Оспан батырдың өмірбаянын зерттеп, ол туралы жинақ шығарған журналист Жәди Шәкенұлының айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткеннен кейін Совет одағына Оспанның пайдасынан гөрі зияны көбірек тиетін болды, сондықтан оны әлсірету үшін өз ықпалынан шықпайтын билікке мүдделі еді.
ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ, «ҮШ АЙМАҚ» ЖӘНЕ ГОМИНДАН
– Совет өкіметі өз қажеттілігі үшін 1944 жылы Әлихан төренің басшылығында Шығыс Түркістан үкіметін құрды. Шын мәнісінде ол мемлекет дәрежесіндегі, республика деңгейіндегі үлкен үкімет болып құрылған, – дейді Жәди Шәкенұлы.
Оспан батыр 1945 жылы қыркүйекте осы үкіметтің құрамында Алтай аймағының губернаторы болып тағайындалды.
Совет үкiметi алғашқыда Оспан батырды қолдағанмен, Шығыс Түркiстан деген атаудан үрікті. Шығыс Түркiстан мемлекетiнiң атын кейiн «Үш аймақ» үкiметi деп өзгерттi.
Бірақ, Жәди Шәкенұлының пікірінше, жаңа үкіметтің саясатын Оспан батыр бірден аңғарады:
– Ол үкіметтің елін, жерін шынайы қорғаудан гөрі Совет одағының сойылын соға бастағанын білгеннен кейін одан бас тартып, ең үлкен жауына
Солдан оңға қарай: Оспан батыр, маршал Чойбалсан және Совет одағының өкілі И.Иванов. Қытай, 1945 жыл
айналады.Бұл үкіметтен көңілі қалған Оспан батыр 1946 жылы Гоминданшыл қытайлармен де одақтасып, жеріне, еліне төніп келе жатқан қызылдардың қызыл тасқынынан сақтануды мақсат етеді.
ОСПАН БАТЫР МЕН ДӘЛЕЛХАН СҮГІРБАЕВ
«Совет одағының Қытайда өз сойылын соғатын, Оспанға қарсы тұратын күштер ретінде қалдырған екі кісісі болды. Оның бірі – Ахметжан Қасыми, екіншісі Дәлелхан Сүгірбаев» дейді Жәди Шәкенұлы:
– Шығыс Түркістан үкіметін құру қарсаңында Совет одағының көптен адамдары ашық және жасырын түрде Шыңжаңға көптеп кірді. Соның бірі Оспанның қолына кірген Дәлелхан Сүгірбаев болатын. 1941-1943 жылдары Алматы қаласында арнайы саяси тәжірибеден өткен, советтік империяның тәрбиесін тікелей қабылдаған Дәлелхан Сүгірбаев «Шыңғыстайдағы түрмеден қашып шықтым, Чойбалсан бастаған моңғол үкіметінің қолдауымен жеттім» деп, 1943 жылы Өр Алтайда төңкеріс бастап жатқан Оспан батырдың қолына барып қосылады. Оспан батырдың бір шешесі шеруші болғандықтан, «нағашымның ауылының баласы екен» деп, Дәлелханды жанына жақын тартады.
«Совет одағының жаулығымен, советтің шекпенінен шыққан Дәлелхан Оспанның көзін құртуға жанын сала кіріседі. Сөйтіп 1946 жылы екеуінің арасында күрес ушыға түседі. Оспан Дәлелханның ұлт-азаттық күрес бағытынан бет бұрып, басқа жаққа бет алып бара жатқанын бетіне басады» дейді сұхбаттасымыз:
Осыдан кейін Дәлелхан бастаған Шығыс Түркістан армиясы мен Оспан басқарған ұлт азаттық қозғалыс арасында қарулы қақтығыс басталды. Дәлелхан 1947 жылы жеңіліп, Жеменей арқылы Қазақстанға өтіп кетіп, сол жылы қазанның ортасында Бақтының тұсынан Шыңжаңға қайтадан өтіп, Совет одағынан жасақталған армияны бастап кіреді. Оған жергілікті жерден жасақталған партизандық армияны қосады. Қалың қосын Алтайға барып, бейбіт ауылды шауып, жүздеген адамды – бала-шағаны, шал-шауқанды қырып кетеді.
1946-1948 жылдары Оспан батыр мен Дәлелхан Сүгірбаев бірнеше рет соғысты. «Үш аймақ» әскерiнiң қолбасшылары Совет үкiметiнде әскери оқу оқыған азаматтар болғандықтан және озық қару-жарақпен қамтамасыз етiлгендiктен, Оспан батырға табанды қарсылық көрсетедi. Бiрде Оспан батыр, бiрде «Үш аймақ» әскерi жеңді. Оспан батыр 1949 жылы өз әскерiн шығыстағы Баркөл-Құмылға қарай шегiндiрдi.
Алайда осы шақта Оспан батырға шығыстан тағы бiр үлкен майдан ашылды. 1949 жылы Қытайдың ұлттық армиясы Үрімжіге кіріп, Шыңжаңда Қытай коммунистік партиясының билігін орнатты. Оспан батыр енді жаңа үкіметпен соғысуға мәжбүр болды.
Ал Дәлелхан Сүгірбаев Шығыс Түркістан Республикасының басқа бірнеше басшысымен бірге 1949 жылғы тамыздың 27-сінде ұшақ апатынан көз жұмды делінеді.
ОСПАН БАТЫРДЫҢ ҚАЗАСЫ
Оспан батыр 1950 жылы өз жұртын Ганьсу аймағындағы Қанамбал тауына көшiрiп, сол жақта қыстап шығуды ойлады. Қытай әскері оны осы маңда, Қайзы деген жерде 1951 жылы ақпанның 19-ы күні қолға түсірді.
