Accessibility links

Нұрлан Ысқақов 4 жылға, орынбасарлары шартты мерзімге сотталды


Қазақстан экология министрлігінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығару кезінде.
Қазақстан экология министрлігінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығару кезінде.

Сот экология министрлігінің бұрынғы басшыларының ісінде қылмыстық құрам болған деп тапты. Бұрынғы министр Нұрлан Ысқақов 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Оның бұрынғы орынбасарлары Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсенбаев шартты жазаға кесілді.

Қазақстан экология министрлігінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі қараған Астананың Есіл аудандық сотының судьясы Ерлан Тасыров жұма күні өз үкімін жария етті.

Сот экс-министр Нұрлан Ысқақовты Қылмыстық кодекстің 307 бабының 4 бөлігі бойынша айыпты деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын жалпы тәртіптегі қамау мекемесінде өтейді. Сондай-ақ Нұрлан Ысқақовқа 5 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды.

Бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақов пен орынбасары болған Әлжан Бралиев айыптау қорытындысын тыңдап тұр. Астана, 15 қазан, 2009 жыл.
Сот үкімімен бұрынғы вице-министр Әлжан Брәлиев 2 жыл мерзімге шартты жазаға кесілді. Сот оған екі жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салды.

Сол секілді тағы бір бұрынғы вице-министр Зейнолла Сәрсенбаевқа 3 жыл шартты жаза тағайындалды. Сот шешіміне сәйкес, ол да 3 жыл бойы мемлекеттік қызметке тағайындалу құқығынан айырылды.

Осы іс бойынша тергеу басталғалы бері қамауда болған Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсенбаев үкім оқылып біткен соң сот залынан бостандыққа шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ал бұл іс бойынша ең ұзақ жаза «Меркурий Плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғановқа шығарылды. Сот оны алты жыл мерзімге бас еркіндігінен айырып, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге үкім етті. Сонымен бірге оның жеке мүлкі тәркіленетін болды.

Сот Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Меркурий плюс» компаниясына берген талабын ішінара қанағаттандырып, компаниядан мемлекет есебіне 875 миллион теңгені және баж алымы есебінде 26 миллион теңге қаржыны өндіріп алуға кесім жасады.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшылары жемқорлық қылмыс бойынша айыпталған болатын. Үкім шыққан соң Нұрлан Ысқаков сот залында журналистерге үкіммен өзінің келіспейтіндігін айтып, апелляциялық шағым жазатынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG