Обама егер сайланса, елдің бірінші қара нәсілді президенті болмақ. Ал 72 жастағы Джон МакКейн Аризона штатынан ұзақ жылдар сенатор болған республикандық кандидат.
Бүгінгі таңда екі бірдей соғыс пен үлкен экономикалық дағдарысты бастан кешіп отырған Құрама Штаттардың бұл сайлауындағы жетістік жоғары бола қоймауы мүмкін делініп отыр.
АҚШ-тың президенттік сайлау жүйесінде жеңімпаз - сайлаушылардың даусымен емес, Сайлау алқасында қанша дауыс алғанымен анықталады. Мәселен біздің Вашингтондағы тілшіміз Хизер Махердің айтуынша:
“Сайлау алқасы барлығы 50 штаттан жиналған 538 өкілден құралған. Әрбір штаттың Сайлау алқасындағы дауыстарының саны сол штаттың Вашингтонға жіберген Конгрестегі мүшелерінің санымен тең болады. Және ол көбіне халықтың санына негізделеді. Мәселен, халқы ең көп штат - Калифорнияның Конгресте 55 мүшесі, Сайлау алқасында 55 даусы бар”.
Сонымен қатар халықтың саны көп басқа да штаттардың қатарына сайлау даусы 34 болатын Техас, 31 дауыспен Нью-Йорк, Флорида 27, Пенсильвания 21 сайлау даусымен кіреді.
Ал тұрғыны өте аз Аляска штатының Конгресте 3 мүшесі болғандықтан, оның 3 даусы ғана бар.
Бұл мәселеге Азаттықтың талдаушысы Хизер Махер былай деп тоқталады:
“Мәселен, егер Обама Калифорниядағы жалпы халықтық сайлауда 51 пайыз дауыс жинаса, ол Калифорнияның арнайы сайлаушыларының барлық 55 даусын алады. Сол себепті бәсеке АҚШ-тың жалпы халықтық сайлауында қарапайым сайлаушылардың көбірек даусын алудан гөрі негізгі штаттарда басымдықпен жеңуінде болып отыр”- дейді талдаушы.
Бұл арада кандидаттар әртүрлі стратегиямен әрекет ете алады. Яғни тек үлкен штаттардың бірен-саранына ғана назар аударып немесе арнайы сайлаушының дауыстарын біріктіру үшін халқының саны көп кішкентай деген штаттарға басты назарын негіздей алады.
Басты назарға алынатын, бәсекелі болады деген штаттар жайында Хизер Махер:
“Осы жылы ондай штаттар қатарына Флорида, Огайо, Вирджиния, Солтүстік Каролина және Миссури кіреді. Егер ол штаттар Демократтарға сенсе, Обама жеңіске жеңетініне сенімді болады. Егер сенбесе, жеңіс күмәнді болады. Негізінде Сайлау алқасының жүйесі - президенттіктен үміткер халықтың даусын қарсыласына қарағанда көбірек алғанымен де сайлауда жеңіске жете алмайды дегенді білдіреді. Мұндай жағдай 2000 жылы демократ Альберт Гор мен республикандық Джордж Буш арасындағы бәсекеде болған. Бушқа қарағанда 543 мың дауыс жинаған Гордың қолдаушылары көп болғанымен, Буш Сайлау алқасындағы арнайы сайлаушылардың 271 даусын алып, сонымен жеңіске жетті”.
Қарашаның 4-де Құрама Штаттарда президенттік сайлау ғана өтпейді. Сонымен қатар 435 орындық Өкілдер палатасы да қайта сайланады.