Accessibility links

Алаш үшін басын бәйгеге тіккен Оспан батыр


Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің даңқты қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлы.
Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің даңқты қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлы.

1940-1951 жылдары аралығында Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің даңқты қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлының туғанына 2009 жылы 110 жыл толды. Батырдың ұрпақтары бұл атаулы датаны республикалық деңгейде атап өтпекке талпынып жатыр.

ОСПАН БАТЫР БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІС ЖЕТЕ ЗЕРТТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Іле, Алтай, Тарбағатай сияқты үш аймақты толық қамтыған Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің тұтануына сол кезде Шыңжаңды билеп тұрған Шың Жы Сайдың совет өкіметінің қазақ халқының ұлт зиялыларын толықтай қырып жіберген 1937-1938 жылдардағы репрессиясын Шығыс Түркістанда кеңінен қолданып, ондағы қазақтардың бас көтерер зиялыларын жаппай түрмеге тоғытып, атуы себеп болған дейді тарихи дерек көздері.

1939-1940 жылдары ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Есімхан, Ырысхан сынды батырлардың бастаған көтерілісін Оспан батыр жалғап әкеткен. Шығыс Түркістанда 11 жылға созылған ұлт-азаттық көтеріліс Қазақстанда болған Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбет, Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінің заңды жалғасы еді дейді Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына қарасты «Атажұрт» баспасының бас редакторы, жазушы Жәди Шәкен. Оның айтуынша, Оспан батыр қолбасшылық жасаған көтерілісін совет өкіметі, Моңғол өкіметі, Қытай сияқты елдер өз мүдделеріне пайдаланған.

- Оспан батыр бастаған көтерілісшілерді коммунистік Қытай, гоминдаңшыл Қытай, моңғол өкіметі, Совет одағы сияқты ірі күштердің өзара қақтығысы мен саяси ойындарының құрбаны деуге болады. Оның үстіне, совет өкіметі арнайы дайындап Шығыс Түркістанға жіберген совет әскерилерінің де көтеріліс барысына әсер етуі немесе кері әсерін тигізуі және Оспанға бірнеше рет қастандық жасау - осының бәрі әлі күнге зерттелмей келе жатыр, - деді Жәди Шәкен.

Жәди Шәкеннің сөзіне қарағанда, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісі тарихының Қазақстан үшін әлі де болса, жат дүние ретінде қарастырылып келе жатқандығы Қазақстандағы қазіргі биліктің Совет өкіметінің «сара жолынан» таймауы кері әсерін тигізіп отыр. Оның ойынша, қазіргі биліктегі көптеген тұлғалар советтік түсінікпен өмір сүріп, ұлт идеясы, ұлтшылдық деген қасиетті ұғымдарға үрке қарайды.

«АЛАШ ҮШІН БАСЫН БӘЙГЕГЕ ТІККЕН ЕР»

2009 жылы Түркияда тұратын ғалым Әбдуақап Қара Оспан батырдың қарулас серіктерінің бірі болған Нұрғожай батырдың жазып қалдырған естелігін «Азаттықтың өшпес рухы» деген атпен кітап етіп шығарған болатын. Әбдуақап Қараның пікірінше, Оспан батырдың тоғыз жансерігінің бірі болған Нұрғожай батырдың көзімен көріп, басынан кешкен нақты тарихи деректерге толы естелігін басты назарға ала отырып, қытай тарихшылары Оспан батыр туралы көзқарасты өзгертетін уақыт жетті дейді.

- Оспан батыр көтеріліске араласпай тұрғанда, Есімхан, Ырысхан бастаған батырлар орыстардың бірнеше генералдарын атып тастаған екен. Кейін өзара бітімге келгеннен кейін орыстар генералдарының сүйегін сұраған екен. Сонда Ырысхан атамыз: «Сіздер, біздің көсемдеріміз Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды қайраткерлерді атып тастадыңыздар. Сіздер, бізге солардың сүйегін қайтарып берсеңіздер біз сіздерге генералдарыңыздың сүйегін береміз», - депті. Сонда орыстың Баймурзин деген консулы бұған жауап бере алмай кетіп қалыпты. Бұл Алаш қозғалысы мен Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының арасында рухани сабақтастық болғандығының дәлелі, - деді Әбдуақап Қара.

Ғалымның айтуынша, Нұрғожай батырдың туыстары батырдың жазып кеткен естелігін Қазақстанның орталық мұрағатына беруге бейілді.

Ал, Оспан батырмен қатар жүріп, ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасында жүрген батырдың балалары Шердиман, Нығметолла, Нәби үшеуі Оспан батыр 1951 жылы Қытай өкіметі тарапынан тұтқындалғаннан кейін Қытай өкіметімен 11 тармақты келісімге келіп, қалыпты тіршілік ете бастаған. Алайда, Қытайда болған «Мәдени төңкеріс» кезінде оларға «бандының құйыршығы» деген айдар тағылып қудалауға түседі.

Шердиман түрмеде азаптан көз жұмса, Нығметолла мен Нәби ауыр жұмыстан көз ашпағандықтан аурудан қайтыс болған. Өркенбек Нәбиұлының айтуынша, Оспанның көзі тірі ұрпақтарының Қазақстанға қоныс аудармақ ниеттері бар екен, бірақ, Қытай өкіметі құжаттар рәсімдеуді түрлі сылтаулармен шегеріп келеді екен. Оның айтуына қарағанда, өзі бастаған батырдың немере, шөберелерінің біразы Қазақстанға келіп, оқып жатқан көрінеді.

Оспан батыр Сіләмұлының туғанына 110 жыл толуына орай Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Оспан батыр атындағы халықаралық қор Алматыда ағымдағы жылдың 12 қарашасында ғылыми конференция ұйымдастырмақ. Ал, Оспан батыр атындағы халықаралық қордың жетекшісі, батырдың немересі Өркенбек Нәбиұлы Оспан батырдың 110 жылдығына байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне арнайы хат дайындап, ендігі кезекте республикалық деңгейде осы жылдың қазан-қараша айларында іс-шаралар өткізбек ниетте екендерін айтады.

1951 жылы Қытай өкіметі Оспан батыр Сіләмұлын қылмыскер деп тауып, сот үкімімен атып өлтірді.
XS
SM
MD
LG