Оспан батырды Үрімжіге әкелген соң «Үш аймақ» өкілдерінің тергеуіне берген.
– «Жаңа» «үш аймақшылардың» өлке орталығындағы жөн сілтеушісі Бұрһан Шахиди болса, нақты жұмысқа жауаптанып, төменгі мен жоғары арасында қызмет атқарушылардың басы-қасында Сәйпиден Әзези болды. 1949 жылы желтоқсанда Сәйпиденмен бірге, қытай коммунистік партиясына бірінші мүше болып кірген қазақтардан Жағда Бабалықұлы, Әнуар Жакулин, Пәтіхан Сүгірбаев секілді «үш аймақ» белсенділері болды. Әнуар Жакулин – Үрімжі аймақтық партия комитетінің мүшесі, Пәтіхан Сүгірбаев – өлкелік халық үкіметінің жорасы, Жағда Бабалық – өлкелік әскери соттың төрағасының орынбасар, әрі өлкелік партия мектебі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Жаңадан қатарға қосылған қызылшыл топ өздері сенген қытай қызылдарына белсене жұмыс атқарумен бірге, «банды қазақтарды» қудалау, ұстау және тергеу-жазалау жағында да аса белсенділік танытты, - дейді сұқбаттасымыз.
Азаттық радиосы Оспан батырды тергеуге қатысы бар көзі тірі куәгерлердің біріне хабарласқанымен, балалары әкелерімен бұл тақырыпта сөйлестіруден үзілді-кесілді бас тартты.
– Оспан батыр өлер шағында тергеуге берген жауабында: «Сендер мені қандай қылмысты деп танысаңдар, сондай қылмыстымын. Өз жауларыммен шайқасқан кезде қытай, орыс, моңғол деп бөлген жоқпын. Кім менің діліме, дініме, жеріме, еліме тиіссе – сол менің жауым болды. Ол күресімнен ешқашан бас тартпаймын. Маған көрсететін ең ауыр жазаларыңа дайынмын» деп жауап берген, – дейді Оспан батыр туралы деректерді жинап, кітап шығарған журналист Жәди Шәкенұлы.
Оспан батырды 1951 жылы сәуірдің 29-ы күні Үрімжіде атты. Оның үлкен ұлы Шердиман әкесінің сүйегін 1953 жылы 12 ақпанда ғана алып, Алтайдың Көктоғай ауданына апарып мұсылманша жерледі.
Оспан батыр көз жұмған соң оған ерген жасақтың да тоз-тозы шықты.
Оспан жайлы деректер Батыс баспасөзі беттерінде ерте жариялана бастады. 1956 жылы Лондонда жарық көрген «Kazakh Exodus» («Қазақ босқыншылығы») деген кітаптың авторы Годфри Лайас «Оспан батыр осыдан бес-алты ғасыр бұрын туғанда Мөңке, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір сияқты даңқы қолбасшы болар еді» деп жазды.
Ал Қазақстанда соңғы жылдары Оспан батыр туралы бірнеше кітап құрастырылып, көркем шығармалар жазылды. Жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Сергелдең» романында Оспан дәстүршіл, консервативті тұлға ретінде суреттеледі. Батырдың өмірі мен күресі туралы қарама-қарсы пікірлер де ел арасында жиі айтылады.
ОСПАН БАТЫРДЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
Оспан батырдың артында төрт ұлы қалған. Батырдың Алматыда тұратын немересі Өркенбек Нәбиұлының айтуынша:
– Үлкен ұлы Шердиман Оспан батыр атылғаннан кейін де қарауындағы әскерлерін бастап, бағынбай жүрген. Кейін 1952 жылы қыркүйекте үкіметпен келісімге келу арқылы қару тапсырып бағынған. Одан кейін Алтай аймақтық ауыл шаруашылығы мекемесінің орынбасары болған. Кейін Іле облыстық саяси мәслихаттың орынбасары болып қызмет атқарған. Қытайдағы он жылдық мәдени революция кезінде түрмеде өлтірілген.
Оспан батырдың екінші ұлы Нығметолла Алтай аймақтық саяси кеңестің мүшесі болған. Кейін ол кісі де он жылдық мәдени революция кезінде жарақат алып, жарымжан болып, денесі салданып, ұрып-соғудан қайтыс болған.
– Үшінші ұлы, менің әкем Нәби он жылдық төңкеріс кезінде күрес обьектісі деп алынып, қалпақ кигізіліп, он жыл жұмысқа салынған. 1980-жылдары ақталып шығып, Қытайдың Алтай аймағы Көктоғай ауданында 2000 жылы ауырып қайтыс болған, – дейді Өркенбек Нәбиұлы.
Өркенбек Нәбиұлының айтуынша, Оспан батырдың кенже ұлы Әмақтың көзі тірі, әулетімен бірге Алтайдың Көктоғай ауданында Күрті деген ауылында тұрады.
Шердиманның ұрпақтарының бәрі Қытайдың Құлжа қаласында, Нығметолланың балалары Алтайдың Көктоғай ауданындағы Өндірқара деген жерде. Нәбидің тұқым-жұрағаты да осы Көктоғай ауданында тұрады.
«Мінген атым көк еді, Көздің жасын төгеді. Оспан батыр бар болса, Айтатыным көп еді» (Бүркітбай батырдың «Ой, Қайша» әнінен) деген елдің есінде Оспан Сіләмұлының есімі көшпелі қазақ тарихындағы ең соңғы батыр ретінде қалды.