Accessibility links

Қырғызстан үкіметі Азаттық радиосын әуеге шығармай отыр


Азат Еуропа / Азаттық радиосының хабар тарату бойынша басшысы Джулия Рагона (ортада) Бішкектегі баспасөз маслихаты барысында. Желтоқсан, 2008 жыл.
Азат Еуропа / Азаттық радиосының хабар тарату бойынша басшысы Джулия Рагона (ортада) Бішкектегі баспасөз маслихаты барысында. Желтоқсан, 2008 жыл.

Қырғызстан үкіметі Азат Еуропа / Азаттық радиосы Қырғыз редакциясының бағдарламаларын алдын-ала тексеруді талап етуде. Азаттық радиосының қырғыз тіліндегі хабарлары Қырғызстанда эфирге шығарылмай отыр.

Қырғызстанның ұлттық теледидар мен радио корпорациясының басшысы Меліс Ешімхановтың мәлімдеуінше, Азаттық радиосының бағдарламаларында Қырғыз үкіметі туралы тым көп сыни және теріс хабарлар беріледі.

Бұл туралы ол желтоқсанның 15-де Бішкекте Азаттық радиосы мен АҚШ-тың халықаралық телерадиохабарлар таратуын бақылайтын мекемесінің ресмилерімен кездесуінен кейін айтты. Азаттық радиосының өкілдері Қырғызстанға радионың жағдайын талқылауға келген болатын.

Қырғыз үкіметімен арадағы келіссөздерден кейін баспасөз маслихатын өткізген Азат Еуропа / Азаттық радиосының хабар тарату бойынша менеджері Джулия Рагона ресми Бишкекке қайрылып, қырғыз қызметінің бағдарламаларын әуеге шығаруға шақырды.

“Біз Қырғызстанды басқа жерде айтылмауы мүмкін ақпарат және жаңалықтармен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бұл мәселелер шешілгенде, біз хабар таратуды жалғастыра алатынымызды мақтан тұтамыз және ол үшін біз қуаныштымыз”, - дейді Джулия Рагона.

Қазанның 8-не дейін Азаттықтың телерадио бағдарламаларын Қырғызстан халқының шамамен жартысы тыңдайтын немесе тамашалайтын. Азаттық радиосының қырғыз қызметі күн сайын радиодан 3 сағаттық хабар таратады және теледидардан екі апталық бағдарлама әзірлейді. Оның бірі “Ыңғайсыз сұрақтар”, ал екіншісі “Азаттық Плюс” деп аталады.

Желтоқсанның 6-да Қырғызстан билік орындары Азаттық хабарларының әуеден алынып тасталғанын алғашқы рет мойындады. Олардың айтуынша, Азат Еуропа / Азаттық радиосы келісім-шартты бұзғандықтан радионың бағдарламалары тоқтатылған.

Қырғыз билігі Би-Би-Си корпорациясының қырғыз қызметі де уақытша тоқтатылды деп жариялаған болатын. Желтоқсанның 12-де Би-Би-Си қайта әуе толқындарына шығарылды.

Меліс Ешімхановтың айтуынша, Қырғызстан Азаттық радиосымен арадағы осы жылдың аяғында аяқталатын қазіргі келісім-шартты орындамайды. Үкімет ресмилерінің Азаттық бағдарламаларын алдын-ала тыңдауға мүмкіндігі болмайынша, Азаттық радиосы әуеге шығарылмайды, деді Меліс Ешімханов. Ол сондай-ақ Азаттық радиосын эфирге шығармау жөніндегі шешімнің артында Қырғызстанның ықпалды тұлғалары тұр деп атап көрсетті.

Азат Еуропа / Азаттық радиосының президенті Джеффри Гедминнің мәлімдеуінше, бұл әрекет Азаттық радиосын Совет одағы ыдырағалы бері алғашқы рет тек қысқа толқындарға өтуге мәжбүрлеуі мүмкін. Қысқа тоқындардағы хабарлар желтоқсанның 16-да басталды.

“Реформа жүргізудеміз деп тырысатын аймақтағы бұл елден біз көп нәрсені күткен едік”, - деді Джеффри Гедмин.

АҚШ-тың халықаралық телерадиохабарлар таратуын бақылайтын BBG өкілі Джеффри Хиршберг ұсынылып отырған мұндай цензуралық шарттарды қабылдауға болмайды деп мәлімдеді.

Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қырғызстан билігін Азаттық радиосы мен Би-Би-Си бағдарламаларын қайта әуеге шығаруға шақырды.

Осы ұйымның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Миклош Харасти бұл радиолардың екеуі де “қырғыз халқына ақпарат тарататын абыройлы қоғамдық қызмет бұлағы болып табылады” және “олардың тоқтатылуы плюрализмді жояды” деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG